«Абай» операсы тұңғыш рет Италияда көрсетілмек

0
1 234

«Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен жол тартпақ


«Абай» операсы тұңғыш рет Италияда көрсетілмек

ERNUR.KZ. «Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапармен жол тартпақ. Ұжым 8 және 10 қараша күндері атақты генуялық «Карло Феличе» театрының сахнасында өнер көрсетеді, деп жазады Baq.kz.

Көрермен назарына А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы, сонымен қатар Л.В.Бетховеннің №9 Симфониясы ұсынылады. Гастроль ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді.

Дирижерлік пульт басында – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев. Оның партитураны жеткізе білуі ерекше: музыкалық материал анық-қанық түсіндіріліп, ой шыңының асқақ биігінде оқылған. А.Бөрібаевтың басқаруындағы оркестрдің үні де айрықша.

Қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» сыйлығының лауреаты Франка Скуарчапиноның керемет үйлескен шығармашылық жұбының операны жасау бойынша атқарған жұмысына көрерменнің бей-жай қалмайтыны анық. Бірегей сценография ақынның ішкі жан-дүниесін ашқандай: итальяндық өнерсүйер қауым Абайдың жұмыс орнынан алтын түсті орасан зор кітапхана, глобус, армиллярды ... көре алады. Ал бөлменің есігі таңданған жұртшылықтың алдында айқара ашылады. Соңғы көріністе пайдаланылатын 3D-технологиясы өте орынды қосылып, шаттыққа толы әсерге бөлейді.

«Астана Опера» МОБТ қойылымындағы «Абай» операсы 2018 жылғы Әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық алуға ұсынылып, екінші кезеңіне өткенін айта кеткен жөн. Музыка сыншылары аталмыш сахналық қойылымның алыптығын, көпқырлылығы мен ауқымдылығын бірнеше рет атап өтті. Ол Қазақстанның опера өнерінің жаңа кезеңі болып табылады және әлемнің үздік сахналарында талай рет ұсынылатыны сөзсіз.

«Карло Феличе» театрының басшылығы итальяндықтардың «Астана Операның» Нью-Йорк, Париж және Еуропа мен АҚШ-тың басқа да қалаларында сәтті өткен гастрольдері жайлы естіп, қанық болғандығын жеткізді.

«Бұл Италияның опера тарихындағы ғаламат «Абай» спектаклінің тұңғыш орындалуы болмақ. Оқиғаға ерекше маңыздылық үстейтін оның қазақ тілінде қойылуы», - деп атап өтті «Карло Феличе» театрының дирижері Джузеппе Акуавива.