Телефонның экранын немен және қалай сүрткен дұрыс?

0
20 317

Қазіргі кезде гаджеттер адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Біз олармен жұмыста да, демалыста да, үйде де, ұйықтар алдында да бірге боламыз. Күнделікті уақытымызды, жұмысымызды, қарым-қатынасты смартфон немесе планшет арқылы жүргіземіз. Ал біз оларға дұрыс күтім жасап жүрміз бе? Олай болмаса, қалай күту керек?


Телефонның экранын немен және қалай сүрткен дұрыс?

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Телефонға арналған күтім шараларын ең алдымен экранға жасау керек. Себебі, әр түрлі «ауру» туғызатын қауіпті бактериялар телефон немесе планшет бетіне үнемі көп мөлшерде жиналып отырады. Сонымен қатар, шаң мен лас іздер экранның сенсорлық сезімталдығын айтарлықтай нашарлатады. Ал уақыт өте келе, смартфонның сыртқы көрінісін нашарлататын ұсақ сызаттар пайда болуы мүмкін.


Телефон экранын сүртуге бола ма?

Міндетті түрде! Сондай-ақ, мұндай қажеттілікті үйде өзіңіз қамтамасыз ете аласыз. Сүрту кезінде мына кеңестерді пайдалану қажет:

• экранды тазалау кезінде әртүрлі түймелерді кездейсоқ басып қалмау үшін, сондай-ақ түрлі дақтар мен лас сызаттар жақсы көрінуі үшін телефон бетін құлыптап қойған дұрыс;

• сүртпес бұрын ұсақ сызаттар мен зақымданулар болмауы үшін экранды шаңнан тазарту керек;

• сұйық заттарды пайдаланғанда оларды экранға емес, жұмсақ матаға себу немесе сіңіру қажет.

Алайда мұндай амалдарды күн сайын емес, белгілі бір уақыт аралығында жүргізіп отырған дұрыс. Сонымен қатар, телефонды зақымданудан қорғауға арнайы жасалған қаптар көмектеседі, олардың арзан әрі сапалысын фирмалық дүкендерден сатып алуға болады.


Телефон экранын немен сүртуге болады?

Тазалау барысында қандай құрал қолданатыныңызға және сүртетін матаға ерекше назар аудару қажет. Себебі, қате таңдаған құрал зиянды көбейтіп жіберуі мүмкін. Мынандай құралдарды пайдаланған жақсы:

• тазартылған су;

• шыныға арналға полирол (егер экран шыны болса);

• смартфон, планшет немесе ноутбуктардың экрандарына арналған арнайы тазалағыш құралдар;

• мониторларды тазалауға арналған сүркіштер.


Экранды матамен сүртуді мынадай кезеңдермен жүргізуге кеңес береміз:

  • Экранды тазалағанда зиян тигізбеу үшін жұмсақ, нәзік мата таңдау керек.
  • Матаға сұйықтықтың аз мөлшерін себіңіз. Өйткені, сұйықтықты бірден телефон экранына шашса, ол функциялық тесіктерге – динамикке, микрофонға, камераға кіріп, бүкіл құрылғының жұмысына әсер етуі мүмкін.
  • Толық тазаланып, дақ қалып кетпес үшін сүрту кезінде матаны бір бағытта ұстаңыз (мысалы, жоғарыдан төмен немесе төменнен жоғары қарай). Сондай-ақ, қол жетпейтін жерлердегі шаң мен кірді тазарту үшін мақта таяқшасын пайдалануға болады.


Спиртпен сүртуге бола ма?

Телефон экранын дұрыс тазалау – бұл майлы дақтар мен кірлерді жою ғана емес, сондай-ақ дезинфекциялау. Егер сізде арнайы спирт қосылған құралдар болмаса, шыны экрандарды тазалау үшін әдеттегі этил спиртін пайдалана аласыз.

Айта кетейік, телефонның экраны қандай материалдан жасалғанын білмесеңіз, барлық қажетті ақпаратты өндіруші компания сайтынан «смартфон бетіндегі ерекшеліктер немесе техникалық сипаттамалар» бөлімінен таба аласыз.


Экранды тазалау және дезинфекциялау – қорғау шынысын немесе пленкасын жабыстырар алдында жүргізілетін стандартты рәсім болып есептеледі. Соған орай, келесі мақаламызда зиянды заттардан қорғау үшін телефонға қорғаныс шысы немесе пленканы қалай дұрыс желімдеу керектігін жазатын боламыз.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ