Құран бағыштағанда марқұмның әкесінің атын қоса айтыңыз

0
15 354

Неге дейсіз бе? Әлбетте! Неге дейтініңіз заңды. Өйткені мен де неге деп сұрағанмын. Оның жауабын кейінірек айтамын. Қазірге оны қалай білгенім туралы айтып берейін.


Құран бағыштағанда марқұмның әкесінің атын қоса айтыңыз

Фото news.ivest.kz

Неге дейсіз бе? Әлбетте! Неге дейтініңіз заңды. Өйткені мен де неге деп сұрағанмын. Оның жауабын кейінірек айтамын. Қазірге оны қалай білгенім туралы айтып берейін.

Жақында ғана адамзаттың асылы, ардақтым, өмірімдегі ең жақын жандарымның бірі әкем Орынбай Тұрдалыұлынан қапыда айырылып қалдық.

Басымыздан құс ұшырмай, шекемізден шертпей мәпелеп өсірген әкешімді қимасақ та Алланың пәрменіне бас идік. Арулап ақтық сапарға шығарып салдық. Қосағынан айырылған анашымның, асқар тауын жоқтаған жалғыз ғана қарлығашымның қайғысы әкемнің өлімінен де ауыр тиді маған. Бірақ Алланың әкеме абыройлы өлім бергеніне шүкіршілік еттім.

Әкем 59 жасында бақилық болды. Осы жасқа дейін басы ауырып, балтыры сыздаған жоқ. Ауру арқалап азап шеккен жоқ. Жаны ауырып, жақындарының жүрегін жаралаған жоқ. Балаларына сабырлылық пен қанағатты ұқтырып, бастарын екеу етіп, бесігінде балалары тербелген шақта, артына қарайламайтын кезде ешқайсысымызға сездірмей ажал құшты.

Қайғы қатты батты. Бірақ біз қайғырсақ анамыз, қарындасымыз, келіндері мен немерелері кімге сүйенбек. Біз езілсек, олар құса болып кетпей ме? Қолымыздан келгені күндіз-түні Құран бағыштап, әкеміздің атынан садақа беру ғана болды. Ішімдегі алай-дүлей арпалысқа Құран оқу арқылы тоқтау салдым. Менің тіктелуіме, өзімді жинап, өзгелерге тірек болуыма Құран көмектесті.

Кейбіреулер секілді Құран оқуды аптаның бір күніне арнамадым. Күніне 5 рет құран оқу арқылы жүрегімдегі жараны жаздым, көзімдегі жасты іркіттім. Тоң болып қатқан мұзды еріттім.

Қазақтың салтымен әр бейсенбі мал сойып, туған-туысқа дастарқан жайдық. Осындай жиындардың бірінде үлкен атамыздың көзін көрген әкемнің ағасы болып келетін егде жастағы қария келді. Сол дастарқанда Құранды өзі оқыды. Өте ұзақ оқылды. Алладан әкем үшін бар жақсыны сұрады. Соңында «осы оқылған Құранды Тұрдалы ұлы Орынбайға арнаймын» деген кезде елең ете қалдым. Кейіннен ыңғайын тауып атамнан мұның мәнісін сұрағанымда мына жайтқа қанықтым. Өзімнің білгенімнен бөлек, сіздің де білгеніңізді жөн деп баспаға жазуды ұйғардым.

Атамның айтуынша Құран оқылып біткен соң «бәленше баласы түгеншеге бағыштадым» деп айтылуы тиіс екен. "Құран бағыштағанда марқұм болған адамның әкесінің атын қоса айту керек. Бұл жарты әлемді билеген Ескендір патшадан қалған аңыз әңгіме" деді де мына әңгімені айтып берді.

Бірде әлемге әйгілі Ескендір патша дүниеден өтерінде уәзірлеріне:
— Жер бетінде өлген адамның санына сан жетпейді. Қияметте ат тұяғындай жерден жетпіс мың адам тірілетін көрінеді. Мені адам аяғы баспаған, ешкім жерленбеген жерге апарып көміңдер. Мен көптің бірі емеспін, жарты әлемді билеген сүйегі асыл патшамын. Менің қиямет күні танымайтын адамдармен қатар тұруым жараспас. Алладан әмір болып, махшар алаңына жиналғанда бір өзім бір мекеннен жалғыз тұрып, Алланың алдына дараланып барғым келеді, - дейді.
Патша өлген соң уәзірлері мен туыстары адам аяғы баспаған жер іздеп, қырық күн кеңескен деседі.
Ақырында патшаны баруы қиын биік таудың ұшар басына жерлепті.
Бір күні ұлын сағынған анасы баласының рухымен тілдеспек болып оның моласының басына барып:
— Ескендір! - деп дауыстайды. Жауап жоқ.
— Ескендір, ұлым! - деп анасы тағы айқайлайды. Тағы үн жоқ. Ұлының атын он рет айқайлап атаған анасы ақырында:
— Ескендір Зұлқарнайын! - деп шақырады. Сонда барып аруақ тіл қатады дейді.
— Балам-ау, мен бағанадан бері сені неше рет шақырдым, дыбыс бермедің ғой? Әлде ол жақтағы жағдайың ауыр ма? - деп сұрайды анасы.
Жағдайының жақсы екенін айтқан Ескендір:
— Сіз атымды ғана атап шақырғанда мұнда талас басталды. Себебі алақандай ғана жерде есімдері Ескендір аталатын үш жүзге жуық адам жатырмыз. Атымыз аталғанда «мені шақырып жатыр» деп бір-бірімізді жібермей таластық. Ақыры Зұлқарнайынды қосып атағанда барып талас тоқтап, басқалар маған жол берді, - депті.

Содан бастап өлген кісіге Құран бағыштатқанда оның әкесінің не атасының атын қосып атау дәстүрге айналыпты, деп аяқтады әңгімесін.

Осы әңгімеден кейін әкемнің алдында перзенттік борышымды толық өтей алмағандай өзегімді өкініш өртеді. Әкеме оқылған Құран бағышталмай қалғандай сезілді. Алла әкешімнің пейішін жарық етіп, алдын нұрландырса екен. Бәріңіз де о дүниелік болған жақындарыңызға Құран оқитын кезде дұрыстап бағыттаңыздар.

О дүниелік болған марқұмдарға тек Құран ғана көмектесе алатынын біліп жүргейсіздер.

М.ОРЫНБАЙҰЛЫ,

ERNUR.KZ.