​Жаттығу түрін темпераментке қарай таңдасаңыз, жасау оңай болады

0
2 059

Спортзалға өзіңізді қинап апарып, жаттығуды мәжбүрлі түрде жасайтын болсаңыз, онда ол сіздің темпераментіңізге сәйкес келмейді деген сөз.


​Жаттығу түрін темпераментке қарай таңдасаңыз, жасау оңай болады

фото: lady-grace.com.ua

Адамның мінез-құлқы, темпераменті оның өмірінің барлық саласына әсер етеді. Күнделікті тіршілігіңізге спорт, салауатты өмір салтын ұстануды енгізсеңіз, онда да темпераменттің ықпалын ескеруге тиіссіз. Егер спортзалға не жаттығу алаңына өзіңізді мәжбүрлеп апарып жүрген болсаңыз, онда салауатты өмір салтына дұрыс тұсынан келмегеніңіз.


Егер не нәрседен болмасын тез жалығып, қызығушылығыңыз көпке бармаса, онда спортқа келгенде де сөйтетін боласыз. Бастапқыда белсенді барып жүресіз де, уақыт өте келе спортзалға қарай өзіңізді сүйресеңіз де, аяғыңыз тартпайтын болады. Мұндай жағдайда шешім біреу – фитнестің бір түрінен екінші түріне ауысып отыру. Белгілі бір уақыт аралығында спорт түрін, топты не бағдарламаны ауыстырып отырыңыз. Әйтеуір бір күні жаныңызға жағатын, «өмірлік серікке» айналдыруға тұрарлық жаттығу түрлерімен жолығатын боласыз.


Айрықша белсенді әрі алдына биік мақсат қойып, соған барынша ұмтылатын жандар қатарынан болсаңыз, бұл қасиетіңізді спортта да пайдалы жағына қарай жұмсаңыз. Яғни, спортпен жай ғана айналысып қоймай, түрлі сайыстарға қатысып бақ пен білек күшін сынаңыз. Сонда күнделікті дайындық барысы да, жеңіс пен мақсатқа жеткізген сәттер де ерекше ләззат, ризалық сезімін сыйлайды, спортпен айналысуға деген құлшынысыңызды одан әрі оятады.


Аналитикалық ойлау қабілетіңіз жақсы дамыған болса, жаттықтырушымен ақылдаса отырып, өз жаттығу бағдарламаңызды өзіңіз құрыңыз. Белгілі бір спорт түрі жайлы ақпарат жинау, оларды талдап-сараптау, өзіңізге керектісі мен қажетсізін ажырату, шешім қабылдау сынды процестерден ләззат ала отырып, жүрегіңізге жақын спорт түрін табасыз. Осыдан кейін күнделікті жаттығуға бір күш тартып тұрғандай болатыны анық.


Бір шешім қабылдау үшін ұзақ уақытты қажет ететіндер қатарынансыз ба? Бір күннің жартысынан астамын ойланып-толғанумен өткізуден жалықпайсыз ба? Ендеше, сізге бұлшықеттің күші мен ағзаның төзімділігін арттыратын жоғары қарқынды жаттығулар қажет. Мәселен, кроссфит. Онда жаттығулар ауыр болады, есесіне, осының арқасында ой жүгінен аз уақытқа болса да арыласыз.


Өзгелерге онша ойы бөліне бермейтін, көбіне өз ішкі әлемінде жүретін интровертсіз бе? Ендеше, сізге топпен жасалатын жаттығулар жат нәрсе. Тіпті, көпшілік жиналатын спортзал, алаң сындыларға бару да көңіліңізде жайсыздық туғызады. Сондықтан, сіз үшін ең дұрысы – үйде оңаша жаттығу. Ал, жаттығу залына барудан басқа амал жоқ болса, кардиотренажерді таңдаңыз. Құлаққап киіп алып, әуен тыңдай жүріп өзіңізбен-өзіңіз болсаңыз, жаттығу да нәтижелі болмақ.

Фото: rsmagazine.ru

Әлеуметтік ортада белсенді, көпшілікті жатсынбайтын экстроверт болсаңыз, спортқа деген махаббатыңызды топтық жаттығулар оята алады. Топтық спорт түрлерімен айналыссаңыз, өзіңізді осы ортада бақытты сезінесіз. Нәтижесінде бір де бір жаттығуды жібермей қатысуға тырысатыныңыз анық.

Аударған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ

Дереккөз: fiteria.ru