2 жасар бүлдіршін шұжықтан уланып көз жұмды

0
1 534

Эпидемиологиялық зерттеу кезінде баланың өліміне Щучинск қаласындағы сауда үйлерінің бірінен сатып алынған жартылай сүрленген шұжық (колбаса) жеуі себеп болғанын анықтады


2 жасар бүлдіршін шұжықтан уланып көз жұмды

ERNUR.KZ. Ақмола облысында шұжық жеген 2,4 жастағы бүлдіршін көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, 2018 жылдың 17 қазанында Бурабайдағы ауданаралық көпбейімді ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне ішек жұқпасы белгісімен 2016 жылы туған (2,4 жастағы) бүлдіршін түскен. Қазанның 19-да жағдайы нашарлауына байланысты бала жансақтау бөлімшесіне жатқызылыпты.

«Дәрігерлер консилиум өткізді. Облыстық балалар инфекционисті балаға «асқынған ми қан айнылымының жетіспеушілігі, гастроэнтероколит типі бойынша протромбин идексі, Ботулизм?» диагнозын қойды. Алайда, бүлдіршін қазанның 20-ы күні сағат 05:40-та көз жұмды. Эпидемиологиялық зерттеу кезінде баланың өліміне Щучинск қаласындағы сауда үйлерінің бірінен сатып алынған жартылай сүрленген шұжық (колбаса) жеуі себеп болғанын анықтады», -деп түсіндірді ведомстводан.

Сонымен қатар, Бурабайдағы ауданаралық көпбейімді ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне зардап шеккен қызбен бір үйде тұрған немере ағасы мен әпкесі де түсті.

«Қазанның 20 күні бұл балалар Көкшетау қаласындағы облыстық көпбейімді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі кезде олардың жағдайы қанағаттанарлық. Үйде қатынаста болған адамдардың барлығы тексерілді. Зардап шегуші отбасының айтуы бойынша, шұжық сатқан сауда үйінде жоспардан тыс тексеріс жүргізілуде. Эпидемиологияға қарсы және алдын алу кешенді шаралары жүргізілуде. Оған қоса, баланың өліміне қатысты медициналық мекемеде де жоспардан тыс тексеріс басталды», деп толықтырды ведомстводан.