АҚ МАТАны сандықта сақтаудың сыры бар

0
3 598

Ақ түс - тазалықтың белгісі.


АҚ МАТАны сандықта сақтаудың сыры бар

фото: qarmaqshy-tany.kz

Балалық шақты еске алатын болсақ, барлығымыздың есімізге әжеміздің сандығына ең қымбатын жинайтынын еске алар едік.

Ол сандықтың аузы ашылатын күн балалар үшін мерекеге айналады. Қонақ келгенде немесе қонаққа барарда әжем сол сандықтың аузын ашатын. Қонаққа барарда киіп баратын тәуір киімін де сол сандыққа салатын, кездеме маталарын да сонда жинайтын. Тіпті, қадірлі қонаққа деп сақтаған сыйлығын да сандықтан алып шығатын еді ғой. Сол сандық біздің көзімізге қазынаға толы болып көрінетін. Түрлі-түрлі бағалы, құнды дүниелер сақталған сандықтың бір бұрышында міндетті түрде шаршы орамалға түйілген ақ шыт кездеме жатушы еді ғой. Оның мәнісін біз сол кезде түсінбесек те, әжемізден «бұл не үшін?» деп сұрамайтынбыз. Бәлкім батылымыз жетпейтін шығар, балалық қызығушылықпен сұраған жағдайда айтылса да ол есімізде қалмайтын еді меніңше.

Енді сандыққа ақ мата сақтаудың сырын есейген шақта біліп отырмын. Шынында да қазақтың ырымы, наным-сенімі жақсылыққа ниеттенгендіктен туындайды екен.


Мына мысал әңгіме де осыған тұздық болса керек.
«Бибіажар анамыз сандығына ақ бөз маталарды жинап, сақтап жүреді екен. Мұны байқаған келіні:
- Апа, ақ маталарды неге жинап жүрсіз? - дейді. Ажар анамыз:
- Сандықта жатқан ақ мата үнемі Құдайдан «Иә, Алла, мына шаңыраққа береке бер, үй иелерінің өмір жасын ұзақ қыл. Мені қара жердің астында көміліп қалудан сақта», – деп, дұға етіп тұрады. Соның себебінен үй иелеріне мезгілсіз қаза жетпейді. Ақ шытты сақтайтын сырым сол, - депті.
Содан бастап, келіні де ақ шыт жинап сақтайтын болыпты. Бибіажар анамыздың қауымы бұл істі үрдіске айналдырып әкетіпті. Бұл дәстүр қазір де қазақ арасында сақталған.

фото: bake.islam.kz

Әрине осы дәстүрдің қазақ арасында сақталғанына шүбәм жоқ. Бірақ қазіргі кезде әжелерімізден көргенді қайталап, сол дәстүрді жалғастырып жатырмыз деп айта алмаймын. Жас отбасылардың, әсіресе көпқабатты үйлерде тұратындардың қатар-қатар жүк жинап, сандық ұстайтындай мүмкіндіктері жоқ.

Міндетті түрде сандыққа сақталуы тиіс емес шығар, заманның ағымына қарай бірақ дәстүрден де алшақтамай, сол ақ матаны сақтауға үйдің бір бұрышынан орын табылар.

Оны әлбетте қастерлеп, кірлетпей сақтау керек.

Кейін қажетіңізге жаратарсыз, қажет болмаса сізге тілеулес болып, үйіңізге, отбасыңызға жақсылық шақырып тұрады ғой.

Әжем оны сақтағанда тек жақсы ниеттерін айтатын. Немерелерінің тұсау кесерінде, кейінірек немере қыздарын ұзатқанда жолына тосатын, ақ жол болсын деп жаюға керек болады деп тек тойға ниет ететін еді. Шындығында да қазір «Тәй-тәй», «Ақ жол!» деген жазуларымен өрнектелген екі кездеме ақ матаны арнайы сатып аламыз ғой.

Ал бұл мата негізінен әр үйдің сандығының түбінде жатуы тиіс дүние. Ақ түсті жақсылыққа балаған қазағымның көңілінің ақтығы да осындайда көрінеді. «Ақ дастархан», «Ақ босаға», «Ақ жаулық» деп барлығы да ақ түстен құралған. Сондықтан, сандық түбінде қалып кетпейтін ақ матаның керек кезінде адамның иігілігі үшін пайдаға асатыны да шындық.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


РАМАЗАН айында не істеу керек?


«АМАЛ» мерекесі немесе «КӨРІСУ» күні қайдан шыққан?