​"7-20-25": Депутаттар Шымкент үшін ипотека мөлшерін көтеруді сұрады

0
1 099

"Ақжол" фракциясының депутаттары жақында республикалық маңыздағы қала мәртебесіне ие болған Шымкентте ипотекалық қарызды 15 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін көтеруді сұрады.


​

ERNUR.KZ. "Ақжол" фракциясының депутаттары жақында республикалық маңыздағы қала мәртебесіне ие болған Шымкентте ипотекалық қарызды 15 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін көтеруді сұрады, деп жазады sputniknews.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов Ұлттық банктің төрағасына "7-20-25" бағдарламасына қатысты сауал жолдады. Халық қалаулысының айтуынша, кейбір аймақтарда бағдарлама шарттары жергілікті ерекшеліктерге сай келмейді.

"Мәселен, еліміздің ең халқы көп, орташа жалақысы ең төмен аймақтардың бірі – Түркістан облысы мен Шымкент қаласы. Бұл жерде отбасылардың дені көп балалы болғандықтан, бір-екі бөлмелі пәтер оларға таршылық етеді. Ал бағдарлама шарты бойынша үйдің бағасы 15 миллион теңгемен шектелген. Шымкентте бұл сомаға тек екі бөлмелі пәтер ғана сәйкес келеді. Осы аядай үйге 4-5 баламен қалай сыясыз? Жақында ғана Шмкент қаласын Астана, Алматымен теңеп, мегаполис деп жарияласақ, неліктен үйдің бағасын екі есеге төмендетіп отырмыз?", - деді Дүйсенбинов.

Ол бағдарламаны дайындау барысында Ұлттық банк нақты жағдайды толық ескермегенін атап өтті.

"Озық ойлы, жанашыр әкімдер шамасы келгенше бағдарламаның шарттарындағы кемшіліктердің орнын толтыруға тырысып жатыр. Мысалы, дәл сол Шымкент қалалық әкімшілігі кейбір әлеуметтік топтарға көмек қолын созып, алғашқы жарнаның жартысын өз мойындарына алуда", - деді депутат.

Сондай-ақ, "Ақжол" партиясы фракциясының депутаты құрылыс материалдарының қымбаттауы құрылысшы кәсіпкерлердің бизнесті тастауына себепші болып отырғанын айтты.

"Кеше Үкімет отырысында, Данияр Талғатұлы, "Инфляция әрі қарай өсе береді" деген болжам жасадыңыз. Осыған қосымша дәлел, Қазақстан құрылысшылар одағының ақпаратына сүйенсек, көп кәсіпкер құрылыс саласынан шығып, саудаға көшті немесе мүлдем бизнеспен айналысудан бас тартуда", - деді ол.

Өзі айтқан уәждерден кейін Дүйсенбинов Шымкентте "7-20-25" бағдарламасы аясында берілетін ипотекалық несие мөлшерін 25 миллион теңгеге дейін өсіруді сұрады.

"Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, "Ақжол" фракциясының депутаттары сізден бірінші, Шымкент қаласының республикалық статусын ескере отырып, "7-20-25" бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыздың жоғары шектеуін 15 миллионнан 25 миллионға дейін көтеруді; екінші, алғашқы жарнаның жартысын, субсидиялау тәжірибесін бүкіл елімізге таратуды қарастыру; үшіншісі, бағдарламаға қатысатын құрылыс компанияларын инфляция мен құрылыс материалдары бағасының өсуінен қорғау механизмдерін әзірлеу немесе құрылыстың өзіндік құнын қайта есептеуді сұраймыз", — деп түйіндеді Дүйсенбинов.