Гүлді «АҚЫЛДЫ» ҚҰМЫРАҒА отырғызса, КЕРЕМЕТ өседі

0
3 343

Бөлме гүлін баптайтындар үшін ең керемет құмыра


Гүлді «АҚЫЛДЫ» ҚҰМЫРАҒА отырғызса, КЕРЕМЕТ өседі

Бөлме гүлдері – үй ішіне ерекше көрік беріп, айрықша атмосфера орнататын, жанға жылу, жүрекке мейірім, көңілге қуаныш сыйлайтын тіршілік иелері. Алайда олардың күтімі айтарлықтай еңбекті, уақытты қажет етеді. Бөлме гүлдерінің бабын жасау өз ұл-қыздарыңмен қоса, тағы бірнеше балаға қарағанмен тең кейде.

Бүкіл адамзаттың өмірін жеңілдетуді көздеген жаңа технологиялар гүл өсірушілерді де айналып өтпейді. Жаңалықтар мен жаңашылдықтардан хабардар болып, керегіңізді тауып алып, рақатыңызға қолдансаңыз болғаны.


Lua – эмоциялық интеллект иесі


Lua «ақылды» құмырасы үй ішіне жасыл желегімен көрік беріп қана қоймай, смайлик бейнелерімен түрлі эмоцияларды көрсетіп, ерекше көңіл-күй де орнатады. Құмыра топырақтың ылғалдылығын, айналадағы жарық пен температураны өлшей алады. Сондай-ақ, өсімдіктегі жақсылы-жаманды өзгерістерді де бақылауда ұстайды. Осы ақпараттарды арнайы дисплей бетінде түрлі эмоциялар көрсету арқылы білдіреді. Дисплейге 15 түрлі эмоциялардың қайсысы шығып тұрғанына қарап, дәл қазір өсімдікке не қажет екенін, не жетіспей тұрғанын, т.б. мәселелерді анықтай аласыз. Сондай-ақ, өсімдікті мөлшерімен суарып тұру үшін су сақтайтын орынмен жабдықталған.


Parrot Pot – қосымша арқылы тілдес


Кезекті «ақылды» құмыра арнайы резервуар көмегімен өсімдікті уақытылы және мөлшерімен суарып тұрады. Оған қоса, топырақтың ылғалдылығын, тыңайтқыштар теңгерімін, жарық пен жылу жеткіліксіздігін бақылауда ұстайды. Құмыра барлық ақпаратты арнайы мобильді қосымшаға жіберіп тұрады. Осылайша гүл баптаушы өсімдік пен топыраққа қатысты барлық маңызды ақпараттарды біліп, тиісті күтімді жасай алады.


LeGrow Smart Garden – жеке күн мен түн режимі


Алдыңғы «ақылды» құмыралар атқаратын қызметтер бұнда да бар. Артықшылығы да жоқ емес – LeGrow құмырасы комплектіндегі жарықдиодты лампаның көмегімен өсімдікке «жеке күн мен түн режимін» орнатуға болады. Арнаулы режимді баптау арқылы өсімдікке қажетінше жарық және қараңғылық түсетін уақыттар кестесін түзе аласыз (мәселен, 6 сағат жарық, 8 сағат қараңғылық). Тағы бір аса ыңғайлы тұсы – 2, 3, 5, 6, тіпті 10 құмыраға дейін біріктіріп шығарған түрлері бар.


Qplant – жағымды әуен, әлсіз жарық


Qplant – бұл да өзгелерден ерекшелеп тұратын қабілеттері бар құмыра. Артықшылығы сол, «ақылды» құмырадағы өсімдікке қолыңызды тигізсеңіз болғаны, жағымды әуен ойнап сала береді. Әлсіз жарық тарататын тетігі тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, гүл құтысы, әуен ойнатқыш әрі білте шам – үш қызметті бірдей атқаратын «ақылды» құрылғы.


Өсімдікпен бірге өседі


Бегум және Байк Аяскан – егіз динайнерлер. Growth – осы дизайнерлер ойлап шығарған «ақылды» технология, өсімдік өскен сайын, онымен бірге өзінің көлемін де үлкейте алатын қиын құрылымды ыдыс. Гүл құтысы оригами әдісімен жасалған қолөнер бұйымдарына ұқсайды. Бүктеу үлгісімен жасалған полипропилен қаптаманы біртіндеп жаза отырып, құмыраның көлемін бастапқы қалпынан бес есеге дейін ұлғайтуға болады.


Үйдегі акваферма


AquaFarm – топырақ пен судан тұратын үй ішіндегі кішігірім экожүйе. Балық бөліп шығарған азот арнайы бактериялар арқылы өсімдікке жеткізіледі. Осылайша өсімдік тыңайтқышпен, ал балық – таза сумен қамтамасыз етіледі. Адам, өсімдік және суасты тіршілік иелерінің бір шаңырақ астында бір-біріне көмектесе, пайдасын тигізе отырып өмір сүруіне жағдай жасайтын жаңашыл идея. Астарында терең пәлсапа, жаратылыс заңдылықтары жатқандай. Үй ішіне көрік беріп қана қоймай, экожүйеміздегі экология мәселесін үнемі еске салып тұру қызметін де лайықты атқарады.


Атын атап, түсін түстегеніміз – бірнешеу ғана. Ал заманауи «ақылды» құмыралар саны әлдеқайда көп. Бұдан кейін де жетілдірілген түрлері тоқтаусыз шыға береді. Заманауи технологиялар көшінен қалып қоймай, қалағаныңызға қол жеткізіп, қажетіңізге жарата білсеңіз болғаны.

Бөлме гүлдерін «ақылды» құмырада өсіріп, үйіңізде айрықша жайлылық орнатыңыз.

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

2023 жылы жарық көретін ЕҢ ЕРЕКШЕ 10 гаджет

Жарықдиодты шамдар ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?