​Сүндеттеудің сыры неде?

0
7 866

Жалпы, сүндеттеу пайғамбарымыздан қалған мағыналы іс екенін екінің біле бермейтіні анық.


​Сүндеттеудің сыры неде?

Фото:muftyat.kz

Сүндеттеу – барлық мұсылман халқына парыз. Сүндеттеу – мұсылманшылықтың, тазалықтың, пәктіктің белгісі. Әрбір ата-ана ұлын тақ жасқа яғни 3, 5 немесе 7-ге келгенде сүндеттегені абзал. Бұрындары баланы сүндеттеу молдаларға жүктелсе, қазіргі кезде бұл міндетті медицина мамандары атқарып жүр.

Жалпы, сүндеттеу пайғамбарымыздан қалған мағыналы іс екенін екінің біле бермейтіні анық.

Сүндеттеуді медицина тұрғысынан алып қарасаңыз да, діни жағынан қарасаңыз да денсаулыққа өте пайдалы.

Сүндеттеу пайғамбарлар заманынан өнеге болып келе жатқан мағыналы іс. Оның төркіні – Ыбырайым пайғамбарымыздан қалған көрінеді. Діни кітаптарда сүндеттеудің тарихы туралы мынадай деректер кездеседі.

Бір күні ұлық Алла Жебірейіл періштеге:

– Досым Мұхамбеттің дүниеге келетін уақыты жақындап келеді. Бүгін таң сәріде ұйықтамай отырған момын пендемнің үстіне Мұхамбеттің нұрын шаш, – дейді. Жебірейіл ұйықтамай отырған тақуаны таба алмайды.

– Тек бір дінсіз адам пұт жонып отыр екен, – дейді. Қайта жібереді. Бұл жолы да таба алмай оралады.

– Дүниені шарладым. Әлгі дінсізден басқа ояу отырған бір адамды таба алмадым. Бәрі ұйқыда, – дейді.

– Олай болса, соның үстіне шаш, – дейді. Ұйықтамай пұт жонып отырған Ыбырайымның әкесі Азар еді. Періштелер:

– Иә, Алла, бірақ ол саған емес, пұттарға табынады. Кейінгі адам ұрпағы өздерін көпқұдайлықтың шырмауынан қалай шығарып алады? – дейді. Ұлық Алла:

– Мен шебер Алламын. Бір іс бастасам, ақырын әуелден көріп, біліп тұрамын. Азардың ұлын сүндеттейсіңдер. Бұл оның бір Құдайға табынушы екендігінің айғағы болсын. Одан тараған барша үмбет осы сүндетті ұстансын. Сонда олар көп құдайға шоқынып, надандыққа ұрынудан аман болады, – дейді.

Періштелер Азардың беліне Мұхамбет пайғамбардың нұрын шашады. Көп ұзамай өмірге Ыбырайым пайғамбар келеді. Ыбырайым жеті жасқа келгенде Жебірейіл періште келіп, оны сүндеттеген екен.

Осыдан бастап ер бала бес немесе жеті жасқа толғанда оны сүндеттеу дәстүрге айналады. Оны мұсылмандықтың бір белгісі санаған.

Ал медицина мамандары сүндеттелудің мынадай қатерден қорғайтынын алға тартады.

* Жыныс мүшесінің қабынуының алдын алады;

* Жыныс жолы арқылы таралатын кеселдерді болдырмайды;

* Әйелді жатыр мойнының обырынан қорғайды.

Сүндеттелген балаға ағайын-туыс, көршілер келіп құтты болсын айтады. Арнайы мал сойылып, құдайы тамақ беріледі. Ал ата-анасының жағдайы келсе, ұлан-асыр той жасап, ұлын атқа қондырады. Бұл қазақ салтында «Сүндет той» деп аталады.

«Сүндет тойды» жиып аламын деп емес, жиған-тергенін шашып, елдің аузынан түспейтіндей, есінен шықпайтындай етіп той беру керек», деуші еді әжелеріміз.

Ләззат АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ.