АӘК алған 94 мыңнан астам отбасы өткен жылы кедейліктен шықты

0
496

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.


АӘК алған 94 мыңнан астам отбасы өткен жылы кедейліктен шықты

ERNUR.KZ. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 94 142 отбасы 2022 жылы кедейлік жағдайынан шықты, деп жазады baq.kz.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау (отбасының әрбір мүшесіне айына орта есеппен 12 160 теңге);

- Табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы АӘК алушылар саны 141,5 мың отбасын (728,7 мың адам) құрады, осы жылдың 1 наурызында 84,7 мың отбасы АӘК (444,9 мың адам) алды.

Өңірлік бөліністе өткен жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 34,9 мың отбасы немесе 24,7%, Шымкент қаласында – 16,5 мың отбасы немесе 11,7%, Қызылорда облысында – 12,1 мың отбасы немесе 8,6%, Алматы облысында – 10,7 мың отбасы немесе 7,5%, Жамбыл облысында – 9,2 мың отбасы немесе 6,5%, Жетісу облысында – 8 мың отбасы немесе 5,6% тіркелген, - делінген хабарламада.

АӘК тағайындауларының ең аз саны Ұлытау облысында – 654 отбасы немесе 0,5%, Атырау облысында – 1,2 мың отбасы немесе 0,8%, Солтүстік Қазақстан облысында – 2 мың отбасы немесе 1,4%, Ақмола облысында – 2,6 мың отбасы немесе 1,8% тіркелген.

АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесінде – 64,2% немесе 468,1 мың адам. 16,4% немесе 119,3 мың адам – жұмыс істейтін азаматтар; 12,5% немесе 91 мың адам – балаларға, қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдар; қалған 6,9% – азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.

Қабылданған шаралардың, әсіресе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартудың нәтижесінде 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 141,5 мың отбасы, өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланған 94,1 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты. 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51,4 мыңы кедейлік жағдайынан шықты.

Солардың бірі оңтүстік өңірден көшіп келген, қазір Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының тұрғыны Ақниет Алтынбайдың отбасы. Ерлі-зайыптылар мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдады, осы мақсатта олар микрокредит алды.

Біздің кәмелетке толмаған төрт баламыз бар, біз АӘК алушылар қатарында болған едік. Күйеуім мал шаруашылығын дамытып, өзім декреттік демалыста жүрген кезімде үйде пісірілетін ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді даярлаумен айналысып, отбасылық мерекелер мен мейрамдарға тапсырыстар қабылдадым. Кейіннен мен орта мектепке әлеуметтік педагог ретінде жұмысқа орналастым. Нәтижесінде бүгінде отбасымыз АӘК алушылар қатарында емес, – деді Ақниет Алтынбай.