3 жыл бұрын жарылып, істен шыққан кәріз құбыры екі жасар баланың өмірін қиды

0
1 270

2 жасар баланың өлімінен соң ауыл әкімі кәріз құбырын жөндеуге кірісті.


3 жыл бұрын жарылып, істен шыққан кәріз құбыры екі жасар баланың өмірін қиды

ERNUR.KZ. Алматы облысында 2 жасар бала кәріз қалдығына тұншығып көз жұмды, деп хабарлайды ktk.kz.

Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылында болған. Елді мекенді бойлай өтетін ескі кәріз құбыры тесіліп, қалдық сай-салаға ағады екен. Арыққа жиналып қалған лас суға бүлдіршін абайсызда құлап кеткен. Ауылдық округ басшысы болған оқиғаға ата-ананы кінәласа, тұрғындар әкімнің шарасыздығына күйінеді.

2 жасар ұлынан қапыда айырылған Тұрахан Рәсілдің жүрегі қан жылайды. Суға тұншыққан баласының денесін арықтан өзі алып шығыпты. Кішкентай Аянның өлімі Қазақстан ауылындағы күллі жұртты шошытып отыр.

"Көршімнің баласы «Жүр шешең мына жақта» деген ғой. Бірге шыққан қақпадан. Шығыпты да ана жерге барып құлап кетіпті" - дейді Аянның анасы Тұрахан Рәсіл.

Көршілері баланы аман алып қалу үшін жанталасқан. Бірақ бәрі нәтижесіз. Аян отбасының көптен күткен сәбиі еді. Қос әпкесінен кейін 6 жылдан соң дүниеге келіпті. 20 күн бұрын 2 жасқа толған кішкентай бүлдіршіннің жүрегі Шелектен жедел жәрдем жеткенше тоқтаған.

"Жедел жәрдем 1,5 сағат бойы келмеді. Ешкімнің үйінде көлік жоқ. Егер де біреудің үйінде көлік болса сол күні менің балам аман қалар еді..."- дейді қайғы жұтқан ана.

Сылдырап аққан су бұлақтың емес, кәріз қалдығының суы. Қазақстан ауылындағы шарап зауыты, емхана және көпқабатты үйлердің қалдықтары құбыр арқылы қалаға қарай ағуы тиіс. Алайда құбыр жарылып, осыдан 3 жыл бұрын істен шыққан екен. Содан бері жөндеу көрмеген. Ал су әлі күнге дейін осылай ауыл арасында жайылып ағып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, егіс даласына су жіберетін арыққа кәріздің қалдығы үнемі толып қалады. Арық Үлкен Алматы арнасына тиесілі. Мұнда кәріз суын ағызуға рұқсат жоқ.

"Бір жерін жамаса, екінші жері тесіледі. Кәріз құбыры шіріп біткен. Оның бәрін ауыстыру керек" - дейді Қанат Ыбырайымов, Қазақстан ауылының тұрғыны.

Қайғыдан қан жұтқан отағасы кәріз құбырының мәселесі толық шешілмейінше тынбаймын дейді. Оқиғаның тағы қайталанбасына кепіл жоқ.

"Бұны жүргізіп істей алмаса, жаба алмаса облыс әкіміне арыз жазамын" - дейді Аянның әкесі Жұмажан Жүнісбекұлы.

Көптің басты талабы құбыр жарылған аумақтағы шұңқырды қоршау. Оның тереңдігі 2 метр. Оған қоса арықтың маңайына арнайы белгі қою қажет. Себебі, жер үйлерге жақын. Жағдайдан хабардар округ әкімі болған оқиғаға ата-ананы кінәлап, құбырды жөндеуге кірісетінін айтты.

"2 жастағы бала болғаннан кейін ата-ана да қарауы керек қой. Бала ойын баласы. Осы мәселемен ауданға барамыз" - деді Қазақстан ауылдық округінің әкімі Марат Сүгірбеков.

Кәріз құбырын жөндеуге келген жұмысшылар болса жайбарақат.

Ауыл жұрты «Әкімдік техниканы әкеліп үнемі көзбояушылық жасайды. Шу басылған соң жөндеріне кетеді» деп тағы да күмән келтіріп отыр.