​Келінге БҰЛ СӨЗДІ айтуға БОЛМАЙДЫ

0
6 954

Әйел ешқашан бұлай айтпауы керек, СЕБЕБІ...


​Келінге БҰЛ СӨЗДІ айтуға БОЛМАЙДЫ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Жастардың салт-дәстүрге мән бере бермейтіні қорқытады... Ұлттық тәрбиенің бәрі сонда жатыр ғой» деп мұңайып еді бір қария...

Қазақтың туыстық қарым-қатынасты сақтауда салт-дәстүрі ерекше. Туыстық атаулардың, олардың арасындағы қарым-қатынастың қалай болуы керектігін түрлі жоралғымен жеткізіп отырған ата-бабамыз бүгінде кімнің кім екенін білмейтін кейбіреулерді көрсе жерге қарар ма еді, кім білсін?!

Сондай бірнеше мысалды келтіре кетейін.


«Служу қайынжұрту?!»

Бұл осыдан оншақты жыл бұрын болған оқиға.

Әлдебір жиын өтетін болып, бәріміз үлкен атамыздың үйіне күні бұрын қызметке жиналдық. Нағыз қызық та қазақтың туыстық мейірімі қайнап тұрып араласатын сән осы емес пе?! Көпке жайылатын дастарханды ол кезде тапсырысқа жасату деген жоқ. Әулеттің әжесінен бастап жаңа түскен келініне дейін жиналып бәрін қолдан пісіреміз. Ең қызығы, сондайда айтылатын әңгімелер.

Менің құлағым бізге тапсырманы беріп тастап өздері төрде шай ішіп қарап отыратын (қарап отырмаса бүлдіреміз ғой бірдеңені) үлкендер жағында болады ондайда. Нағыз қызық солардан шығады. Бұрынғының әңгімелерімен айтып әкеп санаңа әдімелеп сіңіріп береді білген адамға.

Бәріміз жабыла ертеңгі бауырсақты пісіріп, нанды жауып жатқанбыз. Үш келіншек қаттама мен жұқпаның қамырын дайындауға отырдық. Осы жұқпа мен қаттама дайындағанда қариялардың айтқанымен істеп, бабын келістірмесең, ертеңгі күні «таяқ жейсің».

«Пәленшенің келіні көрінбейді ғой» деп көрші апамыз алаңдай қарап шықты. Аузына кесесін апарғанша болған жоқ, жедел жәрдемде істейтін әлгі келін де есіктен кіріп келе жатты.

«Кешіріңіздер, бір әріптесімнің орнына ауысымға түсіп беріп едім. Әйтпесе ерте келетін едім» деп ол келгеннен ақтала бастаған. «Е, сенің қызметің көп елге, аман бол!» деп үлкендер оның салған сәлеміне батасын берді. Бата деген қаyfn бітіреді емес пе, әзілқойлау әрі жас келін «Служу қайынжұрту!» деп қалды елдің аузындағы әзілмен.

«Біз сенің қайынжұртың емеспіз. Әйелде қайынжұрт болады деп кім айтты саған?!» деп әлгі апа қабағын түйе қарады. Қатқыл шыққан дауысқа бәріміз де елең ете қалдық. Әлгі келіншек ыңғайсызданып қалды.

«Енді, түскен жерім...қайын жұртым ғой...» деп бөліп-бөліп сенімсіздеу айтқаны апаның ашуын одан сайын келтірсе керек.

«Мынаған ешкім үйретпеген бе? Пәленшеге айтатын екен, түсіндір деп... Ау, қарағым! Қатында қайын жұрт болмайды. Түскен жерің – сенің өз жұртың!», - деп қаттырақ айтып алды да, әрі қарай дауысын көтере сөйледі.

Онысы, бәрі естісін дегені.

«Қазақта қыз баланы жатжұрттық санағанын бәрің білесіңдер. Өздеріңді де ата-аналарың «қыз – қонақ, ертең өз елін табады» деп тәрбиелеген шығар?! Төрге отырғызып, еркелетті, бақты-қақты. Сол «болашақта табатын еліңде» қиналмау үшін қолынан іс келетін етіп үйретті. «Барған жеріңде қиналмайсың» деп... Міне, енді таптыңдар елдеріңді. Келіннің түскен жері – өз жұрты. Қаттырақ айтсам, қартайып ана дүниеге қайтқанда сүйектерің осы елден шығады. Енді осы елдің адамысыңдар. Туған жерің – төркін жұртың. Ол жерге тек қонақсыңдар. Төркіннің ісіне араласпай, тек қонақ болып қана сыйларыңды алып, қайтатын жер енді ол. Сосын, нағашы жұрттарың бар. Болды, осы үш жұрт әйелде.

Енді «қайын жұртым» дегендеріңді естімейтін болайын!», - деген апаның сөзінен соң ешкім де үн шығармай іске кірісті...


«Алдымен түскен жеріңді айт!»

Бұл да біраз жыл бұрын болған еді...

Алыс жолға шыққанда қасыңдағы жолаушымен танысып, бірақ әігіме ақтаратын әдетіміз емес пе?! Қызылорда қаласына қарай жолға шықтым. Пойыздағы қатар орынға менімен бірге 50-лер шамасындағы әйел жайғасты. Оны-мұнысын жайғастырған соң сұрасуға көштік.

«Қай елсің?» дегеніне өз руымды айтқам. Әпке жаратпағандай сыңай тантытып, қасымдағы қызымды иегімен нұсқады да:

«Қай елдің қызы?», - деді.

Содан кейін ғана менің жауабымнан соң білетінін, ол жақта құдалары бар екенін айтып болып өзіме жеңіл ұрысқандай болды.

«Тұрмысқа шыққан әйел елін айтқанда күйеуінің руын айтады бірінші. Содан кейін ғана барып өзінің қай елдің қызы екенін білдіреді. Сен енді сол елдің ұрпағын таратып отыр емессің бе? Сол елдің адамысың. Мұны біле жүруің керек. Ертең мына қызыңа да үйретесің», - деп біршама кеңес айтып еді.

Ұялып қалдым. Расында мен енді табалдырығын аттаған елдің адамы емеспін бе?!


Міне, осындай ересектер айтып тұрмаса, расында білмей кетер ме едік?!

Қазақта ер жігіттің үш жұрты болатыны белгілі. Ол – өз жұрты, нағашы жұрты және үйленгеннен соң оған қайын жұрты қосылады. Мұны әр жігіт білуі тиіс.

Ал әйелде де үш жұрт бар – ол келін болып тұскен өз жұрты, бағып-қағып мәпелеп ұзатқан төркін жұрты және анасы жағынан нағашы жұрты. Тек нағашы жұртты әйелдер көп айта бермейді.

Осынау туыстық қатынасты, әсіресе үш жұртты ұл мен қызға жеткізе айтып отырғанымыз жөн екен.

Қырмызы САУРАН,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


«ІНДЕТ кеткен соң да ҚЫЗДЫ үйден ҰЗАТҚАН дұрыс»


"«Бесік тойға барған ЕРКЕКТІ ешкім СЫЙЛАМАЙДЫ»