Балаларды смартфоннан ажырату ҚИЫНДАП БАРАДЫ. Неге?

0
4 799

Ата-аналардың бұл мәселеге бейжай қарамағаны дұрыс.


Балаларды смартфоннан ажырату ҚИЫНДАП БАРАДЫ. Неге?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Қазіргі балаларға смартфонның тілін үйретуден гөрі, одан ажырату өте қиын шаруаға айналып барады. Кей мамандар бұл мәселеге тәлім-тәрбиенің нашарлығы емес, қосымшалар мен ойындардың ерекшелігі әсер етіп жатыр дейді. Сондықтан, бұл туралы толығырақ талқылағанды жөн санадық.

Осыдан бірер жыл бұрын балалардың қолына телефон ұстату өмір салтына ене бастаған. Ал, бүгінгі таңда көптеген ата-аналар балаларының телефонмен көп уақыт өткізетініне алаңдайтын жағдайға жетті. Психолог мамандардың айтуынша, балалардың смартфонға кенедей жабысып қалуына мобильді қосымшалар мен ойындардың көз тартатын «»сенімді дизайны» себеп болып отыр. Яғни, көптеген мобильді бағдарламалар балалардың олардан шығуы мүмкін еместей етіп жасалынған.



Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, "сенімді дизайн" деген мінез-құлық психологиясы мен технологияны біріктіретін ұғым. Егер осы екі әдіс бірге қолданылса, адамның мінез-құлқына үш түрлі жолмен әсер ете алады екен. Атап айтсақ, алдымен қосымша немесе ойынға мотивациялық функция қосып, бастапқы тапсырмаларын орындауға көп күш қажет болмайтындай етеді және қолданушыны түрлі ұтыс ойындарына шақыратын белгілер енгізеді. Сонымен қатар, ойындардың басталар сәтіне көптеген жарнамаларды қойып, бағдарламада отыратын уақытты созады. Өкінішке қарай, мұның барлығы біздің көз алдымызда болып жатыр.


Тіпті, ес тоқтатқан ересектердің де осындай тәуелділікке тап болғанын жиі көреміз. Мысалы, өзім танитын замандастардың 80 пайызы мән-мағынасыз роликтер көріп, әлеуметтік желілердің ленталарын тоқтаусыз айналдырып, қолы қалт етсе видео ойындар ойнап жатады. Дегенмен, мұндай механизммен балалардың психологиясына әсер ету оңайырақ көрінеді. Сонымен қатар, өткен жылы осы мәселе аясында жасөспірімдер арасында сауалнама жүргізілген. Нәтижесінде, жас жеткіншектерді әлеуметтік желілер мен ойындардың біз айтып отырған «сенімді дизайны» қызықтыратыны анықталған.


Мысалы, Instagram, Tik Tok, Facebook сияқты әлеуметтік желілердегі лүпіл, бөлісу сынды функциялар балалардың көріп отырған дүниесін қабылдауына және оны басқа да достарына таратуға ықпал етеді. Оның үстіне, әлеуметтік желілердің таспасын айналдыру көп күшті қажет етпейді. Сонымен қатар, мобильді қосымшалардың пайдаланушыларға үнемі хабарландырулар жіберіп отыруы олардың әлеуметтік желіге қайта-қайта кіруіне әсер етеді.


Сондықтан, әр ата-ана баласына смартфон ұстатар кезде ертеңгі күні орын алуы мүмкін салдарын да ойлағаны дұрыс. Ал, гаджет баланың психологиясына әсер етіп үлгерсе, мамандармен кеңесіп, бұл проблеманы байыппен шешкен абзал.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Huawei, Samsung, Xiaomi, Apple...: Брендтер бәсекесінде қайсысы ҮЗДІК атанды?


ЖЫЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ: Биыл да ғаламат гаджеттер жарыққа шығады