​Бесікті сатып аларда САУДАЛАСПАЙДЫ

0
4 043

Неге?


​Бесікті сатып аларда САУДАЛАСПАЙДЫ

фото: massaget.kz

«Баланың бесігі - кең дүниенің есігі» деп Төле би бабамыз айтқандай, тіршіліктің бастауы бесіктен басталады. Бесік туралы аңыз да көп, әпсана да көп. Дегенмен, ата-бабамыз киелі тұтқан бесік қазіргі күнде қолданыста болғанымен, оның маңыздылығы туралы, пайдасы туралы түсінік өзгергендіктен, көбінесе тек оңтүстік өңірлерде, ара-тұра ғана қолданады деуге болатын шығар.


«Аттан жығылсақ та, салттан жығылмайық» дейтін қазағым салтты қай дәрежеде сақтап жүр, ол жағын да ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Керісінше, жыл өткен сайын неше түрлі «жаңа» салттар қосылып, ел естімеген кәделерді де көріп, таңғалып жүрміз.

Оңтүстік өңірлерде тұңғышын босанған қызының артынан анасы, яғни баланың нағашы әжесі бесік жасаулап апаратын дәстүр әлі де өз мәнін жойған жоқ. «Бесік тойы» да заман ағымына қарай түрленіп, жаңа сипатқа еніп келеді. Бұл бесіктің түркі халықтарының, оның ішінде қазақ үшін ешқашан өз маңызын жоймайтындығын көрсетсе керек.

Бұрындары баланы бесікке саларда ауылдың бес-алты әйелі жиналып, шағын дастарханда бас қосып, әуен айтып, әлди айтып баланы бесікке салатын. «Бесік той» дейтін еді соны. Ал қазір бесік тойдың өзін дүркіретіп тойханада жүз-жүз елу адамға арнап дастархан жаяды. Ол аз болса, құда-құдағиға сый-сияпат, алтын тағу бар.

Бесікті әкелген нағашылары осы тойдың үстінде «бесікті сатамыз» дейтін де кәденің түрі шықты. Баланы бесікке бөлеу салтын орындаған соң, нағашылары жақтан «бесікті сатамыз, сатып алыңдар» деп құдалар жағына талап қояды. Оны сәбидің ата-әжесі «сатып» алады. Қарап тұрсақ, бұл да жәй қызық үшін қосылған кәде сияқты.

Қалай десек те, бесік киелі зат, оған әркім әртүрлі кәдені ойдан шығарып, ақша жасаудың амалын да доғару керек сияқты. Барлығы да жас нәресте үшін жасалынып жатқаннан соң, баланың дені сау, бақытты болып өсуі үшін ниет таза болғаны жөн.

фото:massaget.kz

Ал бесікті сатып аларда сатушыда да ынсап болуы тиіс, сатып алушы да бесікті саудаламай, сатушының айтқан бағасына келісуі керек.


«Бесікті саудаламайды» дегенді жиі естіп жүрсек те, оның түпкі мағынасына, неге болмайтындығына мән беріп қарамайтынымыз шындық қой. Мүмкін, бұған нақты жауап та жоқ болғандықтан, ешкім түсіндіріп бере алмағандықтан, сол күйі жұмбақ болып қалған шығар.

Алайда, менің түсінгенім бойынша бесікті саудалау сол бесікте өсіп-өнетін ұрпақтың өмір жолына, тағдырына тосқауыл қою секілді болып түйіледі. Сондықтан, саудаласпайтын бұйым болса, ол -бесік екені айқын.

Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ҚҰДАЙЫ АСқа неге ТАҚ САНДЫ нан апарады?


ТӘТТІ ШАЙда «БАЛ жегізу» міндетті ме?