​Неліктен арықтай алмай жүргеніңізді білесіз бе?

0
20 000

Қанша тырыссаңыз да арықтай алмай жүрсіз бе? Оның себебін білгіңіз келе ме?


​Неліктен арықтай алмай жүргеніңізді білесіз бе?

фото: 4.404content.com

Қанша тырыссаңыз да арықтай алмай жүрсіз бе? Оның себебін білгіңіз келе ме?

«Мен дұрыс тамақтанып жүрмін. Күн сайын жаттығулармен де айналысамын. Бірақ еш арықтамаймын», - дейтіндер де болар арамызда. Әрине, мұндай жағдайлар да кездеседі. Өйткені сіз арықтау кезінде қандай да бір қателікке бой алдырғансыз. Сондықтан да діттеген мақсатыңызға, яғни, сымбатты боламын деген арманыңызға жете алмаудасыз. Ендеше, өзіңіздің қай жерде «сүрінгеніңізді» анықтап көріңіз.

Бірінші себеп: тағамның құнарлылығы артқан

Сіз күн сайын жаттығу жасап жүрсіз. Бұл жаттығулар қажетті калорияны сіңіруге көмектеседі. Алайда, жаттығумен қатар көп тамақтанып жатқаныңызды байқамай жүрген боларсыз. Мұндай жағдайлар көптеп кездеседі. Сіз мұны өзіңіз де білмей қаласыз. Кейбір қыздар «Бүгін жей берейін. Ертең фитнеспен айналысып, бұл тағамдарды жоямын» деп ойлайды.

Не істеу керек?

Ең алдымен әрбір тағамды ойланып жеңіз. Тамақтану алдында миыңызды іске қосыңыз. Бұл айтылғандарды орындамасаңыз, арықтауға қол жеткізбейсіз.

Екінші себеп: өте аз қимыл-қозғалыс жасау

Спортзалға уақытылы барып, қажетті жаттығуларды жасайсыз. Бірақ, күні бойы компьютермен жұмыс істейсіз болмаса үйде болсаңыз, теледидар қараудан жалықпайсыз. Міне, мұндай әрекеттен кейін сіздің салмақ тастауыңыз екіталай. Өйткені ағза мұндай жағдайда аз энергия жұмсайды да май қабаттары толыға береді.


фото: srcn-avis.ru

Не істеу керек?

Аптасына 2-3 күн фитнес залына бару жеткіліксіз. Үй жағдайында көбірек қимылдап, өз энергияңызды көбірек жұмсауға тырысыңыз. Мысалы: күн сайын жедел сатымен көтерілетін болсаңыз, енді баспалдақпен шығыңыз. Серуендеуді әдетке айналдыруға болады. Жұмыс орнында да күні бойы бір орында отыра бермей, орныңыздан тұрып, басқа бөлімшедегі әріптестеріңізге барыңыз. Шеңберді айналдырып, велосипед тебуге де болады. Жалпы қимыл-қозғалысты арттырғаныңыз жөн.

Үшінші қателік: тағамды өте аз жеу

Иә, шынында да бұл мәселе де сізді арықтатпайды. Себебі сіз алғашқы күндері тамақтан бас тартып, келесі 2-3 күнде көп тамақтануыңыз ғажап емес. Егер көп ашығып, тез арықтаймын десеңіз қатты қателесесіз. Мұндайда сіздің көз алдыңызға түрлі тәтті тағамдар келіп, үнемі қарныңыздың ашқанын сезінетін боласыз.

Не істеу керек?

Сондықтан да бір тәуліктік тағам құнарлылығын дұрыс есептеп, сол бойынша тамақтанған дұрыс. Тағамның құнарлылығын қалай есептеуге болатынын біз алдыңғы мақалада айтқан болатынбыз. Сол бойынша өзіңізге лайықты калорияны шығарып аласыз.

Сонымен қатар, ақуызды тағамдар (балық, ет, тауық еті, жұмыртқа, қышқыл сүт өнімдері) ашқарақтықты басады. Ұзақ уақыт бойы қарныңызды ашпайды деуге болады. Бұдан бөлек, көкөністер мен жемістерді, жасұныққа бай тағамдарды да ас мәзіріне қосуды ұмытпау керек.

Төртінші қателік: тамақтану уақытының дұрыс болмауы

Әлі күнге дейін біз «Таңғы асты өзің іш, түскі асты досыңмен бөліс, кешкі асты жауыңа бер» деген қағидаға сүйенеміз. Алайда бұл да тамақтанудың дұрыс құрылмауына жатады екен. Түске дейін құнарлы тағамдарды ішіп-жеп, түстен кейін немесе алтыдан соң тамақ жемей қоюдың соңы жақсы нәтижеге апармауы мүмкін.

Не істеу керек?

Жиі-жиі тамақтаныңыз, бірақ аз-аздан. Осылайша ағза аз тамақтан құнар алуға дағдыланады. Ал, сіз көп тамақтанбайтын боласыз. Оның үстіне аз-аздан әрі жиі-жиі тамақтану қандағы қанттың азаюына ықпалын тигізеді екен.

Бесінші қателік: аз ұйықтап, көбірек жүйкені тоздыру

Сіз жұмысыңызды немесе басқа да жағдайларды ойлап мазасызданасыз, стреске берілесіз. Соның салдарынан өте аз тамақтанғаныңызды, кейде тіпті, асыра жеп қойғаныңызды байқамай да қаласыз. Сондай-ақ, ұйқысыздыққа шалдығып, жүйке-жүйеңізді жұқартасыз. Мұның барлығы да сіздің арықтауыңызға кері әсерін тигізетін факторлар.

Не істеу керек?

Өз күніңізді қалыпқа келтіріңіз. Жоспар құрыңыз. Ұйқыға күнделікті бір уақытта жатуға тырысыңыз. Ол үшін бойдағы стресті жоюға әсер ететін тыныс алу жаттығуларын орындасаңыз болады.

Алтыншы қателік: өзіңізге-өзіңіз алданып қаласыз

Күнделікті тағамның құнарлылығын есептеп, сол бойынша тамақтанып жүрсіз. Алайда, сіз тамақтану арасында құрбыңызбен жеп қоятын печеньені немесе шағылған бір уыс шекілдеуікті, тамақ дайындап жатқан кезде көрген дәмдеріңізді ұмытып кетіп жүрген боларсыз?! Мұның барлығы да есептелуі тиіс.

Не істеу керек?

Күнделік арнау қажет. Егер есіңізден шығып кететініне көзіңіз жетсе ұялы телефонға сақтап қоюға болады. Әрбір жеген тамағыңызды жазып немесе суретке түсіріп сақтап отырыңыз. Сонда кешке өзіңізге есеп беру жеңіл болады.

Өз қателіктеріңізді түсінген боларсыз. Алдағы уақытта осы олқылықтардың орнын толтыратын болсаңыз, сіз өте жақсы нәтижеге жетесіз! Сіздің қолыңыздан бәрі де келеді!

Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ