​Абаев төтенше жағдайда интернетті бұғаттаудың не үшін қажет екенін айтты

0
1 382

Халықты төтенше жағдай туралы құлақтандыру мәселесі ең жоғары деңгейде қалып отыр.


​Абаев төтенше жағдайда интернетті бұғаттаудың не үшін қажет екенін айтты

ERNUR.KZ. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Үкімет кулуарында Қазақстанда әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде интернетті бұғаттау қаулысына қатысты пікір білдірді, деп жазады Baq.kz.

28 қазан күні Қазақстан үкіметі арнайы қаулы шығарып, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігіне интернетті бұғаттау құқығын берген болатын. Қаулыға сәйкес, аталған мемлекеттік органдар өкілетті органмен өзара әрекет ете отырып, «әлеуметтік, табиғи және техногендік тұрғыдан төтенше жағдай болғанда» үкімет пен президент байланысынан басқа интернет пен байланыс жүйесін тоқтатуға құзыретті.

«Халықты төтенше жағдай туралы құлақтандыру мәселесі ең жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл жерде априори байланысты өшіруде емес. Әңгіме бұл туралы емес. Халықтың дүрлігуіне жол бермес үшін мұндай шешімді қандай да бір комиссия қабылдайтын болады. Әріптестер, мен тағы да айтамын, біз өте көп қаулы қабылдаймыз. Оған қоса біз әзірлеуші емеспіз», - деді министр.

Журналистер Абаевтан қаулыда көрсетілген «әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайдың» не екенін сұрады. Министр бұл сұрақты тізімде көрсетілген мемлекеттік органдарға жолдаған дұрыс деді.

«Қаулы жарияланса, бұл мәселеде қатаң логика бар деген сөз. Тізімді біздің министрлік болмағандықтан, нені меңзеп тұрғанын толығырақ сұрап-білуім керек. (...) Су тасқыны болса, байланыс мүлдем жойылады деген нәрсе емес. Бұл жерде тек сондай мүмкіндік беріледі деп тұр. Арнайы радиоарналар жұмыс істеп тұрады. Сондықтан адамдарға су тасқыны болып жатыр деп хабарланады», - деді министр.

Ақпарат және коммуникациялар министрі техникалық жағынан интернетті бір ғана қалада немесе бір облыста бұғаттау мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ мұндай шаралар су тасқыны кезінде желіде түрлі видеолардың таралмауы үшін қолға алынбағанын мәлімдеді.

Сөз соңында министр кешке дейін «фейсбукта» осы мәселеге қатысты пікір қалдыратынын айтты.