#Abai175 челленджі: Алматылық шаштараз ақынның портретімен шаш үлгісін жасады

0
2 689

Танымал тұлғаның бейнесін ұқсатып шаш қию - оңай емес.


#Abai175 челленджі: Алматылық шаштараз ақынның портретімен шаш үлгісін жасады

ERNUR.KZ. Алматылық 6-сынып оқушысы Әлихан Ерболат ұлы ақын Абай Құнанбаевтың портреті бар шаш үлгісін жасаған, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгінде Әлиханның шаш үлгісі әлеуметтік желіде кеңінен тарап, талқылануда. Сондай-ақ адамдар жасөпірімді көшеде танып, амандасатын көрінеді. Осы тұрғыда ҚазАқпарат тілшісі мұндай шаш үлгісін жасаған шаштаразбен және оған келіскен оқушы баланың анасымен хабарласқан еді.

«Танымал тұлғалардың бейнесін келтіріп шаш қидыру бізге енді келіп, белең алып жатқанымен, шетелде бұл таң емес. Шашқа портрет салуды осыдан бір жыл бұрын қолға алып, айналыса бастадым. Әрине, шетелде бұл сән болғанымен, біздің менталитет басқа болғандықтан барлық адамдар бұл трендті қабылдай қоймайды. Десек те, бұл өнер. Себебі жеке адамның оның үстіне, танымал тұлғаның бейнесін ұқсатып шаш қию - оңай емес» , - деді шаштараз Меруерт Давлетова.

Оның айтуынша, ақын портретін салуға бүгінде елімізде кеңінен таралып жатқан #Abai175 челленджі себеп болған.

«Қазақстан бойынша әлеуметтік желілер арқылы Абай Құнанбаевтың өлеңін оқу челленджі кеңінен тарауда. Мен негізі, әлеуметтік желідегі мұндай байқау, жарыстарға мән бере қоймайтынмын. Дегенмен, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайбергеннің ақын өлеңінен үзінді оқығаны ерекше әсер қалдырды. Содан бұл эстафетаны өз бетімше кәсібіммен байланыстырсам деген идея келді. Бұған дейін президент Қ. Тоқаевтың портретін келтіріп шаш үлгісін қиғанмын. Мемлекет басшысының бейнесімен шаш қию идеясын менің клиентім ұсынды. Содан соң әлеуметтік желі арқылы адам іздеп, нәтижесінде Президент портретін алматылық жігіттің шашына салдым. Дегенмен, сол кезде Президент сайлауына қызу дайындық жұмыстары жүріп жатқандықтан, жауапкершілікке тартылып кетпейік деген оймен шаш үлгісін сол сәтте қайта өзгертіп тастадық. Шынымды айтсам, екеуінде де қатты қобалжыдым. Себебі, біріншіден - бұл біреудің шашы, оны жұртқа күлкі болмайтындай етіп дұрыстап алу керек. Екіншіден, бүкіл ел танитын атақты адамдардың бейнесін ұқсата алам ба деген күмән болды», - дейді ол.


Сондай-ақ біз Абайдың бейнесін шашына салуға келіскен оқушының анасымен тілдестік.

«Бұл оқиға күтпеген жерден болды. Instagram парақшасы арқылы шаш алдыратын модельдер керек деген хабарландыруды оқып, сол бойынша хабарластық. Бірақ бізге Абай Құнанбаевтың портретін салатынын айтқан жоқ. Жай ғана «келіңіз!» деді. Абайдың суретін салатынын балам барған соң ғана біліпті. Әрине, қарсы болмаған. Өзіміз баламыздың ерекше шаш үлгісі туралы үйге келген соң ғана білдік. Жеке тұлғалардың портреті бейнеленген шаш үлгісі жиі кездесе бермейтін болған соң, көп адамдар қызық көріп қарап, кейбір адамдар баламмен өздері келіп амандасып жатады», - деді Әлиханның анасы Ақбота Балжанова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.