​ӨКПЕшіл қыздың ЫРЫСЫ кем бола ма?

0
4 693

Бұл ырымның жаны бар ма?


​ӨКПЕшіл қыздың ЫРЫСЫ кем бола ма?

Ырым мен тыйымға кенде емеспіз ғой. Десек те, қазақтың ырымышылдығынан кейде бас айналып кетсе де, сол ырымға сенгендіктен, өмірінде де осыған байланысты жағдайлар жиі туындап жатады.

Мәселен мен өзім кез келген ырымға сене бермейтін едім. Мүмкін көңілге "алу" мен "алмауда" шығар мәселенің барлығы. Адам сенгісіз жағдай болса да, осындай ырымның бар екендігін естіп таң қалғанмын.

Бәлкім жай ғана сәйкестік те болуы ықтимал. Айтқым келгені, бала кезімнен бірге өскен, екеуміз көрші тұрғандықтан, таңның атысы, күннің батысы алаңсыз ойнап бірге жүрген құрбымның жайы болатын.

Балалық шақтан бірге өскен құрбының жайы әрбір адам баласы үшін мүлде бөлек әңгіме. Балалық шағымыздың естеліктері де көбінесе екеумізге ортақ. Ол біздің үйде, кейде мен оның үйінде ойнап, солай бір дастарханнан шәй ішіп жүре беретін едік.

Қазір соның барлығы еріксіз есіме түсіп отыр.

Құрбым бала кезінен тым өкпешіл, жаны жараланғыш-етін. Сәл нәрсеге тез ренжіп қалатын. Сондай кездерде мен барынша оған қамқор болуға, ренжітпеуге тырыссам да, үлкендер оның бұл мінезін түсіне қоймайтын. Әсіресе, оның кәрі әжесі бар еді. Сол кісі жиі ұрысып жүретін.

«Қыз баласы таңнан кешке дейін селкілдеп, көше кезіп жүре бермейді диуанаға ұқсап. Енді сендер үп-үлкен қыз болдыңдар, шешелеріңе қолғабыс етуге жарап қалдыңдар» деп кейде біздің ұзақ уақыт бірге ойнауымызға жол бермейтін.

Сонда да мен қылқылдап бара беретінмін оның үйіне. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, жапсарлас үй болған соң, барлығы да айқын. Бір-бірінің үйінде не болып жатқанын, кімнің үйіне қонақ келіп, кімнің үйінен кетіп жатқанын барлығы да біледі. Алақандай ауыл болғандықтан, айнадан көргендей анық.

Көрнекі сурет

Құрбым үнемі әжесінен ұрыс ести бергендіктен өкпешіл шығар деп ойлайтын едім. Сөйтсем, өзі өкпешіл адамдар болады ғой, сондай мінезі бар екен. Балалықпен аса мін бермеген болармыз. Кейін мектепте де басқа сыныптастарыма өкпелейтін, мұғалімдерге ренжіп жүретін «лайықты баға қоймады» деп.

Кейін байқасам, үнемі осылай айналасына шағым айтып жүретін құрбымнан біртіндеп, адамдар іргесін аулақ салып, жанына көп жуымауға тырысатынын байқап жүрдім. Сонда да менің оған жаны ашитын. Неге адамдар оны жақтыртпайды, оның жүрегі жараланып, көңілі қалып қояды деп ойламағаны ма дейтінмін.

Үнемі оның жанынан табылып, жұбатып жүретінмін. Кейін шыны керек, мен де мұндай құрбыдан жалыға бастадым. Өйткені оның жанында ұдайы шағымдану, көңілі толмаушылық, біреуге кінә артып өкпелеу сынды жағымсыз мінездері көп болатын. Соған қарамастан, достығымызға сызат түспесін деп барынша оны қолдауға тырыстым. Мектепті бітіріп, екеуміз екі жаққа кеттік. Студенттік шақты да бастан кешіп, ересек өмірге бет алдық. Сонда ғана мен түсіндім, құрбымның өкпешіл қыз екенін. Қазіргі кезде психологтар да адам өміріндегі сәтсіздіктерді біреуден іздегенше, өз бойына іздегені дұрыс деген сөздерінің жаны бар екендігін ұқтым.

Қазір төркіндеп, ауылыма барған сайын сол бала күнгі құрбымның жағдайын сұрастырып тұрамын. Ылғи да ол туралы еститінім, тағдыры оң болмаған екен. Екі рет тұрмыста болып, екеуінен де бағы жанбаған көрінеді. Мүмкін сол кінәмшілдігінің кесірі тиді ме екен деп ойланам. Өйткені жақсы өмір сүруге ұмтылып, қайда барса да талпынды.

Бірақ үнемі алдынан даңғыл жол ашылмағаны анық. Оны өзімен сөйлескен кезімде де барлық сырына қанық болдым, өмір жолымен таныстым.

Енді қазақтың ырымы бар екенін білген кезімде сол құрбым бірден ойыма түсті.

«Қыз бала өкпелегіш болса, ырысы кем болады» деген ырымды оқып, таң қалдым. Шынында да тек қана қыз баласы емес, жалпы адамның өкпешіл болғаны, кінәмшіл болғаны жақсы әдет емес. Ол ісіңнің алға басуына, жұмысыңның жүруіне кедергі болатыны да шындық.

Қазақтың қыз балаға қатысты тыйымының көптігі де сол, қыз баланы болашақ ана деп санайтындықтан, ал ана ұлттың тәрбиешісі екенін түсінгендіктен, тәрбиенің бастауын қыз балаға бұрған сияқты.

Нұр Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


КЕЛІН қандай жағдайда ТӨРГЕ шыға алады?


МҰНЫ қызы БОЙЖЕТЕ бастаған үй жасайды