«8» әлде «+7»: телефон нөмірін ҚАЛАЙ сақтаған дұрыс?

0
2 396


«8» әлде «+7»: телефон нөмірін ҚАЛАЙ сақтаған дұрыс?

Смартфонға телефон нөмірін сақтағанда көбіне «8» санынан бастап жатамыз. Ал, SIM-карта сыртында «+7 (ХХХ) ХХХ ХХ ХХ» деп көрсетіледі. Асылында, ұялы телефондағы барлық нөмірді осы қалпында сақтаған абзал болар еді. Оған маңызды үш себеп бар:

•Біріншіден, «+» белгісі халықаралық байланысқа шығу мүмкіндігін білдіреді. Егер шет мемлекетке барып жатсаңыз, жергілікті оператордың SIM-картасын пайдалана тұруға тура келеді. Сонда ұялы телефонда «+7» белгісімен сақталған барлық нөмірге еш қиындықсыз хабарласа аласыз. Ал, «8 (ХХХ) ХХХ ХХ ХХ» үлгісінде сақталған нөмірлерге байланысу мүмкін болмайды.

•Екінші себеп ұялы телефондағы автоанықтау қызметімен байланысты. Мәселен, сіз бір танысыңыздың нөмірін 8 (ХХХ) ХХХ ХХ ХХ үлгісінде сақтадыңыз делік. Сол абонент қоңырау шалған уақытта кей құрылғылар оны «танымай қалуы» мүмкін. Яғни, сізге белгісіз нөмір ретінде +7 (ХХХ) ХХХ ХХ ХХ деп көрсетеді.

•Үшінші себеп Сізге аса қиындық тудырмауы да мүмкін. Өйткені, SMS-хабарлама жіберу қызметіне қатысты. 8 санынан бастап сақталған нөмірлерге хабарлама жіберсеңіз, ол «кетпейді» немесе «бармайды». Бастапқы 20-30 минут ішінде SMS-хабарлама «жіберілуде» статусында тұрады да, кейін мүлдем «тоқтатылды» деген белгі пайда болады. Дәл қазіргі уақытта смартфонның SMS-хабарлама қызметін қолданушылар аз. Оны әлеуметтік желілер ысырып шығарды десек те болады. Әйткенмен, бағдарламадан алынып тасталмағанына қарағанда, мүлдем қажетсіз де емес секілді.


Телефон нөмірін сақтауға қатысты жиі қойылатын тағы бір сұрақ – қайда сақтаған дұрыс?

Әдетте, жаңа байланыс нөмірін жазғанда құрылғы үш түрлі сақтау орнын ұсынады. Олар: құрылғы жады, SIM-карта және Google аккаунттағы бұлтты сақтау орны. Енді осылардың қайсысында сақтаған тиімді екенін талдап көрейік.


•Ұялы телефон жадында сақтайтын болсаңыз, оның сыйымдылығы үлкен. Онда мыңдаған байланыс нөмірлері, пошта мекенжайлары, т.б. ақпараттарды сақтауға болады. Алайда, бұл әдістің басты кемшілігі – ұялы құрылғы істен шықса немесе ондағы баптаулар зауыттық деңгейге жаңартылса, барлық сақталған ақпараттар, оның ішінде байланыс нөмірлері де өшіп кетеді. Оларды қайта қалпына келтіру біраз уақыт пен қаржыны қажет етеді.

SIM-картада да сақтауға болады. Ол жағдайда ұялы құрылғының жадын толтырмау арқылы оған күш түсірмейсіз. Әрі чипті басқа ұялы құрылғыға салғанда, байланыс нөмірлерін қайта сақтау қажеттілігі туындамайды. Бәрі автоматты түрде шығып тұрады. Бірақ, SIM-картаның байланыс нөмірлерін сақтауға арналған жадында орын аз. Онда көп нөмірді сақтау мүмкін емес. Тағы бір кемшілігі – чипті жоғалтқан жағдайда байланыс нөмірлері де бірге кетеді.

•Үшінші сақтау орны – бұлт. Android операциялық жүйесінде Google аккаунтпен сәйкестендіру (синхрондау) қызметі бар. Ол құрылғы жадына не SIM-картаға сақталған барлық ақпараттың көшірмесін жасап, оны бұлтқа сақтап қою мүмкіндігін береді. Ол үшін бар болғаны «Контакт» бөлімін ашып, мәзірден «Контактілерді көшіру» пәрменін нұсқау керек. Содан соң «телефон жады» немесе «SIM-карта» – екеуінің бірін таңдау арқылы қайсында сақталған ақпаратты көшіру керегін көрсетесіз. Осы бұлтқа сақталған резервтік көшірменің арқасында телефон не SIM-картаның қайсысы жарамсыз болған жағдайда да байланыс нөмірлерін жоғалтпайсыз. Барлық ақпарат автоматты түрде қалпына келтіріледі.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

СМАРТФОННАН қай кезде ӨРТ шығуы мүмкін

Түніңіз тыныш болмай жүрсе, ОСЫ ҚҰРАЛдар көмектеседі