ҚАРА ШАҢЫРАҚ несімен КИЕЛІ?

0
12 298

Ең алдымен қара шаңыраққа сәлем беріп, одан кейін ғана өз үйіңе бас сұға аласың.


ҚАРА ШАҢЫРАҚ несімен КИЕЛІ?

Халқымыздың салт дәстүріндегі қасиетті ұғымдарының бірі қарашаңырақ. Қара шаңыраққа ие болып қалатын ұл баланы да жастайынан құлағына сіңіріп, жауапкершілікті сезіндіре білген.

Атадан қалған асыл мұрамыз қара шаңырақ, үлкен үйді киелі деп айтамыз. Өйткені ол әкеден қалған мұра.

Бір үйдің балалары үйленгеннен кейін, отау тігіп, балалары өмірге келгеннен кейін еншілерін алып бөлек кетеді. Әкенің үйін «үлкен үй» деп қастерлесек, қара шаңырақ әкенің әкесінен, тіпті одан да арғы бабалардан қалған мұра болуы мүмкін.


Демек, қара шаңырақ ұғымы «үлкен үйден» де жоғары, қастерлі ұғым. Көне дәстүр бойынша қазақ кемінде жеті атасынан бергі қара шаңырақты жақсы білген. Біздің бала күнімізде «Пәленше атаның қара шаңырағы түгеншенің қолында, ауылға келгенде әуелі сол үйге түсу керек» деп жататын. Олай істемесең, өкпе-реніш айтылатын. Дәстүр-салтты білмегенің үшін ұятқа қалатынсың.

Мұның барлығын қазір бала-шағасы мен немерелеріне түсіндіріп айтып отыратын ата-әжелер азайды шыны керек. Жасы кіші болса да қара шаңырақтың иесі төрден орын алып, жолы үлкен саналатын болған. Тіпті менің бьала күнімде талай рет көзбен көрген көрінісім қазір есіме алсам, керемет сезім сыйлайды.

Ол кезде бір ауылдың адамдары бір бірімен аталас туыс болып келетін еді ғой. Көрші қонып, бір-бір отаудың иесі болып отырса да керемет еді арадағы сыйластық. Жиын-той бола қалса барлығы бір ауыздан жиылып, жұмыла көтеріп, ырду-дырдумен-ақ үлкен тойды атқарып тастайтын болған. Ағайын сонысымен ағайын емес пе?!


Біздің үйді ауылдың жартысы қара шаңырақ дейтін. Өз үйім деп төрде шалқамнан жатыр едім он-он бір жас шамасында. Сонда бізге апа болатын, көрші үйде тұратын, әжемнің абысыны есіктен кірді де иіліп сәлем етті. Мен басымды көтеріп қалдым да «апа жаңылысқан болды ғой, төрде атам жатыр деп ойлаған шығар» деп онысына аса мән бермедім. Кейін бұл жайдай бірнеше рет қайталанды. Үйде отырған адам жоқ, мен апаны «үйге кіріңіз» деп кіргізіп артынан өзім де кіріп келе жатыр едім, тағы да иіліп сәлем етті.

Бұл жолы мен «апа алжиын деген бе?» деп бетіне үңілдім. Бірақ есі түзу, дені дұрыс секілді. Артынша әжем кіріп, одан кейін екеуі шүйіркелесіп отырып шәй ішті. Ол кеткеннен кейін көкейімде тұрған сауалдың жауабын білейін деп әжемнен оның мәнісін сұрадым.

Әжем сонда менің бұл сұрақты қойғаныма сүйсінді. Дәстүрді білуге ұмтылғаның, қазақылықтан аттап кетпейтініңді білдіреді деп айналып-толғанып, маңдайымнан бір иіскеп алды да түсіндіруге кірісті.

Барлық келін үлкен үйдің босағасын аттағанда иіліп сәлем ететін. Ал жаңа түскен келін сәлем еткен соң, отқа май салатын. Шаңырақ иесінен басқа, келін еш уақытта төрге шықпайтын. Міне, осының бәрі-қара шаңыраққа деген сый құрмет, кішілік инабат.

Сен көрген көрініс те осы құрметтің белгісі. Өйткені бұл үйді қара шаңырақ деп құрметтейді. Отау үйдегілер үлкен үйге, қара шаңыраққа кіргенде үйде кісі бар болсын, жоқ болсын, төрге сәлем етеді. Ол ата-бабалардың әруағына деген құрмет.


Оның бірі қыста міндетті түрде әр үйде соғым сойылады. Соғым сойғаннан кейін отау үйлер «үлкен үй» немесе қара шаңыраққа сыбаға апаратын. Ең қадірлі мүше бір жамбасты қоспаларымен асып, табаққа салып апарады. Әрине қара шаңырақты қастерлеу мұнымен бітпейді. Қара шаңырақта кие бар деп сол себептен айтылады. Осыны әрдайым есіңде сақта!» деп әжем қазақ қара шаңырақты неліктен қастерлі деп санайтынын түсіндіріп берген болатынБұрынғы кезде ұлдар мен келіндер қара шаңырақта қалуға таласатын болса, қазіргі келіндер шамасы келсе бөлек шығуға тырысады. Жастар өздері оңаша өмір сүргісі келеді, ал біздің кезіміздегі келіндер қара шаңырақтағы ұл мен келіннің өзгелерге сыйлы болатынын, оларға міндетті түрде сыбаға бөлінетінін білген.


НҰР Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ҰЛ БАЛАНЫ қонақ отырған жерге АУНАТЫП алу керек


КИІМДІ біреуге БЕРГЕНДЕ түймесін ҚИЫП АЛУ керек пе?