Шашуға теңге шашатындар бар

1
6 577

«Бұл сыйлығымыз шашу емес, көрімдік» болады десем, менімен таласқысы келеді. Сөйтіп шашудың қандай болатыны жайлы біраз мәліметтер іздеп көрдім әрі көппен өз ойыммен бөліскім келді.


Шашуға теңге шашатындар бар

Фото: worldharmonyrun.org

Сіз шашу шашу дәстүрін білесіз бе?

Бұл сұрақты қоюымның өзіндік себебі бар. Менің білуімше шашу – көнеден келе жатқан дәстүрдің бір түрі. Шашу негізінен салтанатты кештерде орындалатын рәсім.

Жақын араласатын құрбым көп жылдан бері Түркия мен Қытайдан киім әкеп, сатып жүретін. Кәсібі өрге басып биыл бір қаланың өзінен 2 дүкен ашты. Сауда үйінің ашылуына орай етжақындарын жинап, құдайы тамақ бермекші екен. Соған құрбылар ұйымдасып «шашуға жақсы бір құнды зат алайық, құрбылардан естелік болсын әрі дүкеннің сәнін келтірсін» деп ұйымдастырып отыр. «Бұл сыйлығымыз шашу емес, көрімдік» болады десем, менімен таласқысы келеді. Сөйтіп шашудың қандай болатыны жайлы біраз мәліметтер іздеп көрдім әрі көппен өз ойыммен бөліскім келді.

Жалпы, шашуды ақ самайлы әжелеріміз, көпті көрген апаларымыз, алтын құрсақты келіндеріміз жасайды. Ол рәсім шаңыраққа жаңадан сәби келгенде, жас келін босаға аттағанда, күйеу жігіт қайын жұртымен таныстыққа барғанда, жаңа құдалар келгенде, тұсаукесер, сүндет той және үйлену тойларында жасалады. Шашуға негізінен тәттілер шашылады. Оны жүгіріп жүрген кішкентайлар теріп, мәз болса, ал үлкендер жағы той жұғысты болсын деген ниетпен жердегі шашылып жатқан кәмпиттерді теріп алады. Шашудағы тәттілердің сапалылығы, бағасы маңызды емес, шынайы ниет пен ыстық ықылас болса болғаны. Кей өңірлерде шашудың құрамына құрт, ірімшік, өрік-мейіз секілді азықтар да қосылатын көрінеді.

Шашуды қуаныш иесі жасамайды әрі ондағы заттарды да алмайды. Ондағы тәттілерді тойға келген қонақтар алып келеді де, шараны өздері жасайды.

Көнеге көз жүгіртер болсақ, шашу дәстүрі түркі халқынан келген екен. Шашудың құрамындағы ақ қант қуаныш иесіне деген ниеттің, пейілдің ақтығын білдірсе, ал тәттілерді ара қатынастың беріктігін, сыйластықтың, ілтипаттың нышаны деп білуге болады.

Былтыр жиен ағамның ұлына жасаған сүндет тойында шашуға ылғи 50 теңгелік шашылды. Тойдағы қонақтар да, төрдегі құдалар да, босағадағы өнер азаматтары да, тіпті қызмет көрсетіп жүрген қыздарға дейін жапа-тармағай шашу алуға кірісті. Алғашында аңтарылып түсінбей қалдық. Сөйтсек, құлқынды тесіп бара жатқан 50 теңге екен, шіркін. 50 теңге үшін еңкейіп, еңбектеп кеткендер де кездесті. Сол көрініске куә болып отырған 96 жастағы әжем «баяғыдағы байлардың сарқыты әлі де бар екен-ау» деп күрсініп қойды.

Мен тұрмақ, менің әке-шешемнің ата-анасы туылмай тұрғанда өмір сүрген байлар қуаныштарына алтын-күміс, асыл тастарды шашатын болған деседі.

Осы тойдағы көрініс маған тым ерсі көрінді. Тойға келгендер той иесін адамдығына, адалдығына қарап емес, байлығы мен мансабына достасып жүргендей болды.

Одан да шынайы пейілмен, ақ жүрекпен, таза ниетпен, шын қуанышпен атқарылатын шашудың құрамын бұзбайық, ағайын!

Сіздің «шашу» туралы ойыңыз қандай? Осы бір жағымды дәстүрімізді қалай орындап жүрсіз? Жалпы, шашу шашып жүрсіз бе?

Ләззат Ахметова