​"ИТКӨЙЛЕКті жанқалтаға салып жүрсе, бәле-жала жоламайды"

0
10 971

Осы оқиға ойлантып-ақ тастады...


​

Егер бала шетіней берсе, жеті үйден алынған мата қиындыларынан құрақ етіп тігіп, жаңа туылған балаға иткөйлек ретінде кигізіп қоятын сенім болған.

Сонда осыған дейін баласы тұрақтамаған шаңырақта сәби үні көпке дейін естіліп, ол бала аман-есен ержетеді деген игі тілектен, наным-сенімнен, жақсы ниеттен туындаған ой.

Сәбидің шыр етіп дүние есігін ашқан сәттегі киетін лыпасы, алғашқы киімі - «иткөйлек» деп аталады. Итжейде дейтіндер де бар. Балаға алғаш рет осы көйлекті кигізерде алдымен күшіктің немесе иттің басынан айналдырып, аластырып «ит-опа, ит-жақсы» деген сөздерді айтатын болған.

Балаға қатысты ырымдарды, наным-сенімдерді білмейтін адам кемде-кем шығар, әйткенмен, мен жақында осы иткөйлекке қатысты тағы да бұрын-соңды естімеген қызықты наным-сенімді естідім.

Егер адам істі болып, сотқа баруы тиіс болса, жеңіспен оралу үшін іштей тілек тілегеннен бөлек, «Сотқа бара жатып, бүйіріңде ит-көйлектен жеті жейде болса, міндетті түрде жеңіспен ораласың» деген ақпаратты естіген соң қызығушылығым артып, «Соңы қалай болды екен? Шынында да оң нәтиже ерді ме екен?» деп күттім.


Бірде енем келген үйге. Туысқан қайнағамыздың ұлы топтық төбелестің ішінде болып, нақақтан жалаға ілігіп кеткенге ұқсайды. Осыны әңгіме етіп отырған енемнің сөздерінен соң, біздің де жанымыз ауырды. Әрине, кінәлі болса жазасын алсын дейсің, заң бар жерде жазасыз да қалмайды ғой. Тек қана кездейсоқ тап болып, ойламаған жерден уақытша болса да қамауда отырған қайнымызды анасы уайымдап күнде зар жылайды екен. Енем оған абысын болып келеді ғой, бар сырын айтып, ақылын сұрап, «Не істесем болады? Қайда барып, кімнен көмек сұрайын?» деп ана жүрегі шырылдап, баласына араша тілеп жатқанда білген ақылын айтып, «бұрынғылар осылай деуші еді ғой» деп енем ақылын айтыпты.

Ол ақылы «Жеті үйден жеті бала киген иткөйлекті тауып кел! Құдай қаласа баламыз жазықсыз болса, міндетті түрде ақталып шығады. Бүйір қалтасына осы жеті иткөйлектің барлығын түгел салып жібермесең де, жетеуінен жеті қиындысын алып, балаңның жанқалтасына ұқыптап салып қой. Жазықсыз болса ақталып келеді» деген екен.

Әрине барлығы да бір Алланың құзырындағы дүние екенін ешкім де жоққа шығармайды және ол Аллаға серік қосу немесе қарсылық таныту емес. Тек қана аналық сезім, іштей Алладан сұрай отырып, сол ырымға сену, баласының аман-есен нәрестедей кінәсіз, жазықсыз болып оралуын тілеу.

fedsp.com

Бастапқыда мұны естіген күйеуім де «Болмайтынға сене бермеңдерші! Бір жапырақ жаман шүберек нені шешеді? Алладан сұраңдар! Алла әділ, ешкімнің ақысы ешкімде кетпейді» деп тыйып тастаған болатын.

Әйелдік қызығушылық жеңіп, енеммен телефон арқылы сөйлескен сайын сол оқиғаны сұрап тұрдым. Бір айға созылған тергеуден ақталып шыққан қайнымыздың үйіне құдайы асқа да барып қайттық.

Бірақ әлі күнге дейін «бұл жай ғана сәйкестік пе немесе қазақтың ырымының да үлесі бар ма?» деп ойланамын. Не болса да, соңы жақсылықпен аяқталды. Әр нәрсенің соңында қайыры болғаны да қуантады.

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Дастархан мен КӨРПЕШЕнің тұйығын қонаққа қаратып салады


Жаңа түскен ЖАС КЕЛІНге неліктен ҰЛТАБАР жегізеді?