11-қабаттан секіріп кетті: ҚР БҒМ оқушының қазасына байланысты түсінік берді

0
928

28 қазанда Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әкімшілігінің мәліметінше, оқушы сабақтан тыс уақытта қаза болды.


11-қабаттан секіріп кетті: ҚР БҒМ оқушының қазасына байланысты түсінік берді

ERNUR.KZ. ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Алматыда 11-қабаттан секіріп кеткен оқушыға қатысты оқиғаға түсінік берді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қайғылы жағдайда қаза тапқан 7-сынып оқушысының ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде оқушының қайтыс болуына байланысты қарама-қайшы ақпарат тарап жатыр. ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қаза тапқан оқушының ата-анасымен байланыста. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тергеу іс-шараларын жүргізуде. Тергеу мүддесі үшін жағдайдың егжей-тегжейі жария етілмейді», - делінген комитет хабарламасында.

Мәлім етілгендей, тергеу нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады. Тергеу амалдарынан кейінгі ресми қорытындыны күту қажет.

«Ата-аналарды, мұғалімдер мен мектеп басшыларын балалармен қарым-қатынаста асқан мейірімділік танытуға шақырамыз. Өйткені балаларымыздың өмірі мен денсаулығы қоғамның басты құндылығы болып табылады», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінен.

Еске салайық, оқиға 28 қазанда болды. Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі әкімшілігінің мәліметінше, оқушы сабақтан тыс уақытта қаза болды.

«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Кәмелетке толмаған баланың және басталған тергеудің мүддесі үшін мектеп қосымша ақпаратты бере алмайды», - деп хабарлады білім мекемесінен.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша Бостандық аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін мәлім етті.

«Оқиғаның себептері мен мән-жайы өндіріс барысында анықталады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деді полициядан.