​7 жасқа жетпеген қыздарға сырға тағуға болмайды

0
19 577

Сырға тағу - сән емес, оның астарында үлкен мән мен мағына жатыр.


​7 жасқа жетпеген қыздарға сырға тағуға болмайды

сурет: wlooks.ru

Көптен бері көрмеген апатайымды кездестіріп қалып, мәре-сәре болдық. Сағынысып-ақ қалыппыз. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ғана қолымдағы қызыма мән берді. Оның да бетінен сүйіп еркелетіп жатыр. Құлағындағы сырғаға қарады да: «Мені керемет қуаныштан құр қалдырыпсың ғой. Өкпелімін» дегені. Түсінбей аңтарылып қарағанымды бірден байқады. «Қызыңа сырға таққан кезді айтамын. Мұны салтанатты түрде тойлаған шығарсыңдар» деді.

«Негізі босанып келгеннен кейін ары барса 10 күнде құлағын тесіп, сырға тағып қоямыз. Бұл шараны апамыздың өзі жасайды. Қайта тұз сумен шомылып, құлағы жара болмайды, майлап та әуре болмаймыз» дедім. Мұны естіген әпкемнің көзі бақырайып кетті. Кішкентай сәбиді аямайтын қандай қатігезсіңдер деп ұрсып та алды. Сөйтіп сырға тағудың сән еместігін, оның астарына үңілсең, мағынасы мен мазмұны терең екенін ескертті.

Осы орайда сырға тағудың қайдан келгені туралы да айтып өтті. Ауыз-ауыздан жеткен аңыздарға қарағанда сырға тағу Бибісара анамыздан келген екен.

...Бибісара анамыз жасы тоқсаннан асса да, құрсақ көтермеген соң Ыбырайым пайғамбар Бибіажар есімді күңіне үйленген екен. Көп ұзамай Бибіажар анамыз құрсақ көтереді. Тоқалдың жүкті екенін білгенде Бибісарада қызғаныш пайда болады.

Осыны сезген Ібіліс:

– Ей, Сара, еріңе қанша адал қызмет етсең де, Құдайың Ажарды сенен артық көрді. Бұл – әділетсіздік. Оны өлтіріп, өшіңді ал, – дейді. Қызғанышын жеңе алмаған Бибісара «Ажарды екі жерден жаралаймын» деп ант ішеді.

Сол түні Бибісара анамыз түс көреді. Түсінде алып шынар ағашын егіп жатыр екен. Шынар тез өсіп, айналасына саясын төгеді. Ояна салып, түсін күйеуіне жорытады.

– Ұзамай ұлды боласың. Ұлың пайғамбар болады, – дейді Ыбырайым. Бибісара анамыз қатты қуанады. Алайда «Ажарды өлтіремін» деген анты есіне түсіп:

– Қызғаныштан Ажарды жаралаймын деген антым бар еді. Енді не болады? – деп сұрайды.

– Іштарлық – Ібілістің сипаты. Ол адамның дәрежесін көре алмай, Алланың дәргейінен қуылған-тын. Көңіліңді қызғанышқа билетпе. «Ақ та болса, ант ішпе, айрандай жұғар үстіңе» деген. Енді антты шартты түрде болса да орындау керек. Ол үшін Ажардың құлағын ғана жараласаң жетер, – дейді Ыбырайым.

Бибісара анамыз қолына қанжар алып, Ажардың екі құлағының сырғалығын тесіп жарақаттайды. Екі құлағынан қан сорғалап, Ажардың көркі қашады. Сара қанды көріп, шошып кетеді. Сол кезде Алланың әмірімен Жебірейіл періште пейіштен екі сырға әкеліп, Ажар анамыздың қос құлағына тағады. Жәннаттың лағыл тасын тағынғанда Ажар хор қызындай сұлу болып шыға келеді. Әйелдерге сырға тағу сол кезден бастап сүннет боп қалған екен, деді.

Сырға тағу – қазақ халқында арнайы жасалатын мерекелік шара. Бұл туралы қазақы салт-дәстүрлерді насихаттап жүрген Зейнеп апамыз да қазақ қыздарының құлағына жеті жасқа келгенде сырға таққанын айтып жүр. Әр нәрсенің өз жөн-жоралғысы, өз уақыты болады. Қыз бала 7-ге толып, мектепке қадам басар шақта ағайын-туыс, жақындар жиналып, бұл дәстүрді жүзеге асырады. Қыздың құлағын қолы жеңіл, тілі пысық, тірлігі тың әжелер атқарады. Мұндай қуанышқа куә болғандар көрімдігін беріп, шашуын шашады. Мүмкіндігі болса кішігірім той жасайды, деді жанашыр әпкем.

Мұны естіген соң келесі бөбегім қыз туылса, осы сөздеріңізді ескеріп, сізді қуанышыма арнайы шақырамын деп уәде бердім. Шынында да болмашы дүниенің астарында үлкен салмақ жататынына мән бермейтініміз бар.

Ләззат Ахметова,

ERNUR.KZ

Жиенқұйрық салтын білесіз бе?