Кімдерге ҚОЙ ЕТІН жеуге БОЛМАЙДЫ?

0
7 079

Бойыңызда бұл дерттердің бірі болса, қой етінен бас тартыңыз.


Кімдерге ҚОЙ ЕТІН жеуге БОЛМАЙДЫ?

Қазақ үшін еттің орны бөлек. Күнделікті ең болмаса бір түйірі тамағынан өтіп тұрмаса, қарын да, көңіл де тоймайды.


Көпшілік үшін қолжетімді әрі бағалылардың бірі – қой еті. Оның ағзаға пайдалылығы мен зиянына қатысты түрлі пікірлер айтылады. Біреулер қой етін сиыр етінен әлдеқайда пайдалы десе, енді біреулер оны ағза жақсы сіңіре алмайды, оның пайдасынан зияны басым дейді.


Асылында, қой еті соншалықты зиян емес. Майлылығына қарамастан, онда сиыр етіне қарағанда холестерин азырақ. Құрамында:


  • фтор (тісжегіден сақтайды)
  • лецитин (қант диабетінің адын алады)
  • калий, натрий, магний тұздары (жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысын жақсартады)
  • темір (қантүзілімі үшін аса қажет)
  • йод (қалқанша безі жұмысын қалыпқа келтіреді) көп мөлшерде кездеседі.


Сондай-ақ, ақуыз, пайдалы аминқышқылдар мен минералды заттар көлемі жөнінен де өзге жануарлар етінен кем түспейді.

Сондықтан, түбегейлі шектеу қоймай, ара-тұра тұтынып, пайдалы тұстарын алып тұрған артық болмайды.

Тек, бұл азықтан белгілі бір дерті бар кісілер тыйылса болғаны. Олар кімдер?


  • Қой еті – калориясы жоғары азық. Сондықтан, бірінші кезекте артық салмақпен күресушілерді атау керек. Артық салмағы бар не семіздікке бейім жандардың мәзірінде қой етінің орнын сиыр мен құс, балық еті басса құба-құп.


  • Бойыңызда буынға тұз байлануы, құяң дерті болса, қой етін ғана емес, сиыр мен жылқы етін де барынша шектеуге тура келеді. Ал, бауыр, бүйрек, жүрек, тіл сынды субөнімдерін мүлдем тұтынбаңыз.
  • Бүйрек пен өт қабы, бауыр жұмысында кінәраты барлар да қой етінен бас тартуға тиіс. Тұтынған жағдайда өт-тас ауруларын қоздыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ, асқазан қышқылдығының жоғары болуы да осы қатарда.
  • Созылмалы гастрит, басқа да асқазан-ішек жолы ауруларынан зардап шегушілер де қой етінен басқа ет түрлеріне көшкені дұрыс. Әйтпесе, асқазан жарасының асқынып кету қаупі басым.
  • Етті тұтынушының жасын да ескеру керек. Үш жасқа дейінгі балалар мен егде кісілердің ағзасына қой етін қорыту, сіңіру процесі қиын әрі ұзақ.
  • Атеросклероз секілді буын аурулары мазаласа, қой етін тұтынуды азайтыңыз. Мәзірден мүлдем алып тастауға да болады.
  • Ұйқы безінің қабынуы – қой етінен бас тартуға салмақты себеп.

Зәуде бір қой етіне аңсарыңыз ауғанда асқазан мен көңілге дәмін татырып қоюға болады. Өйткені, қандай да бір дене мүшесінің жұмысында ақау болғанымен, жалпы ағза қой еті құрамындағы пайдалы элементтер мен майды қажетсінеді. Қажеттілікті сирек те болса қанағаттандырып тұрыңыз. Тек ол майсыз, жас төлдің қара кесек еті болғаны дұрыс.

Суреттер ашық дереккөзден алынды.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ