ҚЫСТЫҚ САЛАТТЫ қызылша қосып дайындаңыз

0
3 328

Өте дәмді, ұнамауы мүмкін емес.


ҚЫСТЫҚ САЛАТТЫ қызылша қосып дайындаңыз

"Қыстың қамын жаз ойла" дегендей, "банка жабуды" бастап кеттіңіздер ме? Әлі де қандай салат жабарын білмей отырғандар болса, қызылша қосылған мына салаттарды дайындап көріңіздер.


Қызылша мен қызанақ қосылған ерекше салат

Қажетті өнімдер:

  • 4 кг қызылша
  • 1,5 кг қызанақ
  • 0,6 кг болгар бұрышы
  • 0,5 кг пияз
  • 0,5 кг сәбіз
  • 200 гр. сарымсақ
  • 1,5 стақан өсімдік майы
  • 200 мл 9%-дық сірке су
  • 200 гр. қант
  • 60 гр. тұз
  • 1 дана ащы қызыл бұрыш.

Дайындалу тәсілі:

  1. Қызылшаны жуып, қабығын аршып, орташа үккіштен өткіземіз. Сәбізді де дәл солай өткізу керек.
  2. Қызанақтарды жуып, еттартқыштан өткіземіз. Болгар бұрышын ұзыншалап турап, пиязды текшелеп тураған дұрыс. Сарымсақтың қабығын аршып, арнайы езгіштен өткіземіз.
  3. Үлкенірек кастрөлге немесе қазанға өсімдік майын құйып, пиязды салып қуырамыз. Біраз қуырылған соң болгар бұрышы мен сәбізді саламыз. 2-3 минут қуырылуы керек.
  4. Содан соң үккіштен өткізілген қызылшаны салып, жақсылап араластырамыз. Сосын қазанның қақпағын жауып, 5 минуттай бұқтырамыз.
  5. Соңында еттартқыштан өткізілген қызанақ езбесін құйып, сарымсақты, ащы бұрышты, тұз бен қантты, сірке суын құю керек. Салатты тағы бір араластырып, қақпағын жабамыз да, 40-45 минут қайнатамыз.
  6. Енді салатты стерилденген банкаларға құйып, жауып ала беруге болады. Банкалардың сыртынан матамен орап, суыған соң салқын жерге қоямыз.


Қызылша мен болгар бұрышы қосылған салат



Қажетті өнімдер:

  • 3 кг қызылша
  • 1 кг болгар бұрышы
  • 1 кг пияз
  • 1 стақан су
  • 0,5 стақан қант
  • 130-150 мл сірке су
  • 1 стақан өсімдік майы
  • 2 ас қасық тұз
  • 2 шай қасық хмели-сунели дәмдеуіші

Дайындалу тәсілі:

  1. Қызылшаны жуып, суға салып піскенше қайнатамыз. Піскен қызылшаны сүзіп алып, суыту керек. Қабығын аршып, үккіштен өткіземіз.
  2. Пияздың да қабығын аршып, жұқалап тураймыз. Қазанға өсімдік майын құйып, қыздырып, пиязды салып қуырамыз.
  3. Болгар бұрышын жуып, ұзыншалап тураймыз. Туралған болгар бұрышын да қазанға салып, барлығын бірге қуырамыз. 5-6 минуттан соң қазанға суды құйып, сірке суын, тұз, қант саламыз.
  4. Барлығын араластырып, жай отта 10 минуттай бұқтырамыз. Көкөністерге қызылшаны салып, дәмдеуіштерді қосамыз. Сосын тағы да 10 минут бұқтыру керек.
  5. Содан соң стерилденген банкаларға салатты салып, қайнаған қақпақтарды жауып бұраймыз. Сыртынан матамен орап, суыған соң салқын жерде сақтаймыз.

Дайындаған: Қ.Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Тәбеташар ӨРІЛГЕН пирогтар мәзірі


Қияр қосылған ӨТЕ ДӘМДІ үш салат


ЧУПА-ЧУПСке не қосылатынын білесіз бе?