СҮРБОЙДАҚ жігіт тез ҮЙЛЕНУІ үшін де жасалатын ЫРЫМ бар

0
18 996

Ел ішінде естімеген ырым көп...


СҮРБОЙДАҚ жігіт тез ҮЙЛЕНУІ үшін де жасалатын ЫРЫМ бар

Қазақтың ежелден жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлері, ырым-жырымдары жақсы ниеттен туындағандықтан өмір бойы қолданыста болып келеді. Ырымның да өміріңізге игі әсерін тигізетіні, жақсы жаққа бағыттайтыны болады. Солардың бірі үйлену тойына қатысты.

Ырымның жаманы болмайды, адам өзінің өмірінде орындалсын деп тілейтін тілегіне орай, түрлі ырымдарды қолданып жатады.


Мысалы, мен өз өмірімде мұндай ырымға сеніп, өзім қолданып көрмесем де менің келін болып босаға аттауым, енемнің сенімінен, ырымдауынан туындаған екен.


Қалай болғанын айтып берейін. Енем әлі күнге дейін жыр етіп, ұлының қалай үйлі болғанын айтып отырады. Мен де алғаш осы үйдің табалдырығынан аттап, босағасынан енгенде енемнің тым ырымшылдығына таң қалған едім. Арасында шыны керек, «апа, қойыңызшы! Болатынға да, болмайтынға да сене беріп, өз өміріңізді қиындатып жүрген жоқсыз ба?» деп те айтқанмын. Өйткені, әрбір іс-әрекеттен астар іздеп отыратынынан адам «шаршап, жалығып» та кететін.

Біз отау құрғанда күйеуім отызға жақындап қалған сүрбойдақ, мен жиырма екі жастағы бойжеткен едім.

«Нағыз тұрмыс құратын шағың, көңіліңе ұнаған адам болса көп ойлана бермей, шешім қабылдап, әрекет ет» деген туыстарымның сөзі де көбейе бастаған шағы болатын. Оқуымды бітіріп, жұмысқа орналасқан шағым. Тұрмысқа шығу ойымда болғанымен, менің қаһарманым, қорғаным болар ер-азаматты кезіктіре алмай жүрген шағымда болашақ жарыммен кәдімгі қоғамдық көлікте танысқан болатынбыз.

Осы таныстықтың соңы сыйластыққа, достыққа ұласып, біз жиі-жиі кездесіп, жолығып тұратын болдық. Ортақ тақырыбымыз да табыла кететін. Мен онымен бірге жүрген кезімде өзімді қауіпсіз сезінетінмін, ол менің жанымда жүргенде өзінің жалықпайтынын, уақытының барлығын маған арнаса да өкінбейтінін айтып, бірте-бірте махаббат тақырыбына ауыса бастады.


Осылай айналасы бір-екі айдың ішінде үйленуге шешім қабылдап, ата-аналарымызды да қуанттық. Болашақ енем мен анамды таныстырып, олар өзара сөйлесіп, той болатын күнді де белгіледі. Сырға салуға келгенде енем сырын ашты.

«Осы сырғаны шаңырағымызға тезірек келін келіп, құт орнасыншы деп ырымдап сатып алған болатынмын. Ұлымның да жұрт қызығарлықтай қасиеттері мол болғанымен, әйтеуір үйленуге келгенде ұзақ күтуімізге тура келді. Шыны керек, қалайша менің ұлыма бірде бір қыз ұнамауы мүмкін?! Айналасында топырлап жүрген қыздардың талайын көрсеттік. Сонда да көңіліне қонбағанын айтатын. Қобалжыдым да, уайымым да осы ұлым болған еді. Жасы ұлғайған сайын таңдауы мен талғамы өсіп тіпті есеңгіретіп бара жатқан соң, айлаға көшіп, ырымдап осы сырғаны сатып алдым. Сенімім мықты болған шығар, барлығын осы жансыз зат, алтын сырға шешіп тастайтындай болып, тыныш ұйықтай бастадым.

Шынында да бүгінгі қуанышты күнге жетіп отырғанымызға, жақсы жаңалықтың жаршысы болуға осы сырғаның да қатысы бар деп айта аламын. Шаңырағыма құтты келін болсын, ұлымыз сіздерге қызмет ететін мықты күйеу бала болсын! Құдалығымыз жалғасып, мың жылдыққа жалғаса берсін!», деген еді.


Мен келін болған әулеттің мерейін тасытып, үбірлі-шүбірлі болған шақта да енемнің разылығын алғанда міндетті түрде осы сырға туралы айтылып қалады.

Ырым етіп «сүрбойдақ ұлым үйленсін, келінді болайын» деген ниетінен жамандық көрмегенін, келінді болып, ұлының ұрпағы жалғасып, немерелі болып жатқандығын айтып сол сырғаны еске алып отырады.

Тіпті, «ұлым қыз таңдап көп жүріп қалды, үйлендіре алмай жүрмін» деген сөзді әйелдерден естісе, өзінің тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып отыратын болған. Кім білсін, бұл жай ғана ырым, наным-сенім десек те, аналардың асқақ арманы орындалып, ұлы үйленіп, келін түсіріп жатса мұның несі жаман?! Қуаныш емес пе?!

НҰР Әлем,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Қазақ неге БОСАҒАға өзі отырып, қонағын ТӨРге шығарады?

«ТАНА ТАҒУ» баланың өзіне деген СЕНІМін арттыратын ДӘСТҮР