​«БАС құда», «БАУЫЗДАУ құда», « БЕЛ құда» - бұлардың айырмасы қандай?

0
6 839

Құдалардың жолына, жасына қарай ОСЫЛАЙ жіктеледі


​«БАС құда», «БАУЫЗДАУ құда», « БЕЛ құда» - бұлардың айырмасы қандай?

фото: tirshilik-tynysy.kz

Құда түсу - қазақтың ең үлкен той-думаны мәртебелі, жарасты әpi мән-маңызы бар салт-дәстүрлерінің бірі. Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі, яғни бой жеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп. Құдалықтың жөні алдымен құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр тағы басқа ырымдар мен кәделер, алымдары болады. Онда түрлі ойын-сауық, әзіл қалжындар, палуан күрес, айтыс, өлеңдер айтылады. Екі жақ та бір-бірін сынап әзіл-қалжың аралас кәде-ырымдарын жасайды.


Құдаласу - ата-аналардың қалыңмал, той мәселелерін өзара келісе отырып шешуінің кілті. Қазақтың құдаласуы әдетте үкі тағу дәстүрінен басталады. Тіпті бесікте атастырылған күннің өзінде де үкі тағу рәсімі жасалады. Үкі тағу басы бос бойжеткен қызды меншіктейтін, оның айттырылған жері бар екендігін көрсететін дәстүр. Үкі тағуға әдетте жігіт жағының ең жақын үш-төрт туысы барады. Ата-анасының бірі болады. Екі жақ келісімге қол жеткізген жағдайда құдалық уақыты белгіленеді.


Құдалық - қызды айттырғаннан кейінгі екі жақтың қарым-қатынасындағы ең бір шоқтық рәсім. Халқымызда бұл рәсімге айрықша мән берілген. Өйткені, құдалықтың қалай өткені екі жақтың қарым-қатынасына ғана емес, екі жастың келешек тағдырына да әсер ететін болған. Жігіт жағы ұялмайтындай «мығым» болып баруға тырысса, қыз жағы құдаларын лайықты күтіп алуға ұмтылған. Әрине, екі жақ та көрпесіне қарай көсіледі.

фото: hmong.press


Жігіт жағынан құдалыққа баратындардың саны әдетте үш, бес немесе жеті адам болады. Одан көбейту әбестік саналатын еді. Ал қазіргі кезде бұл қалыпты жағдайға айналып бара жатыр. Құдалықтың құрамы кемінде он бес адамнан кем болмайтын жағдайға жеттік.


Әрине, ағайын-туыстың көптігі құдалардың өскен-өнген әулет екендігін Құдалық құрамын әдетте бірінші кезекте үйленетін жігіттің әкесі мен шешесі, атасы мен әжесі, ағалары мен жеңгелері, жалпы қан жағынан немере туыстары қосылады. Олар құдалық құрамын толтырмайтын жағдайда алыс ағайындар мен нағашылары шақырылады. Оның да реті болмаса, жігіт әкесінің сыйлас достары қосылуы мүмкін.


Құдалықты бастап баратын беделді, жасы үлкен адамды бас құда деп атайды. Ол мүмкіндігінше сөзге шешен, арғы-бергі жағдайды жетік білетін көшелі адам болады. Құдалыққа барғанда көсемсөзді ұстайтын сол кісі. Жігіт жағынан жолы үлкен құда бауыздау құда аталады. Жігіт әкесінің одан кейін жолы үлкен аға-інілері барған болса, ол - омыртқа құда деп аталады. Жігіттің нағашылары жағынан келген адамдар - қабырға құда аталады. Ал жігіт әкесін әдетте бел құда деп атайды. Құдаласатын тараптардың әйелдері бір-біріне құдағи, қыздары - құдаша болады. Үйленетін қыз бен жігіттің інілері қарсы жаққа - құда бала.


Құдалардың жолына, жасына қарай осылай жіктеледі.

Құдалыққа қан туыстығы жоқ адамдарды ертіп бару жігіт жағының туыстарға кемдігін, ағайынының аздығын, басына күн туғанда демейтін жақындарының жоқтығын көрсетеді. Сондықтан құдалыққа баратын адамдарды іріктеудің өзі туыстық саясатты ұстану деген сөз. Қарсы жаққа өздерінің жан-жақты, ағайын-туыстарының мол екендігін көрсететін ишара.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЖЕЛді күні ЖЕТІ ҚҰРТ тарату керек пе?


Шашты ОТқа тастау ДҰРЫС ЕМЕС