Әйгілі National Geographic журналы Тамғалы тастың құпиясын сөз етті

0
572

Журналы Тамғалы тастағы петроглифтерге кеңінен тоқталып өткен.


Әйгілі National Geographic журналы Тамғалы тастың құпиясын сөз етті

ERNUR.KZ. Әлемдік дәрежеде беделге ие National Geographic журналы Алматы облысында орналасқан Тамғалы тас петроглифтері туралы ауқымды мақала жариялады, деп жазады kaz.nur.kz.


"Бақсылар, күн құдайлары, сарбаздар: қола дәуірінің мыңдаған петроглифтері бұл көне мекенді айшықтай түседі. Қазақстандағы Тамғалы шатқалының суреттеріне 3500 жыл болған және олар өз дәуірінің қоғам айнасы іспеттес", - деп мақаласын бастайды журнал авторы.


National Geographic журналы Тамғалы тастағы петроглифтерге кеңінен тоқталып өткен.


"Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматыдан шамамен 170 шақырым қашықтықта орналасқан Тамғалы - ерекше мекендердің бірі болып табылады. Көне заманның адамдары жартастарға 5000-нан астам сурет салып, өз ізін қалдырып кеткен. Петроглифтерде күн құдайларынан бастап, аттағы сарбаздар, билеп жүрген бақсылар мен жануарларға дейін бейнеленген", - деп жалғастырды басылым.


Журнал Тамғалы шатқалының тастағы суреттерін тұңғыш рет 1957 жылы археолог Анна Максимова бастаған Жетісу отряды ашқанын сөз етіп, жартастағы ең көне 3000 петроглифті бес топқа бөлуге болатынын жазған.

Мақала авторы әр топтың петроглифтері несімен ерекшелетінін тізбектеп, суреттердің құпиясы әлі толықтай ашылмағанына баса назар аударды.


"Замануи ғалымдар көптеген ғасырларды қамтитын бұл суреттердің құпиясын әлі де толық ашпады. Бұл мекен 2004 жылы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне егеннен кейін суреттерді жан-жақты сараптаған зерттеушілер Алексей Рогожинский мен Ренато Сала қола дәуіріндегі суреттерді одан да көп топтарға бөлуге болатынын аңдаған. Тамғалының ғажайыптарын зерттеушілер петроглифтерді жеке сурет ретінде қарастыруға болмайтынын, оларды ортақ мән-мағынасы бар бүтін дүние ретінде қарастыру керектігін айтуда", - деп ойын түйді мақала авторы.