​«7-20-25» бағдарламасына қаржы KASE арқылы тартылады

0
1 257

Бұл ақпарат бөлімшенің Фейсбуктегі парақшасында да жарияланған.


​«7-20-25» бағдарламасына қаржы KASE арқылы тартылады

ERNUR.KZ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие беру үшін қаражат қайдан тартылады? Бұл сұраққа бүгін Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ұлттық банк өкілдері жауап берді, деп жазады ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық банкінің Алматы филиалы директорының орынбасары Гүлнар Шеметованың айтуынша, қаржылық реттеуші үнемі ипотекалық нарықты дамыту мен клиенттерді қолдау бойынша мақсатты жұмыс атқарып келеді. «7-20-25» - әр отбасы үшін баспаналы болу мүмкіндігі» бағдарламасы – осы бағыттағы маңызды қадам. Айта кету керек, бұл бағдарлама туралы бастаманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» аясында көтерген болатын.

«Бағдарлама операторы «Баспана ипетокалық ұйымы» облигация шығарып, оны орналастыру арқылы нарықтық қаржы тарту механизмін пайдаланады. Оператор Қазақстан қор биржасына (KASE) 1 трлн теңгеден аса қаражат тартуды жоспарлап отыр. Одан түскен ақшаны екінші деңгейлі банктердің бағдарлама бойынша берген ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсайды»,- деді Гүлнар Шеметова.

Оның айтуынша, Ұлттық банктің Алматы филиалы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру барысында әкімдік пен «Баспана» ИҰ арасындағы ақпараттық байланысты қамтамасыз етіп келеді. Апта сайын Алматы әкімдігіне бағдарлама аясында берілген несиелер саны бойынша ақпарат беріліп отырады. Сонымен қатар, бұл ақпарат бөлімшенің Фейсбуктегі парақшасында да жарияланған.

«Сондай-ақ, бағдарлама бойынша қала халқына ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Мысалы Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің Сорбонна-Қазақстан Институтында арнайы лекция және қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылық құрамымен кездесу өтті. Бөлімше қызметкерлері «Баспана» ИҰ өкілдерімен бірлесе отырып, әкімдік өкілдері үшін бағдарлама шарттарын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді», - деді Г.Шеметова.

Мұның алдында ипотекалық ұйымның басқарма төрағасының орынбасары Талғат Байдосов «7-20-25» бойынша Алматыда қай жерде баспана салынатынын айтқан болатын.