​Бас ауруын дәрісіз-ақ қойдыруға болады

0
2 369

Уыстап дәрі іше беруді тоқтатыңыз.


​Бас ауруын дәрісіз-ақ қойдыруға болады

(Суреттер ашық дереккөзден алынды)

Қазақта «Басы ауырмайтын, балтыры сыздамайтын адам жоқ» деген сөз бар. Рас, мәселе туындаса да, суық тисе де, у-шу болса да ең бірінші бас ауырады.

Бас ауруының себебі көп. Қай-қайсысында да шақшадай бас шарадай болады. Алайда себебін білмей тұрып, дәріханаға баруға асықпаңыз. Өйткені күйзелістен, уайымнан, көп ойланғаннан, тіпті жұмыстан шаршағанда да бас ауырады. Бұлар тынығып, бір ұйықтап тұрған соң басылады.

Ұйқы – көп аурудың емі. Демалыңыз, ұйықтаңыз. Сонымен қатар ауырсынуды басатын дәріні алмастыра алатын – тыныс алу жаттығуларын орындаңыз.

Бұл шығыс емшілерінің кеңесі. Олай болса, басыңыз ауыра қалған жағдайда, мына жаттығуларға жүгініңіз.



1. Баяу ауа жұту

Уайым, қорқыныш, қобалжу т.б. осы секілді сезімдер адамның эмоционалдылығын арттырып жібереді. Осының нәтижесінде жүрек соғысы жиілейді, тыныс алудың қалыпты ритмі бұзылады да бұл шақшадай басқа әсер етеді. Көбінесе бұл мигрень ауруын тудырады.

Аурудың негізгі себебі тыныс алу қалпының бұзылуы. Демек терең-терең тыныс алу арқылы бұзылыстарды реттеуге болады. Нәтижесінде бас ауруы да қояды.

Тыныс алу техникасы: терең әрі баяу. Яғни ауаны шығару ритмі қалауыңызша болады. Бастысы, баяу әрі өкпені толтыра ауа жұтсаңыз болғаны.

Орындалуы: Өзіңізге ыңғайлы қалыпта отырыңыз да көзіңізді жұмыңыз. Ойыңызды тек тыныс алу ритміне шоғырландырыңыз. Асықпай баяу мұрынмен ауа жұтыңыз. Сосын қалағаныңызша жылдам немесе баяу ауаны шығарыңыз.

Егер ойыңыз сан-саққа жүгіріп, бағынбай жатса, ауа жұту барысында асықпай 1-ден 5-ке дейін санауға болады.

Жаттығуды 5-6 рет қайталаңыз. Аяқтаған соң бүкіл денеңіздің қалай босаңсығанын ойша бір шолып өтіңіз.



2. Қарынмен тыныс алу

Йога тренерлері дұрыс тыныс алуды кішкентай сәбилерден үйрену керек дейді. Бұны сәби ұйықтап жатқанда байқай аласыз. Ол өкпемен емес, қарынмен тыныс алады. Осылай қарынмен тыныс алу көптеген аурумен бірге бас ауруын да жылдам басады екен.

Орындалуы: Қарынмен тыныс алуды үйрену үшін ойыңызды кіндік астына аударыңыз. Көзді жұмып отырып орындау – ойды басқаруды, шоғырландыруды оңайлатады. Сол тұста мұрын бар деп ойлаңыз да, терең ауа жұтыңыз. Ауа жұтқанда өкпені емес, қарынды ауаға толтырыңыз. Қарныңыз шар сияқты үлкейгенін елестетіңіз де ауаны ауызбен асықпай шығарыңыз. 5-6 рет қайталаңыз.

Тыныс алу техникасы: баяу ауа шығару, яғни қалаған ритмде ауаны жұтасыз, ал оны ауызбен шығарарда асықпай 1-ден 5-ке дейін ойша санайсыз.



3. Визуализация және тыныс алу

Кейде бастың ауыруына көңілсіздік те себеп болады. Көңіл күйі жоқ адамға «дүкен аралап қайтайық» немесе «бүгін достармен бас қосайық» деп көріңізші, «басым ауырып отыр» деп сылтау айтады.

Иә, жұмыс барысымен әлдекіммен ұрысып қалғанда, жарыңыздың немесе балаңыздың жауапсыздығына (жағымсыз қылықтарына т.б.) ренжігенде, күткен нәтиже болмай қалғанда бірден көңіл күй түсіп кетеді. Содан басыңыз ауырады. Көңілсіздіктен болған бас ауруы кезінде визуализациялық тыныс алу жаттығуы жылдам көмектеседі.

Орындалуы: Ыңғайлы қалыпта отырыңыз (еденде, орындықта, диванда т.б.). Көзді жұмып, асықпай тыныс алып, ауаны баяу шығарыңыз.

Сізге дәл қазір қай жерде, қандай ауа жұтқан ұнап тұр? Мысалы:

  • Шытымыр аязды даладағы ауаны қалайсыз ба, онда көз алдыңызға қысты елестетіп, тыныстаңыз.
  • Жылы жел есіп тұрған көктемде, түрлі-түсті гүл жапқан кең даланың ауасымен кеудені кере толтырып тыныстауды қаларсыз бәлкім?! Көктемгі картинаны көз алдыңызға әкеліңіз.
  • Немесе бір десте раушан гүліне, я болмаса түймедақ гүліне мұрныңызды тығып, құшырлана жұпар араласқан ауамен демалу ұнайтын шығар?! Бір құшақ гүлді иіскеп жатқаныңызды визуализациялаңыз.

Тыныс алу техникасы: Ауа кеудені толтырсын, содан соң оны қарынға апарыңыз. Асықпай, ауаға ағзаңыз барынша «тойып» тыныстаңыз.



4. Бұлшықетті босаңсыту

Орындалуы: Көзіңізді жұмып отырыңыз. 5 рет терең әрі баяу тыныс алыңыз. Содан кейін бірқалыпты демала отырып, басыңызды оңға, солға бірнеше рет айналдырыңыз.

Тағы да 5 рет терең тыныс алып, шығарыңыз. Басты алға еңкейтіп 2-3 секунд ұстаңыз, содан соң шалқайтып 2-3 секунд тұрыңыз. Оң құлақты оң иыққа, сол құлақты сол иыққа тигізуге тырысыңыз. Бірнеше рет қайтаалңыз.

Тыныс алу техникасы: терең әрі баяу.

Дайындаған: Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Целлюлитті «жоқ қылатын» 3 жаттығу

Бір аяқпен тұру – көп аурудың алдын алады