КАРАНТИН кезінде ДИЕТА ЕМЕС, дұрыс ТАМАҚТАНУДЫ қолға алыңыз!

0
2 872

Диета ұстаймын деп ағзаңызды әлсіретіп алуыңыз мүмкін. Ал, вирус күш-қуаты, бойында нәрлі заттары аз адамға тез жабысады.


КАРАНТИН кезінде ДИЕТА ЕМЕС, дұрыс ТАМАҚТАНУДЫ қолға алыңыз!

Карантин кезінде барлық адамзат баласының үйде отыруы маңызды. Қазіргі таңда сән салондары мен фитнес-клубтар, жаттығу залдары және басқа да көптеген орталықтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Тіпті, көшеге шығып жүгірудің өзі қауіпті. Осындайда үнемі артық салмақпен күресіп келе жатқан қыз-келіншектер салмақтарын арттырып аламыз деп алаңдайтыны анық. Өйткені, бұлайша уайымдауға да негіз бар. Үйде отырған әйел көбіне асханада ас-су дайындап жүретіндіктен мұндайда тағамнан бас тарту қиындай түседі.


Карантиннің пайдалы жақтары да жоқ емес. Жұмыстан қолы босаған әйелдер жағы балаларға ерекше көңіл бөліп, үйдің ішін тазалап, біраз тірлігін бітіріп алады. Алайда, олар асханаға алаңдамай тұра алмайды. Оның үстіне демалыс уақытын пайдаланып, тәтті-дәмділерді пісіреді. Міне, осыдан кейін артық салмақ қосып алмау мүмкін еместей көрінеді. Егер сіз де дәл осылай уайымдап жүрген болсаңыз, мамандар ұсынған кеңестерге көз жүгіртіңіз.


Таңғы жаттығу


Таңертең міндетті түрде жаттығу жасауға әдеттеніңіз. Жалқаулықты жеңіп, жаттығулар кешенін жасасаңыз, ұйқыңыз шайдай ашылып, ары қарай құлшына іске кірісіп кетесіз. Осылайша зат алмасу жүйесінің де жұмысына әсер етіп, ағзаны белсендіре түсесіз.


Таңғы ас


Таңғы астан ешқашан бас тартпаңыз. Күні бойы шаршамай, әлсіздікті сезінбей жүруіңізге таңғы астың тигізер пайдасы көп. Таңғы асты ішпеген жағдайда ағзаға зиянды тағамдарды жеп қоюыңыз әбден мүмкін. Ал, бұл бір күндік тамақтың калориясын арттыра түседі.

Таңғы асты дұрыс тамақтанумен бастаған дұрыс. Мысалы, сұлы ботқасын дайындап, йогурт ішуге болады. Сүзбе жеген де артықтық етпейді.


1 стақан су ішу міндетті


Ұйқыдан тұрған соң бір стақан су ішіңіз. Аш қарынға ішкен судың пайдасы мол. Тек карантин кезінде ғана емес, басқа уақыттарда да су ішуді жалғастыра беруге болады. Су ағзаны оятып, зат алмасу жүйесін іске қосады. Соныен қатар, асқазанның бір бөлігін сумен толтырып аласыз. Осылайша таңығ асты асыра жеуге бөгет жасайсыз.


Тағам мөлшеріне мән беріңіз


Тағамның мөлшеріне мән беру өте маңызды. Өйткені карантин кезінде азық-түлікті артығымен алып, қамданып алғанымыз рас. Осындай азық-түліктерден енді өз қалауымызша түрлі тағамдарды дайындап, қарынды тойдыратынымыз белгілі. Әрине, бұл салмағымызға салмақ қосып, семіздікке апарады. Сондықтан тамақтану тәртібін орнатыңыз. Ол үшін күніне 5 рет тамақтануды қолға алу керек. Жиі-жиі тамақтану арқылы қарынның ашуына жол бермейсіз әрі тәттілерді жеп қоюдан сақтанасыз.

Қимыл-қозғалыс аз болғандықтан әдеттегі атамқ мөлшерін де азайтуға болады. Өйткені сіз күні бойы үйде отырасыз. Көп қимылдамайсыз.


Азық-түлікті таңдау

Азық-түлік сатып аларда макароннан, ұннан жасалған азықтардан, тәттілерден, торттар және т.б. калориясы басым әрі зиянды тағамдардан бас тартқан жөн. Оның орнына пайдалы, құнарлылығы төмен азық-түліктерді таңдаңыз. Тіпті, диетологтардың айтуынша алманың өзі салмақ жинауға себеп болуы мүмкін екен. Оның құнары болғанмен, қарынды тойдырмайды.

Тек қана арасында қара шоколад, бадам, жаңғақтар жеп өзіңізді еркелетіп қойсаңыз болады.


Суды көбірек ішуді ұмытпаңыз

Көп су ішкен сайын, артық тамақ жеуден сақтанасыз. Күні бойй тек пайдалы қайнатпалар мен шайларды, қарапайым суды ішуге тырысыңыз. Әрбір тамақтанудың алдында 1 стақан су ішуді ұмытпаңыз. Бұл сізді коронавирустан да, семіздіктен де қорғайды. Көпшілігіміз таңғы асқа кофе ішкенді қалаймыз. Егер сіз де таңғы асқа кофе ішкен болсаңыз, артынан көп мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз.


Іш пысу – фигураның жауы

Ас дайындаудан қолдары босамайтын қыз-келіншектер карантин кезінде тамақты қалай естерінен шығарса болады? Ол үшін сіз өзіңізге қызықты қандай да бір іспен шұғылдануыңыз керек. Сонда ғана тамақтануды ұмыта аласыз. Мысалы, онлайн сабақтарға жазылуға, балалармен бірге уақытты көңілді өткізуге, тіпті, тоқыма өнерін үйренуге болады. Бұдан бөлек, осыған дейін уақытыңызды жеткізе алмай жүрген дүниелерді дәл қазір жасауға мүмкіндік туып тұрғанын да естен шығармау керек.


Диетаға отырмаңыз

Көпшілік карантин уақыты диета ұстауға өте қолайлы деп ойлайды. Алайда, бұл пікір қате дейді мамандар. Себебі қатал диеталардың кесірінен ағзаға қажетті минералды заттарм ен дәрумендер жеткіліксіздігін сезінуіңіз мүмкін. Ақырында ағзаңыз әлсіреп, кез келген ауруға қарсы тұра алмауыңыз ғажап емес. Сол себепті де ең дұрысы дұрыс тамақтануды қолға алып, уақытылы тамақтану.

Үйде қолыңыз қалт еткенде қимыл-қозғалыс жасауға тырысыңыз. Мәселен, теледидар көре отырып жаттығу жасауға, разминкалармен айналысуға болады. Ең басытысы, көңіл-күйіңізді түсірмей, бірқалыпты ұстау керек дейді дәрігерлер.

Дайындаған: Құрманкүл ӨМІРЗАҚҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Індет кезінде уақытылы тамақтану маңызды


10 келіге арықтауға көмектесетін ЕКІ ТҮРЛІ салат мәзірі


ЖАҢА ДИЕТА: АЙРАНМЕН әр күні 1 келі САЛМАҚ тастайсыз!