​Келін МҰНЫ жасамауы тиіс

0
6 742

Осындай ырым-тыйымдардың көптігі мүмкін келіннің өз орнын көрсететін шығар?!


​Келін МҰНЫ жасамауы тиіс

фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Келін болып түскеннен кейін келінге қойылатын талаптар, келінге қатысты ырым-тыйымдардың көптігін көріп, өзімнің мұндай нәрселерге әлі де дайын еместігімді біліп, қиналғаннан көзіме жас келіп қалатын.

Бір жағынан, бұл отбасына үйренісе алмай жатқаным да себеп болған шығар, біреу бірдеңе десе, «келін деген мұндайды жасамайды» деп ескерту жасаса да жылап қалатынмын.

Олар мені жек көргеннен немесе істеген ісімді жақтырмағаннан емес керісінше, ибалы, ізетті келін болсын деп жақсылық ойлағаннан айтады екен ғой.

Мұны бірнеше жыл өтіп, өзім сол шаңырақтың бір мүшесіне айналып кеткенімде ұға бастадым.

Мен алғаш келін болып келген кезімде енем сол үйдің шарттарымен, ішкі заңдарымен таныстырды. Ырым-тыйымдар көп қой, өзімнің де білетінім бар, білмейтіндерімді енемнің айтуы бойынша орындап жүрдім. «Келін төрді аяғымен баспайды», «Келін қайынатаның кебісін кимейді», «Келін отбасы мүшелерінен төмен отырады» деген ырым-тыйымдарды білемін ғой, бірақ мұны қолданып көрмеген болатынмын.

Бірде енеммен бірге нағашыларымыздың үйіне жиынға бардық. Енемнің төркініне бардық. Сол кезде келін болған соң жүгіріп жүріп қызметімді жасап, дастархан жасап жүрдік.

Ал дастархан жасағанда да «келін төрді аяғымен басуға болмайды» дегенді мен түсіне алмадым. Төрге шығып отырмайтынымыз белгілі ғой, бірақ бұл енді тым шектен шыққандық емес пе?!

Сол үйдегі жеңгеміз қайынсіңлімді жұмсап, төрдегі ыдыс-аяқтарды тасытты. Мен келінмін, ол қыз баласы ғой, өзім тасып бере салайын деген ой болған еді. Басқа ойым болмаған соң қайынсіңліммен қосылып мен де ыдыстарды көтеріп, жинасуға төр жаққа қарай бара жатыр едім, жеңгемнің даусы қатты шықты.

«Сен неге бара жатырсың ол жаққа. Тоқта! Жинай алмағандықтан жұмсап отырған жоқпын ғой Еркеқызды. Бізге төрді басуға болмайды» деген соң ыңғайсызданып қалдым.


фото: zhanaqorgan-tynysy.kz

Менің де туып-өскен, тәрбие алған жерімде келіндер ізеттілік сақтайды, ибалы деп айта аламын. Бірақ дәл мұндай қатал шектеулерді естімеген екенмін.

Бұдан бөлек ырым-тыйымды қатты ұстайтындығы соншалықты, «Сейсенбі күні жаңа істі бастамайды. Бұл күні жаңа нәрсе кимейді, және жаңа қаптың аузын ашпайды. Жолға шықпайды, үйленбейді. Тұрмысқа шықпайды» деген секілді ырымдары бар екен. Қазақтың ортақ салт-дәстүрі, ортақ әдет-ғұрпы, ортақ ырым-тыйымдары болмаушы ма еді?!

Мұндайды естіген кезде таңырқадым. Мен үшін күннің барлығы сәтті, адам тек қана көңіліне алмаса болды емес пе? Осыдан кейін атам мен енемнің бөлмесін жинап шығу үшін олардан рұқсат сұрайтын болдым. Тағы мен білмейтін тыйымдар шығып қалар ма екен деп.

Енем «атаң екеуміздің төсегімізге отырмасаң болды, қалғанына рұқсат» деді күліп. Шынында да әзіл емес, осындай ырым-тыйымдардың көптігі мүмкін келіннің өз орнын көрсететін шығар.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


«ҚҰРСАҚ ШАШУ» немесе «ГЕНДЕР ПАТИ»: қайсысы қазаққа жақын дәстүр?


ПІТІР САДАҚАны қай кезде, кімге берген дұрыс?