2025 жылы Ақтөбе облысындағы елді мекендер ауыз сумен толық қамтылады - ҰЛТТЫҚ ЖОБА

0
226

Бүгінгі күні облыс бойынша 323 елді мекеннің 231-і ауыз сумен қамтылған.


2025 жылы Ақтөбе облысындағы елді мекендер ауыз сумен толық қамтылады - ҰЛТТЫҚ ЖОБА

Еліміз 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіреді деп жоспарланған. Осы мақсатта елімізде тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны баршамызға мәлім. Еліміздің дамуы әр өңірдің жекелей дамуымен тікелей байланысты. Оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту дамыған мемлекеттердің қатарына қосылудың ең негізгі алғышарты. Яғни өңірлерді дамыту арқылы тұрғындарға барынша қолайлы жағдай қалыптастыру.

Салыстырмалы түрде қарасақ, қазіргі таңда халықтың өмір сүру сапасы едәуір жақсарған. Бірақ, бұл деген өңірлердегі мәселелер түбегейлі шешілді деген сөз емес. Дегенмен елімізде бұл олқылықтарды жоюға арналған кешенді бағдарламалар мен жобалар жүзеге асып жатыр.
Соның бірі өткен жылы қолға алынған «Қуатты өнірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Бүгінде тұрғындар 5 жылға жоспарланған бұл жобаның тиімділігін көріп келеді. Ұлттық жоба аясында өңірлерде кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын байқап жүрміз. Алдағы уақытта да күтілетін нәтижелер де аз емес.
Осы уақытқа дейін жоба аясында еліміздің бірнеше өңірінде атқарылған жұмыстарға көз жүгірткен боламыз. Келесі кезекте Ақтөбе облысында ұлттық жоба негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз.
Аталған ұлттық жоба басталғалы Ақтөбе облысында жұмыстар кешенді жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Облыста жобаның бірінші бағыты негізінде сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу мен реконструкциялау, жолдарды жөндеу, коммуналдық сектор желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жасалатын жұмыс та жетерлік. Сол жұмыстардың барлығы 5 жылдық жоспарға сай атқарылса нәтижесі жаман болмас. Атап айтқанда, ұлттық жобаның «инфрақұрылымды кешенді дамыту» шеңберінде 2025 жылға қарай елді мекендер ауыз сумен толық қамтылады. Сонымен қоса, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі артып, инженерлік желілердің тозуы қысқаратын болады.

(фото: Ақтөбе облысының әкімдігі)

Негізінен ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының іс-шараларын қамтиды. Оның ішінде ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы бар. Биыл Ақтөбе облысында «Ауыл –Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 70 жоба жүзеге асырылуда.
«Оның ішінде 19 дене шынықтыру сауықтыру кешендері, үш электрмен жабдықтау желісі, екі мәдениет нысаны, 3 дәрігерлік амбулатория құрылысы және 1 сумен жабдықтауды қайта құру жобалары жоспарланды. Сонымен қатар, 2 балабақша, 7 мектеп, 2 дәрігерлік амбулатория бар», - делінген Ақтөбе облысы әкімдігінің ақпаратында.
Жоғарыда атап өткендей, ұлттық жоба халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Осы ретте өңірдегі денсаулық сақтау саласына тоқталсақ.
Қазіргі таңда облыста барлығы 482 медициналық ұйым болса, оның ішінде 16 жекеменшік аурухана мен 119 амбулаториялық-емханалық мекеме бар.
Алдағы уақытта облыс орталығында Ядролық медицина және томотерапия орталығымен «OrhunMedical» көпсалалы клиникасы салынады деп жоспарлануда.

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми ақпаратына мәліметке сүйенсек, KGIR-2022 аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов түркиялық «OrhunMedical» компаниясымен екі позитронды эмиссиялық томография және бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография орталықтарын ашу туралы келісімге қол қойған. Түркиялық компанияның инвестиция көлемі 35 миллион долларды құрайды.
Аталған орталық әлемдік озық әдістер негізінде онкологиялық ауруларды кешенді диагностикалауды жүзеге асырады. Позитронды-эмиссиялық томография онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысы жедел медициналық жәрдем көліктерімен толық қамтылған. Биыл облыс ауруханаларына 52 HYUNDAI және JAC Sunray маркалы санитарлық автомобиль берілді. Осылайша жедел жәрдем көліктеріне деген қажеттілік толығымен жабылған. Көліктердің жалпы құны 2 миллиард теңге құрайды.

Елімізде мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұқаралық спортты дамыту мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта өңірлерде спорт нысандарының қатары да айтарлықтай көбейген.
Ал, биыл Ақтөбе облысында 10 спорт нысанының құрылысы аяқталады. Өңірде спорттың 70-тен астам түрі бойынша спортшыларды дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Сонымен қоса, 23 мыңға жуық ақтөбелік үстел теннисімен айналысады. Облыста 1525 секция жұмыс істейді, оның 709-ы – ауылдық жерлерде.
Күн тәртібінен түспейтін тұрғын үй құрылысы да ұлттық жобаның басым бағыттарынң қатарына кіреді. Кешенді бағдарламаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша биыл Ақтөбе облысында 2 жоба жүзеге асуда. Нақтырақ айтатын болсақ, облыс аумағында 9 қабатты тұрғын үй және Мәртөк ауылында жалға берілетін-коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда өңірде «Құрылыс кооперативтердің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы» бекітілген. Яғни бұл бағыт шеңберінде ұзақ уақыт бойы құрылысы тоқтап тұрған нысандарды тез арада пайдалануға беру және қиын жағдайға тап болған үлескерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қолға алынған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша 540 үлескер қаражат салған он бір тұрғын үй кешені бар. Көбісінің құрылысы бірнеше жылдар бойы түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған.
Жоғарыда көрсетілген бағыт бойынша тұрғын үйден бөлек, әлеуметтік нысандардың құрылысына да басымдық берілген. Алайда, әкімдік өкілдері өңірде биылғы жылға жоба аясында мектеп және аурухана құрылыстары жоспарланбағанын айтты.
«Оларды іске асыру басқа да ұлттық жобалар арқылы жүргізіледі», - деді мамандар.
Өңірде ұлттық жоба аясында биылғы жылы коммуналдық шаруашылық саласында 36 жоба жүзеге асуда. Оның ішінде 17 жоба электр желісі, 5 жоба су желісі және 13 жоба газ құбырларымен жабдықтауға бағытталған.
Ақтөбе облысында 2022-2025 жылдар аралығында 80-ге жуық елді мекенді табиғи газбен қамту жоспарланған. Нәтижесінде облыста газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 97,6 пайызға жетеді. Жыл қорытындысы бойынша 14 елді мекенді немесе 9,6 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарлануда. Қазіргі таңда еліміз бойынша жалпы газ өндірудің шамамен 10%-ы Ақтөбе облысының үлесіне тиесілі.

Облыс әкімі Ойыл және Ырғыз аудандарында газбен қамту көрсеткші төмен екенін айтқан болатын.
«Ойыл ауданында 22 елді мекеннің тек үшеуіне, Ырғыз ауданында 18 ауылдың бесеуіне ғана газ кірген. Осы аудандар бойынша жұмысты күшейту қажет», - деді Ералы Тоғжанов.
Бүгінде елдімекендерді кәріз жүйесімен қамту мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Осы ретте ұлттық жобаның инфрақұрылымды кешенді дамыту бағыты шеңберінде кәріз жүйелерін жаңғырту мәселесі көзделген. Қазіргі таңда әр өңірде ұлттық жоба талаптарына сәйкес, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жоба басталғалы Ақтөбе облысында да кәріз жүйесін қайта құру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қоса, өңірде құны 30 миллиард теңге болатын кәріздік тазарту қондырғыларын салу жоспарлануда. Аталмыш инвестициялық жобаны «Еуропалық қайта құру және даму банкі» қаржыландыруға дайын.
Аталған кәріздік тазарту қондырғысы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады. Ең бастысы қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Кәсіпорын құрылысы сәтті іске асса, қуаттылығы тәулігіне 100 мың м³ болады.
Ұлттық жобаның басты міндеттерінің қатарында халықты ауыз су, газ, электр және жылу жүйелерімен қамту мәселелері бар.
«Іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай елді мекендер толық ауыз сумен қамтылады. Қалалардағы сарқынды сулар 100 пайыз тазартылады. Сонымен қоса, инженерлік желілердің тозуы 55%-дан 47%-а дейін қысқарады», - делінген жобаның төлқұжатында.
Осы тұрғыда өңірде қандай жұмыстар атқарылғанына зер салайық.
Бүгінгі күні облыс бойынша 323 елді мекеннің 231-і ауыз сумен қамтылған. Яғни облыс тұрғындарының 71,5 пайызы немесе 868 мыңнан астам адам ауыз сумен толық қамтылған. Ал, келер жылы 12 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Ал, биылғы жылы ұлттық жоба аясында 24 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 20 жоба сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы және 4 жоба су құбыры желілерін қайта құруға бағыталған. Сумен жабдықтау жобаларын республикалық және жергілікті бюджет қаржыландыруда.
Жоба аясында 2023 жылы 878 мыңнан астам адам тұратын 268 ауыл ауыз сумен қамтылатын болады. Сонымен қатар, халқы 200 адамнан аз ауылдарда кешенді-блок модуль (КБМ) орнатылатын болады. Нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 98,3 пайызға жетеді.

Ақтөбе облысында ұлттық жоба басталғалы бірқатар жұмыстардың атқарылғаны байқалады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол.

ERNUR.KZ