«Самозанятыйлардың» 74 пайызы ауылда тұрады

0
1 526

Кезінде жұмыссыздардың саны көбейіп кетпес үшін ойлап табылған өзін өзі жұмыспен қамтушылар деген топ қазір биліктің бас ауруына айналғандай. Әлгі санаттағы қара құрым халықты тіркеп, салық салуға деген құлшыныс соңғы кезде ерекше белең алды. Өйткені, Елбасы солардың тіркелмеуінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегеруге тура келгенін айтқан еді.


«Самозанятыйлардың»  74 пайызы ауылда тұрады

Кезінде жұмыссыздардың саны көбейіп кетпес үшін ойлап табылған өзін өзі жұмыспен қамтушылар деген топ қазір биліктің бас ауруына айналғандай. Әлгі санаттағы қара құрым халықты тіркеп, салық салуға деген құлшыныс соңғы кезде ерекше белең алды. Өйткені, Елбасы солардың тіркелмеуінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін кейінге шегеруге тура келгенін айтқан еді.

«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек», - делінген Елбасы Жолдауында.

Жалпы, тіркеуге тұрмаған адамның әлеуметтік көмекті ала алмайтыны белгілі. Оның арғы жағында тегін медициналық көмек, зейнетақы және тағы басқа мәселелер бар.

«Адам тиісті мемлекеттік органдардың тіркеуіне тұрмаса, барлық әлеуметтік төлемдерден құр қалады. Екіншіден, тіркеуге тұрамын дейтін кейбір азаматтар сан алуан кедергілерге тап болады. Біз оны жақсы түсінеміз. Анаған бір құжат, мынаған бір құжат апару керек дегендей. Сондықтан біз жеңілдетілген тіркеуді берейін деп жатырмыз. Бұдан бөлек, осы санаттағы азаматтардың табысы 12 минималды жалақыдан, биылғы жылмен санағанда, 400 мың теңгеден төмен болса, салық төлеймей-ақ қойсын, бірақ әлеуметтік салықтарын төлесін деген мәселені қарастырып жатырмыз» деген еді жыл басында бұрынғы министр Т.Дүйсенова.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 18 млн xалықтың ішінде 5,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ екен. Осы уақытқа дейін соның 2,5 млн-ы тіркелді. Дегенмен, әлі де 3,2 млн адам есепте жоқ. Ол аз болғандай, Қазақстанда 1 млн адам жалақыны конвертпен алып жүр.

«Соңғы жылдары өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны азайып жатыр. Өйткені, жалдамалы жұмыстар көбейді. Бүгінде Қазақстандағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үлесі – 25,8 пайыз. Егер салаларға бөліп қарасақ, онда бүгінде ауыл шаруашылығында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 42,7, көлікте шамамен - 10, құрылыста 8,4 пайызға тең», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеев.

Қоғамда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үлесі неге соншалықты жылдам өсті екен? Оның да себебі жоқ емес.

«Бұл ел экономикасының жалпы жай-күйімен байланысты жайт. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың басым бөлігі Оңтүстік, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарында қоныстанған. Аталған өңірдің үлесі 51 пайызды құрайды. Сондықтан осы өңірлердегі ахуалға зерттеу жүргізіп көрдік. Зерттеуге 2 800 отбасы қатысты. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың сипаттамасын ұсынсам, алдымен 74 пайыз ауыл тұрғындарын зерттедік. Себебі өзі-өзін жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі ауылда, 26 пайызы қалада тұрады. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі орта жастағы адамдар. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 53 пайызы 35 пен 54 жас аралығында. 82 пайызының толыққанды отбасы, басым бөлігінің тұратын баспанасы бар», - дейді экономика ғылымдарының кандидаты.

Оның дерегінше, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 43 пайызының базалық білімі бар. Қалған 57 пайызы орта немесе жоғары білім алған, арасында педагог дипломы барлардың саны басым. Сұрау салынғандардың 30 пайыздан астамының тұрақты табысы бар.

Десе де, өзін өзі еңбекпен қамтушылардың табысынан бюджетке ешқандай төлемдер жасалмайды. Зейнетақы қорына да ақша аударылмайды. Демек, ол адамдардың болашақта зейнетақыға қалай шығатыны белгісіз. Әлеуметтік сақтандыру қорына да ақша төлемейді. Ертең еңбекке жарамсыз болып қалса, бала көтерсе немесе мүлдем жұмыссыз қалса, не болады? Жалақысын конвертпен алып жүрген 1 млн адам ше? Олар қайтпек? Осы топтың шаруасын реттемесе, келешегі бұлыңғыр. 3,2 млн адамның тағдыры күресінде қалып отыр. Себебі, оларды тіркегеннен мәселе шешіле салмайды. Біз өзін өзі еңбекпен қамтушылар деп әдемілеп айтқанымен, ол адамдардың көпшілігі мүлде табыс тауып отырған жоқ, ендеше, салықты, әлеуметтік-медициналық төлемдерді, зейнетақы жарнасын қалай құяды?

ERNUR.KZ