Фитбол сәбиді ДИСПЛАЗИЯ мен ЫҚЫЛЫҚтан арылтады

0
5 060

Бұл жаттығулар тек бір жасқа дейінгі балаларға арналған.


Фитбол сәбиді ДИСПЛАЗИЯ мен ЫҚЫЛЫҚтан арылтады

Шақалақ шыр етіп дүние есігін ашқан күннен ата-анасы оған қажеттінің бәрін ала бастайды. Сәнді бесік, жуынатын ыдысы пен жөргектері... Ал біз осы тізімге міндетті түрде допты да қосуға кеңес береміз. Доп болғанда жай доп емес, жаттығу жасауға арналған арнайы фитбол добы. Жаңа туған нәрестесі бар кез келген үйде фитбол болуы шарт. Себебі онымен жасалатын жаттығу бір жасқа дейінгі сәбилерді денесінің дамуына жақсы әсер етеді. Денсаулығына да пайдасы бар. Әрі оны тек бесіктегі бала ғана емес, отбасының өзге де мүшелері де қолдана алады.


Фитболдың қандай пайдасы бар?



Фитбол бір уақыттың өзінде екі түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, баланың денсаулығын күшейтеді. Екіншіден, ол ойыншық ретінде балаға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Педиаторлар нәрестеге қырқынан шықпай-ақ фитболмен жаттығу жасауға кеңес береді.


Жасына толмаған балаларға фитболдың көптеген пайдасы бар. Мәселен:

  • вестибулярлық аппараттың (тепе-теңдікті сақтайтын ағза) жақсы дамуына әсер етеді;
  • қимыл-қозғалысын арттырып және қоршаған ортаға бейімделуге көмектеседі;
  • гипертонусты емдейді;
  • ықылықты басады, баланың ас қорытуын дұрыстайды;
  • кеуде бұлшықетеріне әсер етіп, бала денесінің дұрыс (түзу) өсуін қалыптастырады;
  • баланы тыныштандырады, себебі доптың үстінде ары-бері шайқалған бала өзін анасының құрсағында жатқандай сезінеді екен.


Фитбол: қолдануға болатын және болмайтын жағдайлар

Сәбилерді фитболмен жаттықтыруға педиаторлардың бәрі дерлік қарсы болмайды. Әсіресе балаңыздан мынадай белгілер байқалса міндетті түрде доптың көмегіне жүгінуге кеңес береді:

  • бұлшықет гипертонусы;
  • қимыл-қозғалысы дұрыс жетілмеген кезде;
  • дисплазия;
  • бұлшықет дистрофияcы
  • ас қортыудың бұзылуы;
  • жиі ықылық ату;
  • қыңырлық, ұйқының бұзылуы.


Фитболмен жаттығу жасауға тек мынадай жағдайда ғана тыйым салынады:

  • балаға фитболмен жаттығу жасау мүлдем ұнамаса әрі айналып бір орында тұрмаса;
  • сәбидің дене қызуы көтерілсе, жөтел немесе тұмау болса;
  • кіндігі жара болса.


Допты қалай таңдайды?


Фитболды бірнеше белгілеріне қарап таңдау қажет:

  1. Көлем. Отбасының басқа мүшелері де фитболды қолданатын болса, диаметрі 75 см түрін таңдаңыз. Егер тек балаңыз қолданса, онда 45 см допты алуыңызға болады.
  2. Материал. Балалар қолданатын болғандықтан электрленбейтін және жағымсыз иіс таратпайтынын таңдаған жөн.
  3. Иілгіштік. Жаттығудың нәтижелі болуы доптың иілгіштігіне байланысты. Дүкеннен сатып аларда алдымен фитболды шымшып көріңіз. Доптың бүктелген жері тез қалпына келуі қажет.
  4. Түс. Доптың түсі де маңызды. Барынша ашық түстісін таңдаған дұрыс. Қою әрі қанық түстер көбінесе жасанды доптарда байқалады.
  5. Жарылып кетпейтін қорғаныш. Фитболда оның жарылып кетпейтінін білдіретін жапсырма болуы шарт. Жапсырмаға "ABS" деп жазылады. Мұндай доптар 300 келіге дейін салмақты көтере алады, ал тесілсе бірден жарылмайды, тек желі шығып кетеді.
  6. Доптың беті. Сапалы доптың беті тегіс әрі жылтыр болады.


Фитболмен қанша уақыт жаттығу керек?

Сәбилерге фитболмен күнде жаттығу жасау ұсынылады. Ал егер медициналық көрсетілім болса тәулігіне бірнеше рет жаттығу жасау артықтық етпейді. Алғашқы уақытта бірнеше минуттың өзі жеткілікті. Балаңыз 6 айға толған кезде жаттығу ұзақтығын 10 минутқа дейін артырасыз. Егер нәрестеге жаттығу жасаған ұнайтын болса, онда жарты сағатқа созуға болады.


Жаттығуды орындау уақыты әр балаға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Маңыздысы, бала ұйқылы-ояу немесе шаршаңқы болмауы қажет. Сонымен бірге жаттығуды тамақтанғаннан соң кем дегенде бір сағатттан кейін жасаған жөн. Таңғы уақытта сәбилер өте белсенді келеді. Сондықтан жаттығуыды түскі ұйқыдан бұрын жасауға кеңес береміз.


Күнделікті жаттығу жасау барысында көңілді әуенді қосып қоюды ұмытпаңыз. Өзіңіз ән салсаңыз да болады. Балаларға арналған түрлі әндерді білсеңіз, тіпті керемет.


1-2 айлық сәбиге арналған жаттығу:

  • Баланы допқа етпетіне жатқызыңыз. Бір қолыңызбен балының арқасы мен басын, ал екінші қолыңызбен белі мен аяғын ұстап тұрыңыз. Кейін допты алға және артқа қарай 5-6 рет тербелту керек.
  • Баланы допқа шалқасынан жатқызып, қолдарыңызбен жоғарыдағыдай ұстаңыз. 5-6 рет допты ары-бері қозғаңыз. Бала екі айға толған соң осы қимылға шеңбер бойымен және оң мен солға қарай тербелтуді қосыңыз.
  • Сәбиді кереуетке немесе диванға жатқызыңыз. Аяқтары салбырап тұруы қажет. Аяғын қолыңызбен ұстап, допты теуіп жібергендей қимыл жасаңыз. Бұл жаттығу да 5-6 рет қайталанады.


2 айдан асқан балаларға арналған жаттығу:

Бұл уақытта балалар басын ұстап тұра алады. Сондықтан 2-ші айдан бастап мойынды қатайтуға арналған қимылдарыд қосамыз..

  • Баланы етпетінен допқа жатқызыңыз. Бір қолыңызбен оның жамбасын, екінші қолыңызбен қолын ұстаңыз. Баланың қолдары допты құшақтап тұруы шарт. Дәл осы қалыпта баланы ары-бері 10 рет тербетіңіз.
  • Сәбиді шалқасынан жатқызыңыз. Бір қолыңызбен көкірегін, ал екінші қолыңызбен жамбасы мен аяқтарын ұстаңыз. Доптың ұстінен аздап басып, 10-12 рет тербелтіңіз.
  • Келесі жаттығуда орындау үшін балыны бір қырымен жатқызыңыз. Бір қолыңызбен иығы мен қолын, екінші қолыңызбен аяқтарын ұстаңыз. Допты бірқалыпты қозғалтып, 10 рет қайталаңыз. Кейін екінші бүйірімен де дәл осылай қайталаңыз.


4 айдан асқан балаларға арналған жаттығу:

4 айдан бастап балалар бастарын жақсы ұстап, қолдарын сермеп әрі жан-жағын тани бастайды. Фитбол олар үшін үлкен ойыншыққа айналады. Бала оны итеруге, ұстап және дәмін көруге тырысады. Бұл уақытты балаңызбен мынадай жаттығулар жасаңыз:

  • Баланы тегіс жерге шалқасынан жатқызыңыз. Баланың үстіне допты қойып, оны тебуін өтініңіз. Жаттығуды 15-20 рет қайталанады.
  • Сәбиді фитболға етпетінен жатқызыңыз. Оның қолтығынан ұстап, алға-артқа қарай 15-20 рет тербетіңіз.
  • Бала етпетінен жатқан қалыпта тағы бір жаттығу орындасын. Доптың жанына әдемі ойыншық қойыңыз. Балаңыздың аяқтарын ұстап, допты ойыншыққа қарай итеріңіз. Бала ойыншықты өзі қолымен ұстауы керек. Бірақ бұл жаттығуды 3-4 реттен артық орындамасын.


6 айдан 1 жасқа дейінгі балаларға арналған жаттығу:

6 айдан бастан балалар отырып, кейін еңбектей бастады. Олардың бұлшықеттері мен сүйектері қарқынды жаттығуды жасауға дайын. Сіз фитбол арқылы балаңыздың физикалық дамуына көмектесе аласыз.

  • Тегіс жерге отырып, екі аяғыңыздың арасына допты қойыңыз. Ал балаңызды доптың үстіні отырғызыңыз. Секіру немесе отырып-тұру жаттығуын орындасын. Балаларға мұндай жаттығу қатты ұнайды. Сол себепті бұл жаттығуды 5 минут орныдауға болады.
  • Отыратын балаларға арналған жаттығу. Баланы допқа отырғызып, бір қолыңызбен оның бөксесін ұстаңыз. Екінші қолыңызбен қолдарын алға қарай созыңыз. Бұл баланы тепе-теңдікті сақтауға жаттықтырады. Жаттығуды 25-30 секунд орындаса жеткілікіті. Кейін келе тек қолынан ұстап тұруға үйретіңіз.
  • Бала етпетінен допқа жатып, қолдарымен ұстасын. Өзіңіз баланың аяқтарын денесіне дейін көтеріп, оны ары-бері тербетіңіз. 15-20 рет қайталау жеткілікті.
  • Сәбиді бөксесінен ұстап доптың үстіне тұрғызыңыз. Бала доптың үсінен жүруге әрекет етеді. Бұл баланың алғашқы қадамдарын жасауға көмектесетін жаттығу. Күніне 4-5 минут қайталасын.


Дисплазияны емдеуге арналған кешенді жаттығу:

Дисплазия - буынның деформациясы. Егер оны дер кезінде емдемесе бала болашақта ақсақ болып қалуы мүмкін. Дисплазияны массаж және жаттығумен емдейді. Ал жақсы нәтижеге жету үшін жаттығуды күнделікті орындау қажет.

  • Баланы допқа шалқасынан жатқызыңыз. Бір қолыңызбен ішінен ұстап, жамбасын допқа тигізіңіз. Екінші қолыңызбен аяқтарын ұстап, табанын шеңбер жасай қозғалтыңыз. Қимылды 4-5 рет қайталаңыз.
  • Бала допта шалқасынан жатқан қалыпта тағы бір жаттығу орындасын. Бір қолыңызбен баланы ұстап, екінші қолыңызбен велосипед айдағандай қимылды орындаңыз. Жаттығуды әр аяқпен жеке-жеке 4-5 реттен қайталауға болады.
  • Баланы етпетінен жатқызыңыз. Кезек-кезек аяғын бүгіңіз (құрбақа сияқты). Жаттығуды 8 рет қайталаса жеткілікті.


Фитболды дұрыс қалданғанда ғана оның пайдасы байқалады. Жаттығуы нәтижелі болсын десеңіз төмендегі кеңестерді есте сақтаңыз:

  • егер бала өзін жайсыз сезінсе, мұрнынан су ағып немесе қызуы көтерілсе жаттығудан бас тарту керек;
  • балының ұйқысы келсе жаттығуды кейінге қалдырыңыз;
  • шақалақты фитболдың үстіне мата төсеп, содан соң ғана жатқызыңыз. Салқын резеңке баланың денесі тітіркеніп, тіпті терісіне зақым тиюі мүмкін,
  • шақалақ 2-3 аптадан соң ғана фитболмен жаттыға алады;
  • жаттығуда жасауда ең маңыздысы - ұқыптылық. Алғашқы айда қарқынды жаттығуды жасамаған дұрыс.
  • бала 5 айға толғанша қолыңызбен оның басын ұстап тұрыңыз.

Фитбол тек сәбиге ғана емес емізулі аналарға да аса пайдалы. Доппен балаңызды жаттықтырып әрі өзіңіздің де мүсініңізді қалыпқа келтіре аласыз.


(Сурет ашық дереккөздерден алынды)

Дайындаған: Н.НАЛТАЙ,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Фитнес "құпия шаруада" белсенділігіңізді арттырады


Остеохондрозды 3 минутта емдейді: Миды оттегімен қоректендіретін жаттығу