​Фитнестің АЛТЫН ҚАҒИДАСЫН білесіз бе?

0
2 662

Жаттығу үшін де көңіл-күй керек.


​Фитнестің АЛТЫН ҚАҒИДАСЫН білесіз бе?

Көктем келіп, жер-жаһан құлпырған сәттен бастап әйел заты да сұлулыққа қарай ұмтыла түседі. Бұл – табиғи заңдылық. Жер бетіндегі әрбір әйел идеал мүсінге ие болмаса да әдемі. Оның үстіне фитнес секілді пайдалы дүниелер де нәзік жандардың игілігі үшін емес пе?! Фитнестің тиімді жағы өте көп. Дегенмен, фитнес залдарына барарда қарапайым ережелерді сақтамаудың зардабы бар екендігін де ұмытпау керек. Осы орайда фитнеспен айналысуға кіріскен арулар үшін бірқатар кеңестер бере кеткенді жөн санадық.


Алдымен, позитивті көңіл-күйде болыңыз. Көтеріңкі көңіл-күй кез келген істің берекесін беретінін ешкім де жоққа шығара алмайды. Фитнес залына шығарда еңсеңізді тіктеп, жақсы оймен барыңыз.


Ешқашан фитнес залына аш күйде бармаңыз. Жаттығудан 1,5-2 сағат бұрын тамақтанып алған дұрыс. Көбіне майсыз, ақуызы аздау тағамдарды тұтынған тиімдірек. Егер асқа зауқыңыз соқпай жатса, бір шыныаяқ сүт ішіп алған жөн. Әсіресе, таңғы асты ішпеудің зиянды тұстары бар екенін біле жүріңіз. Тойып жемесеңіз де, аздап нәр тату керектігін жадыңызда сақтаңыз. Соның ішінде дәрумені мол құнарлы тамақтарды тұтынған дұрыс.

Фитнес залында жаттығу жасап жатқан кезде мұрынмен тыныстау керек. Өйткені, мұрын арқылы демалу жүрек соғысының қалыпты болуына ықпал етеді. Әрі, денедегі артық майдың тез таралуына көмектеседі.


Денені қыздыруды ұмытпаңыз. Мәселен, сіз 30 минут жаттығатын болсаңыз, денедегі артық майлардың кетуіне сол уақыттың соңғы 15 минуты әсер етеді екен. Сондықтан, алғашқы 15 минуттағы қозғалысты баяулатып бастаған абзал. Денеге қатты күш түспеуін бақылауда ұстаңыз. Жаттығу түрлерін жиірек ауыстырып тұрыңыз. Бір қимылды қайталай бергеннен гөрі ауыстырып отыру пайдалырақ.


Жаттығу соңында созылуды әдетке айналдырған дұрыс. Денеңіз ауырғанша созылудың қажеті жоқ. Бастысы, сізге жайлы болса болғаны. Жаттығуды жіберіп алмаңыз. Тұрақтылық қай кезде де жақсы нәтиженің бастауы. Сондықтан, уақытылы спортпен шұғылдану денеміздің сымбатты болуының кепілі екенін ұмытпаған жөн. Фитнеспен айналысудың сымбаттылық сыйлайтыны анық. Алайда, генетика деген дүниенің бар екенін де ұмытпаңыз. Сіздің табиғи болмысыңыз өзгеріп кетпейді, тек жақсы қырына қарай өзгере түседі.

Жаттығудан кейінгі бұлшықеттің ауырсынуы - қалыпты жағдай. Одан кейінгі күндерде дененің ауырғанын сылтау етіп жаттығуды бәсеңдетуге болмайды. Себебі, ол нәтиже бермейді.

Қандай жаттығу жасасаңыз да, дереу секіру мен лақтыру сынды қимылдардан абайлаңыз. Ондай «рекордтық» жаттығуларды ақырындап жасауға кеңес береміз. Жаныңызда білікті маманның болғаны жақсы. Әйелдер қауымы үшін суда жүзудің таптырмас спорт екенін айтқымыз келеді. Жалпы, жүзу ең пайдалы спорттың түрі. Денеңдегі артық майлар да тез кетеді, миың да тынығады. Су қай кезде де релакс. Бірақ, оның да кері әсер ететін тұстары бар. Мысалы, көз аурулары, тері аурулары, жамбас бөліктерінің аурулары бар жандар үшін судан бас тартуға тура келеді.


Фитнес залдарындағы гантельдердің салмағына да мән беріңіз. Сіздің ыңғайыңызға, салмағыңызға, мүмкіндігіңізге қарай қолдана білген абзал. Әрі, үнемі тек гантельмен жаттыға беру дененің созылуына кедергі келтіреді. Ал, шейпинг пен аэробика керісінше бұлшықетті өсірмейді.


Фитнеспен аптасына 1-2 рет айналысу денеңіздің сымбатын сақтаудың кепілі. Спорт залдарына таңертең және кешкі уақыттарда барған денеміз үшін жайлы болып саналады.

Дайындаған: Нұргүл Налтай,

ERNUR.KZ