Арықтау үшін ораза ұстайтындардың амалы дұрыс па?

0
8 541

Иә, расында да көптеген қыз-келіншектер бүгінгі қоғамда Алла ризашылығы үшін емес, тек артық салмақтан арылу мақсатында ораза ұстайтындары жасырын емес. Салмақ тастап, діттеген мақсаттарына жетіп жатқандары да бар. Әйткенмен, ораза ұстаудың негізгі мақсаты бұл емес. Осыны нәзікжандылар естен шығармаса екен.


Арықтау үшін ораза ұстайтындардың амалы дұрыс па?

Иә, расында да көптеген қыз-келіншектер бүгінгі қоғамда Алла ризашылығы үшін емес, тек артық салмақтан арылу мақсатында ораза ұстайтындары жасырын емес. Салмақ тастап, діттеген мақсаттарына жетіп жатқандары да бар. Әйткенмен, ораза ұстаудың негізгі мақсаты бұл емес. Осыны нәзікжандылар естен шығармаса екен.

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы оразаны дұрыс ұстау амалдары жайлы aktobenews.kz сайтында былай деген екен:

«Дініміз Исламның бес парызының бірі – Рамазан айында ораза ұстау.

Біз оразаны қандайда бір материалдық пайданы күйттеп немесе тек қана денсаулығымыздың жақсаруы үшін ұстамаймыз. Ең әуелі Алланың әмірі болғандығы үшін және оның разылығына бөлену үшін ұстаймыз. Ораза осы ниетпен ұсталғанда ғана қабыл болмақ».

Яғни, ең алдымен ниетіміз түзу болу керек. Ниет дегеніміз – Алла ризалығы үшін мына күннен бастап ораза тұтамын деп шын жүрекпен іштей шешім қабылдауды айтады. Жоғарыда айтып өткеніміздей тек осылай ниет еткенде ғана сіздің оразаңыз қабыл болады. Алайда, қандай да бір басқа оймен, дене-бітіміңізді өзгерту үшін ораза ұстаудың қажеті жоқ. Мұндай мақсатқа айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айынан басқа кезде де уақыт табылады. Сондықтан да, қымбатты оқырман, ең алдымен ниетімізді дұрыстайық!

Оразаның пайдалары

Психологиялық талдауларға сүйенер болсақ, адам ораза кезінде дұрыс тамақтануды үйренетін көрінеді. Мәселен, сіз жол бойында кетіп бара жатып, кез келген жерден зиянды тағамды жей саулыңыз мүмкін. Ал, аузыңыз ораза болса, осындай нәрселерден тыйыласыз. Бір айдан кейін бұл әдетке айналады. Жолда сатылып тұрған фаст-фудтарды жеуден аулақ боласыз. Себебі бұл сізді семіртетін ең оңай жолдардың бірі. Статистикалық мәліметтер бойынша мұсылман елдерінде май басудан халықтың 10 пайызы ғана зардап шегеді екен. Олар ораза ұстап, одан кейінгі уақытта да майлы, зиянды тағамдарды дастархан басына әкелмеуді үйренген. Мұндай тағамдардан біз ораза ұстау арқылы ғана бас тарта алады екенбіз.

Сонымен қатар, мұсылмандар шошқаның етін мүлде жемейді. Керісінше өте пайдалы сүт өнімдерін ішіп, ағзаны дәрумендермен қанықтырады.

Бұдан бөлек, ораза ұстаушылар «ысырапшыл» болуды қаламайды. Бұл қасиет те адамды бекерге ақша шашудан аулақ етеді. Жалпы, дастарханға қой етінен жасалған бірінші тағамдар, тәттілерден – кептірілген жемістер мен бал ғана қойылуы тиіс. Аталған тағамдардың денсаулыққа, ой-санамызға қаншалықты пайдалы екенін білесіздер.

Ораза кезінде ұсынылатын тағамдар

Сәресі ас: Сұлы жармасынан жасалған ботқа, жемістер мен сүт өнімдері.

Ауызашар ас: Бұл уақытта асқазанға көп ауырлық түсіруге болмайды. Қайнатылған сорпа мен жеңіл көкөністерден жасалған салат жеңіз. Қуырылған тағамдардың орнына буға піскен асты жеген пайдалы. Сондай-ақ, дәмдеуіштерді де аз-аздан қосқан дұрыс. Жалпы күні бойы су ішпейтіндіктен, ауыз ашқаннан кейін судың мөлшерін толықтырған абзал. Ол үшін көп көлемде аз-аздан су ішіңіз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ