​НӘЗІР салтын орындасаңыз, ІСІҢІЗ ОҢ болады

0
7 501

Қандай істі бастасаңыз да НӘЗІР салтын орындаңыз, сонда ісіңіз оңынан шешіледі.


​НӘЗІР салтын орындасаңыз, ІСІҢІЗ ОҢ болады

«Дәстүр-әдеппен, әдет-ғұрыппен, мың жылдап қалыптасқан дағдымен күресу есуастық. Бірақ оның бәрін жаңа жағдайға лайықтамай, жаңғыртпай, сол қалпында ұстануға тырысу – өз аяғыңды өзің тұсап, өз қолыңды өзің кісендеумен бара-бар» деген Әбіш Кекілбаевтың нақыл сөзімен келісу керек.

Шынында да қазір салт-дәстүрдің озығы мен тозығын саралап, ұмыт қалған кейбір салтымызды қайта жаңғыртсақ, келер ұрпаққа тәрбие көзі, өнегелі іс болар еді.

Өзім ауылдан шыққан қыз болсам да, ата-анамыздың заманы басқа болды ма екен, мұндай дәстүрдің бар екенін өзім көрмегенмін.


Келін болып босаға аттағанда алғаш естідім. Жолдасым екеуміз қалада танысып, жұмыс орнымыз да қалада болғандықтан, біз үйленгеннен кейін ауылда ұзақ уақыт тұрақтаған жоқпыз.

Әрине әртүрлі рәсімдерге, жиындарға ауылға, ата-енемізге келіндік қызметімізді жасау үшін жиі барып тұрамыз. Үйленгенімізге де он жылдан асты. Балаларымыз өсіп жатыр. Немерелерін иіскетіп, мауқын басу үшін ауылға, ата-әжесіне енді бұрынғыдан да жиі барамыз. Қарт кісілердің көңілі баладай ғой, немерелерін көргенде мәз-мейрам болып, бір жырғап қалады. Ата-әжелерін қуанту үшін балаларымыз да демалыс сайын ауылға асығып тұратын болған.

Осы демалысымызда ауылға барғанда атамның маған белгісіз бір салт туралы айтқаны ойландырып тастады. Шынында да керемет екен, түсінген адамға.

Қазіргідей туыс пен бауырдың да қызметі қауырт, уақыты қат болып, барыс-келіс азайған шақта керемет мүмкіндікті тудырады екен.

Қайран қалдым...

Атам көктемгі егісті бастауға дайындалып отырғанын, тек оның алдында ауыл адамдарын жинап, батасын алу қажеттігін айтып қалды. Сөйтіп енем де атамның сөзін қоштап, ертеңіне дастархан жайып, қонақ күтуге дайындала бастады. Сөйтіп, тұңғыш немересін көршілерге, ауылдың азаматтарын шақырып келуге аттандырды.


«Біздің үйге нәзірге келіңіздер деп айта барыңдар. Көп тілегі көл демекші, бастағалы отырған ісіміз өз жемісін берсін деп ниет еттік» деп немерелерін жұмсап жатқанда да «нәзірі несі?», «тамаққа шақырып жатыр демей ме?» деп өз ойыммен арпалысып кеткен едім.


Адамдар жиналып, солардың дастархан басында отырып айтқан әңгімелерінен нәзір салтының не екенін, қандай дәстүр екенін ептеп түсінгендей болдым. Сөйтсем, мұның тәлімі мен тағылым мол, әсіресе келешек ұрпақ үшін берері ұшан-теңіз салт екенін ұқтым.


НӘЗІР (салт, ырым)

Күрделі жұмыс бастағанда, мысалы егін салғанда, су кетіру үшін арық қазғанда, үй салғанда жасалатын ғұрып. Бұрын әр адам тәңірім ісімді оңдай көр, қайырлы ете көр деп нәзір жасаған. Нәзір дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір малын сойып өзінің бастағалы отырған ісінің мән-жайын айтып әруақтарға дұға оқытып, көпшіліктен бата тілейді. «Көп тілегі- көл» дегендей жиналғандар оған «Алла разы болсын», «Тілегің қабыл болсын», «Ісің оңға бассын» деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып, ризашылық көңілдерін білдіреді. Өзінің әр ісіне ыждағатпен, сеніммен, шын берілгендікпен қарайтын халықтың осы ізгі жолы ұлтымыздың жақсы дәстүрі мен әдеп-салтының қасиетін айқындай түсетін тағы бір елдік нұсқасы екен.

Ата-бабамыздың бізге қлдырған мұрасын шашпай-төкпей, өзімізге қажеттісін қажетінше қолдана білсек, өмір сүрудің ең керемет үлгісі деп айтар едім.

Бұл салттың маған ұнағаны, ауылдың кеңпейіл адамдарының шын көңілінен бастағалы отырған ісімізге жақсылық, сәттілік тілеуі, шын көңілден қуана білуі қандай істң болмасын оңынан шешілетіндігіне сендіре алғандығы еді.


Қандай істі бастағалы отырған болсаңыз да, мейлі ол үй салу, мейлі егін егу болса да нәзір салтын орындап, ақсақалдардың батасын алып, көптің тілегін естісеңіз, ризашылықтарына куә болсаңыз, істі бастардың алдында көңіліңіз көтеріліп, бойыңызға көптің тілеуімен күш құйылғандай сезімде болады екенсіз.


Мен де балаларыма осы салтты түсіндіріп, кезі келсе өзім де қолданып жүремін деген ой түйып қайттым ауылдан.

Сіз де қолданыңыз, әрбір салт-дәстүрдің тегіннен-тегін шықпағанына көзіңіз жетеді.


Нұр Әлем,

ERNUR.KZ


ОҚИ отырыңыз:


МҰНЫ ІСТЕГЕН сәби өскенде МАЛТАПҚЫШ болады


БОҚШАны бойжеткен қыз емес, ҚАРТАЙҒАН ӘЙЕЛ жинайды