Психология - арықтауға көмектесетін ең керемет құрал

0
402
Оқырмандарымызға, әсіресе артық салмақтан арыла алмай жүрген нәзікжандыларға қол ұшын созу мақсатында Қазақстан Республикасының «Жылдың ең үздік психологы - 2017» байқауының жеңімпазы, инстаграм желісінде арықтау марафондарының үздік жүргізушісі атанған Тасанова Айгүл Тынышбайқызымен (суретте) әңгімелесіп, сұхбаттасқан болатынбыз

Психология - арықтауға көмектесетін ең керемет құрал

Бүгінде ғаламтор желісіне «арықтау» деп жазатын болсаңыз, сан түрлі заманауи арықтау тәсілдерін шығарып береді. Оның біріне сенсеңіз, енді біріне сенбеуіңіз мүмкін. Дегенмен, көңілге қонымдылары да бар деуге болады. Міне, осындай заманауи салмақ тастауға көмектесетін тағы бір ерекше әдіс бар екен. Ол – психологиялық арықтау деп аталады. Иә, шынында да адам психикасы өз дене бітімін ұнамды етуге, қалағанындай мүсінге қол жеткізуге септігін тигізетін көрінеді. Мұны психолог мамандар соңғы уақытта дәлелдеп те жүр. Оқырмандарымызға, әсіресе артық салмақтан арыла алмай жүрген нәзікжандыларға қол ұшын созу мақсатында Қазақстан Республикасының «Жылдың ең үздік психологы - 2017» байқауының жеңімпазы, инстаграм желісінде арықтау марафондарының үздік жүргізушісі атанған Тасанова Айгүл Тынышбайқызымен (суретте) әңгімелесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

- Айгүл Тынышбайқызы, психология әлеміне қалай келдіңіз?

- Психологияға мен 17 жасымда келдім. Жастық жалынмен осы мамандықты таңдап, оқуға түсіп кеттім. Психологияға жоғары оқу орнында білім алып жүргенде, кейіннен тәжірибе барысында жақсы қаныға бастадым. Менің жеке тұлға болып қалыптасуыма психологияның көп көмегі тиді.

- Психологиялық арықтау деген не? Онымен арықтау мүмкін бе?

- Психология тек көмекші құрал ретінде жүреді деп айтқанымыз дұрыс шығар. Себебі психологиямен қоса, диета, фитнес, дұрыс тамақтану барлығы қатар жүруі тиіс. Мен марафонға қатысушыларға мақсат қоюды үйретемін. Қазіргі кезде мақсат қоя білу өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Сондықтан да әр адам марафонға қатысарда қанша келі салмақ тастауды жоспарлап отырғанын біліп алуы керек. Сондай мақсат қойса ғана ол жетістікке жетеді. Дегенмен, мақсат қоюдың жөні осы екен деп «бір айда 20 келі салмақ тастағым келеді» дей салуға тағы болмайды. Мақсатты да дұрыс қоя білу керек. Өйткені бұл мақсатқа ең алдымен өзіңіз сеніп тұрған жоқсыз. 20 келі салмақ тастау мүмкін емес екенін білесіз. Сондықтан да әр адам түпкі сана-сезімімен мақсатының орындалатынына сенгенде ғана ол дұрыс болып есептеледі. Мақсатты да қол жетімді етіп қойған дұрыс. Семинар тренингтерде айтылатын мынадай бір мысал бар еді: «Бүтіндей бір пілдің етін жеу мүмкін емес. Ол етті бірнеше бөлікке бөліп, бір-екі ай бойы жейсіз. Сол сияқты мақсатты да күнге, айға бөліп қойған жөн», - деп айтылады. Мен де марафонға қатысушы қыздарға осыны үйретемін. Олар күніне қанша салмақ тастайтынына дейін жоспарлап, ақыры сол нәтижеге қол жеткізеді.

- Сіздің марафоныңызда ең көбі қанша салмақ тастады? Осы күнге дейін қандай нәтижелер көрсете алдыңыз?

- Менің марафонымда ең көп салмақ тастаған қыз бір айда 13 келіден арылды. Ал, айына 7-8 келі жоғалтатындар өте көп. Сондай-ақ, 5 келі салмақты марафонға қатысушылардың барлығы тастай алады деп 100 пайыз сеніммен айта аламын. Бірақ та әлемде 7 миллиард адам болатын болса, олардың ағзалары да бір-біріне ұқсамайды. Яғни, әркімнің ағзасы әртүрлі болады деген сөз. Дұрыс тамақтануға әр ағза әр түрлі жауап береді. Менің өзімнің арнайы ас мәзірім бар. Сол мәзірмен ас дайындап, айтқанымның барлығын орындап отыратын болса, 5 келі салмақты ойланбай тастай алады. Арасында жалқаулыққа салынатындары да болады. Олар, әрине, аз салмақ тастайды.

- Иә, өзіңіз айтқандай психологияның адамға тигізер пайдасы көп. Мәселен, психология арқылы табысқа жетіп, кез келген ауруды емдеп жазуға болатынын естіп жүрміз. Алайда, психологиямен семіздікті қалай жоюға болады? Сіз тәжірибелі психолог ретінде марафоныңызға қатысушыларға қалай мотивация бересіз?

- Марафонға қатысушы қыздар өте көп. Олардың барлығы да бір-екі айдың ішінде артық салмақтан арылып, ойындағыдай фигураға қол жеткізгілері келеді. Алайда, ол үшін адамның психологиясы соған дайын болуы керек. Көп қыздар «Мен өз дене бітімімді көргім келмейді. Маған еш жерім ұнамайды, айнаға да қарағым келмейді» - деп айтып жатады. Міне, осындайда мен: «Олай айтсаңыз өте қатты қателесесіз. Керісінше сіздер мұндай уақытта қазіргі ағзаларыңызды, денелеріңізді сүюлеріңіз керек. Өйткені ағза сіз үшін орасан зор қызмет етуде. Осынша ауыр салмақты көтеріп жүру, түрлі майлы тағамдарды сіңіру ағзаға да оңай емес. Сол үшін де сіздер ағзаға сол қызметі үшін алғыс айтуларыңыз керек», - деймін.

- Психологиялық тұрғыда біз ағзамызға ризашылық білдіріп, іштей «Мен әсемдікке ұмтыламын. Әрдайым өзімді жақсы сезінемін. Алдағы уақытта дене бітімім ойдағыдай болады» деп үнемі позитивті ойлауымыз керек. Осылай ойлағанда ғана ағза бізге сол жақсылықты еселеп қайтарады.

- Айгүл ханым, барлық адамда негатив ойлар міндетті түрде болады. Өзіңіз осындай жағымсыз ойлардан қалай арылдыңыз? Ол үшін не істедіңіз? 20 келі салмақты қалай тастадыңыз?

- Мен ең алдымен өзімнен есеп алдым. «Толысып кетуіме не себеп болды? Артық тағамды не үшін жеймін?» деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Сонда бұл сұраққа жауап таба алдым. Мендегі артық салмақтың жиналуына сыртқы факторлар ғана емес, ішкі факторлар да әсер етіпті. Сыртқы факторға – бала тауып, соның әсерінен толысу, артық тағам жеу жатса, ішкі факторларға – адамның көңіл күйі, эмоциясы, жай-күйі жатады. Біз көңіл-күйіміз болмағанда тоңазытқышқа жүгіріп, дәмді тағамдарды жеу арқылы өзімізді тыныштандырады екенбіз. Өзіме осылайша есеп берген уақытта маған эмоционалдық жылулық, өмірге қызығушылықтың төмендігі, ең бастысы - өз-өзіме сенімділіктің жоқтығы әсер еткен екен. Соның салдарынан мен бойыма артық салмақ жинаппын. Сонымен қатар, адамның өзін-өзі төмен бағалауы да бұл тұрғыда маңызды факторлардың бірі саналады. Осындай жағымсыз ойларды жеңу үшін, жеңілдікті тағамнан іздемей, өзіме ұнайтын іспен айналысуға кірістім. Қолым босаған мезетте кітап оқимын, жұмыста өсу үшін іздене бастадым. Міне, осындай істермен айналыса бастағанымда, менде өзіме деген сенімділік пайда болып, арықтауға бел байладым.

- Марафон жүргізгеніңізге қанша уақыт болды?

Бұл іспен айналысып жатқаныма бір жылдың көлемі болып қалды. Басында менің марафоныма 12-13 қыз қатысатын. Кейіннен 20-25, 30-40 қызға осылай көбейе берді. Шамамен бір жыл ішінде 300-400 қызға көмегім тиді. Марафонға қатысушылардың 90 пайызы менің қолдауыммен салмақ тастауға қол жеткізді деп айта аламын. Ал, 10 пайызы менің айтқанымды орындамай, жалқаулық танытып, менюден тыс тағамдарды жеп қоятындар. Қатарынан 3-4 марафонға қатысып бірнеше келі салмақ жоғалтатындар бар. Мысалы, Шымкент қаласынан бір қызым қатарынан 2-3 ай бойы марафонға қатысып, қазіргі таңда 16 келі салмақ тастап отыр. Мұндай жетістіктерім өте көп.

Бір айлық марафон аяқталғаннан кейін мен қыздарға: «Өз ағзаларыңызға рахмет айтыңыздар. Ол үшін денеңізге қонымды киім алыңыз, саябаққа барып эстетикалық лаззат алуға болады. Сонымен қатар, косметикалық заттарды сатып алып, денеңізге жағыңыз. Міне, осылай ағзаға күш-қуат беріп, талаптандырып қою керек. Әйтпесе ары қарай салмақ тастай алмай қалуыңыз мүмкін», - деп ескертемін. Бұдан бөлек, жоғарыда айтып өткенімдей, әркім өзінің жақсы жағын бағалауды үйренгені дұрыс. Жаман жақтарын тізбектей беретін болса, жақсы іс-әрекеттері соның көлеңкесінде қалып қояды. Сондықтан да бір ғана жақсы жағыңыз болса, соны бағалауды үйрену керек.

- Айгүл ханым, барлық сұрақтарыма тұшымды жауап алғаныма қуаныштымын. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет