«7 арна» жаңа телемаусымды жаңа мазмұнмен бастады

0
412

Тағы бір жаңалық – танымал тұлғалар туралы «Жұлдызды шаңырақ» және «Қызықты weekend» бағдарламалары


«7 арна» жаңа телемаусымды жаңа мазмұнмен бастады

Қазақстанның «Жетінші арнасы» наурыз қарсаңында телевизиялық маусымын тың бағдарламалармен жаңартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Трансформация арнаның контентімен бірге визуалдық шешімдерін де қамтыды. Нақтырақ айтсақ, ребрендинг жүргізіліп, эфирдің әрлеуі өзгерді, логотипі мен көрсетілім кестесі де жаңарды.

«Біз барлық жастағы көрермен үшін заман талабын ескеріп, қайта жаңардық. Түрлендік. Әртүрлі түрге ендік. Көңілді күйге ендік. Бұның бәрі Сіз үшін патша көңіл көрермен. Ерекше жобаларымыздың бірі – «Қыздар-ай». Өйткені, әйелдер – әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы», - дейді арнаның бас директоры Әния Байораз.

Аталған «Қыздар-ай» бағдарламасы бүгін сағат 14:30-да алғаш рет көрерменге жол тартады. Жүргізушілері – Жанар Айжанова мен Аша Матай. Бағдарлама нәзік жандардың жан жүрегін тербеп, көрерменге күн сайын студияға келген алуан кейіпкердің алуан түрлі өмірі мен өзекті мәселелерін толғайды. Тағдыр талайымен бірге олардың қуанышы мен жұбанышы, жетістігі мен жетпей жатқан тұстары, өмірлік тәжірибелері мен тәлім-түсінігі талқыға түседі.

Тағы бір жаңалық – танымал тұлғалар туралы «Жұлдызды шаңырақ» және «Қызықты weekend» бағдарламалары. Әр сенбі мен жексенбі күндері Анна Данченко жүргізетін жобада танымал шоу бизнес, театр және кино жұлдыздарының өміріне сыр айтылып, естеліктер тыңдалады.

Бұған қоса жақын арада 7 арна эфирінде қазақ және орыс тілдерінде баламасы жоқ апталық кешкі шоу басталады. Авторлар оның сценарийін әзірге құпия ұстап отыр.

Жалпы бұл көктемде 7 арна көрерменге сериалдар мен сапалы фильмдер ұсынбақшы. Телеарна киносүйер қауымды Қазақстан, Түркия, Ресей, Украина, Бразилия және АҚШ түсірген эксклюзивті фильмдермен, сериалдармен тамсандырмақ.