​КІНДІК ШЕШЕНІҢ міндеті қандай?

0
14 424

Ол баланың өсуіне жауапты, жағдайын жасауға, хабар алып, мәселесін шешіп беруге міндетті.


​КІНДІК ШЕШЕНІҢ міндеті қандай?

Кіндік шеше жас босанған әйелге көмек көрсетіп, нәрестенің кіндігін кесетін әйел.

Қазақтың салтындағы үлкен бір сыйлы ана, мол кәделі әйел - «кіндік шеше». Бала өмірге келген сәтте жанында болып, баланың кіндігін кескен әйелді «кіндік шеше» деп атайды. Кіндік шеше баланың екінші анасы болып саналады.

Қазақтар екінің бірі, егіздің сыңарына баланың кіндігін кестіре бермейді, қол-аяғы жеңіл, ауылда, ел ішінде беделі бар, мінезі жайраң қаққан, ақеділ аналарға ғана кестіреді. Өйткені, бала кіндік кескен адамға тартады, кіндік апасы қандай болса, балада дәл сондай болады деп ырымдайды. Баланың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, ақылы, адамгершілігі, еңбекқорлығы кіндік шешеге тартады деген түсінік бар.

Кіндік жолын алған әйел балаға ит көйлек әкеп кигізеді. Бала қырқынан шыққанша қарап, тамақ жасап беріп көмектеседі. Әуелі үлкен азамат болғанда, азамат боп толғанда да кіндік апасын құрметтеп, кәдесін өтеп жүреді. Оған кіндік кескені үшін мал атап, қымбат бұйым сыйға тартылады.

Кіндік кесу - жақсылық, жағымды әрекет. Кіндік ананың жолы мен рөлі қазақ арасында осындай үлкен беделге, берекеге ие болмаса кіндік ана қадірлі, қасиетті болмаса, бостан-босқа оған кім таласар еді. Сол таласып жүрген ауыл әйелдерінің ішінде балаға "кіндік ана бола алам-ау, ел маған сенеді, жұрт мені біледі" деп өзіне сеніммен қарайтын бір пысық әйел жүкті әйелді үйіне дәмге шақырып, "Қарын той" жасайды. Мол дастархан жаяды. Көрші-қолаңдарын шақырып, әлі туылмаған балаға кіндік аналық уәкіл болғандығына куәлік етеді.

Қазіргі уақытта кіндік шешенің міндетін әрине дәрігер-акушер атқарады. Дегенмен ел арасында әлі де «кіндік шешені», «кіндік әкені» сайлап алатындар бар.

фото: ruh.kz

Міне, кіндік ананың құрметі осында жатыр. Бұлай істеудің де өзіндік қажеті, мұқтажы бар. Кіндік ана болғысы келген ана ауыр аяқ келіншекке ерте көмектесе бастайды. Жерік асын тауып, тамақ істеп, кір-қоңын жуып береді. Рухани жақтан да қолдау көрсетіп жүреді. Босанғанша көзінің қарасын үзбей, қадағалайды.

Қазақ кіндік жолы - үлкен жол, ырымды жол, кәделі салт деп біледі. Оған ерекше жауапкершілікпен қарайтын, көпті көрген, тәжірибелі, ақылды-арлы, ел ішінде бет-беделі бар бір ананы таңдап, баланың кіндігін кескізеді. Екінің біріне бала кіндігін кескізсе баланың болашағы жақсы болмайды деп ырым етеді.

Кіндік ана қатерлі қырық күннен өткенше, баланың басы-қасында болады. Кіндік ана кіндік баласын тұзды суға шомылдырады. Ит көйлегін кигізеді. Кіндік баласы мойны бекіп қатайғанша баланың басы-қасында болады. Бір күн тұзды суға, бір күн сабынды суға, бір күн иісті өсімдіктердің суына шомылдырады. Нәрестенің қол-аяғын созғылап, майлап, сылап-сипап қарасады. Сәбидің жауырыны жабысып қалмауы үшін "өс-өс" деп қол-аяғынан тартып, керіп, жауырынын уқалап тұрады.

Бесікке салу ырымын да өтеседі. Жөні болғанда, орайы келгенде, қолы тисе баланың анасына қырық күн бойы тамақ жасап береді. Ол ана қашан бір қол-аяғын бауырына алғанша қызмет етеді. Баланы құттықтап шашу шаша келген ауыл әйелдеріне де дастархан жаяды. Оларды да жылы жүзбен күтіп алады. Қазақта "Қуыс үйге құр кірме, қуыс үйден құр қайтарма" деген кәде бар. Қайтарында дастархандарына шашу түйіп беріп, ырым жасап аттандырады.

Жинақтаған: НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Ит ұлығанда НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?


Аяғы АУЫР әйел ТОҚЫМА, ТІГІНмен айналыспайды