МАЙОНЕЗ қосылмаған салаттар ЖАҢА ЖЫЛДА дастарханыңызды жайнатады

0
7 581

​Жаңа жыл дастарханының сәні салаттар екені даусыз. Әсіресе майонез қосылмаған салаттар дастарханыңызды аша түседі.


МАЙОНЕЗ қосылмаған салаттар ЖАҢА ЖЫЛДА дастарханыңызды жайнатады

Жаңа жылдық мереке әр отбасында жыл сайын тойланады. Оған бей-жай қарамай барлығымыз да барынша дайындаламыз. Себебі мол жайылған дастархан көңіл-күйді көтеріп, мерекенің одан әрі жандануына әсер етеді. Сондықтан да дастархан мәзіріне айтарлықтай көңіл бөлген дұрыс.


Балық қосылған ерекше салат


Қажетті өнімдер:

  • 1 банка консервіленген тунец
  • 6-7 пекин қырыққабатының жапырағы
  • 7-10 дана бөдене жұмыртқасы
  • 150 гр. ақ нан
  • 100 гр. ірімшік
  • 3 ас қасық зәйтүн майы
  • 2 ас қасық лимон шырыны
  • 1 тіс сарымсақ
  • 50 гр. пармезан ірімшігі
  • Бұрыштар, тұз қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Салаттың дәмді шығуы үшін нанды өз қоыңызбен кептіргеніңіз дұрыс. Ол үшін нанды майдалап турап, пешке салып, 150-160 градуста ұстайсыз. Арасында 2-3 рет қозғап қоюды ұмытпаңыз.
  2. Енді салатқа қосылатын тұздықты әзірлейік. Зәйтүн майы мен лимон шырынын, аралас бұрышты, сығылған сарымсақ пен тұзды бір ыдысқа салып, араластыру керек.
  3. Қырыққабатты ірілеп тураған дұрыс.
  4. Табаққа қырыққабатты салып, оған тұздықты құйыңыз да жақсылап араластырыңыз. Содан соң қырыққабатты арнайы салат салатын тәрелкеге саласыз.
  5. Ірімшікті майда әрі текше етіп тураңыз. Оның үстіне жұқалап қырыққабатты саласыз. Балықтың майын төгіп тастап, оны да салыңыз.
  6. Кептірілген нанға тұздықтың қалғанын құйып, араластырып, хош иісті нанды да салатқа қосасыз.
  7. Келесі қабатқа қайнатылған бөдене жұмыртқасын жайғастырыңыз. Ол үшін жұмыртқаны ортасынан бөлесіз. Ал, салаттың ең бетіне үккіштен өткізілген пармезан ірімшігін салыңыз. Сонда өте әдемі салат дайын болады.


Тауық еті мен алмұрт қосылған салат



Қажетті өнімдер:

  • 200 гр. тауық еті
  • 1-2 дана алмұрт
  • 1-2 дана қызыл пияз
  • 1 ас қасық зәйтүн майы
  • 2 шай қасық лимон шырыны
  • 1 шай қасық ірі қыша
  • 2 шым-шым тауық етіне арналған дәмдеуіш
  • Дәміне қарай тұз, бұрыш қосылады.

Дайындалу тәсілі:

  1. Ең алдымен тауық етін жуып, сыртқы жылтыр қабығын алып тастау керек. Сосын асханалық арнайы балғамен ұрғылап, тұз, бұрыш, дәмдеуіштерді себелейсіз.
  2. Осы етті енді құрғақ табаға салып, қызарта қуыру керек. Қуырылған етті табадан алып, суытып қоямыз.
  3. Алмұртты да тазалап жуып, төрт бөлікке бөлеміз де дәндерінен тазартамыз. Сосын тіліктеп тураймыз. Тәрелкеге жайып салып, бетіне лимон шырынын себелейміз.
  4. Пиязды аршып, жуамыз да, жұқалап тураймыз. Сөйтіп пияздың жартысын алмұрттың бетіне себелеп саламыз.
  5. Суыған тауық етін ұзыншалап турап, оны да тәрелкеге салыңыз. Соңында қызыл пияздың қалғанын бетіне саласыз.
  6. Енді тұздықты дайындаймыз. Қышаны, зәйтүн майы мен лимон шырынын араластырып, осы тұздықты салатқа құямыз. Дайын салатты дастарханға ұсына беруге болады.


Тауық еті мен анар қосылған СУПЕР салат



Қажетті өнімдер:

  • Қайнатылған тауықтың төс еті
  • 1 дана анар
  • 1 дана пияз
  • 50 гр. грек жаңғағы
  • 1 ас қасық лимон шырыны
  • 1 бума ақжелкен
  • Тұз, бұрыш, өсімдік майы.

Дайындалу тәсілі:

Тауық етін текшелеп тураймыз. Пиязды турап, майға қызарта қуырып аламыз. Ал, анарды қабығынан ажыратып, жаңғақпен араластырамыз. Осылайша дайындалған қоспалардың бәрін бір табаққа салып араластырып, дәмдеуіштер мен өсімдік майын қосып, араластырамыз да, бетіне майдалап туралған ақжелкенді себелейміз. Сонда өте дәмді әрі әдемі салатымыз да дайын болады.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:


Сүзбеге не қосып жеуге болатынын білесіз бе?


Қыстағы ҚҰНАРЛЫ АС: ҮШ ТҮРЛІ РЕЦЕПТ