​Сәбидің ТІЛІ КЕШ ШЫҚСА нағашысына ЫРЫМЫН жасатыңыз

0
51 319

Үш жастан асқан бала сөйлей алуы керек...


​Сәбидің ТІЛІ КЕШ ШЫҚСА нағашысына ЫРЫМЫН жасатыңыз

Қазақта ырым-тыйымдар да, наным-сенімдер де көп. Солардың жиі қолданылатыны халық арасында дәстүрге де айналып үлгерген. Соның бірі қазіргі күнде жиі кездесіп жүрген сәбидің өз жасына сай сөйлей алмауы, яғни, тілі кеш шықса нағашыларына апарып, ырымын жасату керек.


НАНЫМ-СЕНІМі мықты болса, адам шын ниетімен белгілі бір жағдайға сенсе, ол міндетті түрде орындалатынын дәлелмен келтіріп жүрген мамандар көп. Ауырып жатқан адамға дәрі емес, жақсы сөз, жылы көзқарас, көңіл аудару айығуға ықпалын тигізсе, демек,бұл дәстүрдің де балаға игі ықпалын тигізетіні сөзсіз.

Үш жастан асқан баланың «ана», «әке», «апа», «ата» деген бір-екі сөзді ғана айтып, қалғанын ыммен, ишарамен, жылаумен түсіндіріп жататынын сіз де өмірде кездестіріп жүрген шығарсыз?! Баланың бұл қылығына еркелік деп қарайтын ата-ана да, бала үшін уайымдап логопед маманына жүгінетін, алдын алуға тырысатын ата-аналар да бар.

Ал, қазіргі кездегі «жұмысбастылық», маманның ақылы қабылдауына баруға кейде қолының қысқалығы да себеп болып жатса, ежелден ата-бабаларымыз қолданып келген «өңешпен қылғындыру» ырымын жасап көріңіз.


Әрине, ырымға сену-сенбеу өз еркіңізде, дегенмен, дана халқымыз мұның пайдасы болғандықтан, осы күнге дейін сұрыпталып, жалғасын тауып келе жатқан салт екендігі рас. Кей жерлерде мұны білмейтін шығар, егер балаңыз жасына сай сөйлемесе, жасап көріңіз.


«Құрбы келіншектің баласын уайымдап, мұңын шағып отырғанда әрқайсысы өз білгендерімен бөлісіп, оған кеңес беріп, көмектесуге тырыстық», деді сіңлім. Сол кезде менің бала күнгі көргенім есіме түсіп «осылай жасап көрші» деп кеңес бердім. Есіңізде ме, бұрын Гүлсім әпкенің баласы төрт жасқа толғанша «ыммен» сөйлеп, әжемізді шошытып еді ғой. Сол кезде әжем «үш жастағы бала үлкендермен еркін әңгімелесе білуі керек. Ал сен болсаң, еш уайымсыз төрт жасқа келген баланы «қинап» жүрсің» деп әпкемізге ұрысып, әкемізге базардан арнайы қой сатып әкелдіріп, жиенді «өңешпен қылғындырып» еді. Қазір қараңыз, сол жиен зіңгіттей жігіт болып, ешкімге сөз бермейтін шешен болған» деп күліп алды.

(Суреттер ашық дереккөдерден алынды)

Шынында да сол оқиғаны сіңлім есіме түсірмесе мен ұмытып та кеткен екенмін. Төрт жасқа таяғанша оның «былдырлап» сөйлегенін «әлі кішкентай ғой», «еркелігі басымдау», «әкесі де солай кеш сөйлеген екен» деген сияқты сан түрлі сылтауларды айтатын әпкеміз әрине, баласының бұлай сөйлеуін «кемшілік» деп санамайды.


Содан қонақ болып жиі келе бермейтін әпкеміз жаздың күні балалар каникулға шыққанда нағашыларына қыдырып келген болатын. Әжемнің сол кезде жиенге жасаған ырымын көрдім. Көрдім де таңғалдым.

Әкем базардан сатып алып келген тоқтыны «жиендер ет жейді бүгін» деп әзілдеп жүріп, сол күні бауыздады. Әжем де, шүпірлеген балалар да барлығымыз қызық көріп, мал сойылып жатқан жерге барып, қызықтап отырдық. Бір кезде әжем сол жерде қойдың қып-қызыл өңешін алды да алаңсыз отырған жиеннің мойнына орап, қылғындырып ырымын жасады. Ойнап отырған бала кенеттен не болғанын түсінбей, шыңғырып жылап жіберді. Артынша «мама-а-а» деп еңіреді келіп.

Мұндайды алғаш көрген біз де жан-жаққа тым-тырақай қаша жөнелдік. Баласын жұбатып жатқан әпкеме «қорқатын ештеңе жоқ, ешкім де бұл ырымнан жүрегі жарылып өліп кетпейді. Бала қорқып, шыңғырып, қатты дыбыс шығарса жақсы болады. Сөйлеу жолдары осылай ашылады» деп әжем жұбату айтып жатыр.

Шынында да содан кейін көп ұзаған жоқ, бала емін-еркін сөйлеп, бір жылдан кейін мектепке барып, тілі «тас жаратындай» болып тақылдап тұрды.


Егер сіз де осындай мәселеге тап келсеңіз, нағашысына апарып, осы ырымды жасатып жіберіңіз. Пайдасы көп болмаса, еш зияны жоқ.

Балаңыздың таңдайы тақылдап, еркін әңгімелесе алатындай жағдайды жасаңыз.

Жазып алған: Г.Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ

Оқи отырыңыз:


СӘБИ СҮЮ үшін МЫНА ЫРЫМДЫ жасап көріңіз


ТӨРКІНГЕ алғаш барған ҚЫЗ үйіне не АПАРАДЫ не ӘКЕТЕДІ?