Аймағамбетов Президент тапсырмасы қалай орындалатынын айтты

0
382

Министр өзі басқарып отырған меморганға жүктелген тапсырмаларға жеке тоқталды.


Аймағамбетов Президент тапсырмасы қалай орындалатынын айтты

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Үкімет алдында бірқатар маңызды тапсырма жүктегенін айтты, деп жазады baq.kz.

Министр өзі басқарып отырған меморганға жүктелген тапсырмаларға жеке тоқталды. Аймағамбетов ол туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Біздің министрлік алдына сапалы білім алуға қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер қойылды. Біз осы тапсырмаларды орындауға кірістік, бұл туралы өткен Үкімет отырысында баяндадым", - деді бас ұстаз.

Министр қойылған міндеттерге тоқталып өтті.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес қызметтерін орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің балаларына, жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуы үшін гранттар беру жөніндегі норманы қабылдау жоспарлануда. Мемлекет тарапынан мұндай қолдау қажетті шара болып табылатынына сенімдімін. Жақында болған қайғылы оқиғалар кезінде біз олардың ерлігінің куәсі болдық, азаматтарды өз өмірлерін аямай қорғады", - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар ведомство басшысы кадр тапшылығы байқалатын және білім сапасында үлкен алшақтық бар өңірлерге үздік педагогтерді тартуға қатысты да айта кетті.

"Президенттің тапсырмасы бойынша біз қолдау шараларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақының арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, коммуналдық қызметтерді төлеу өтемақысы және т.б. осы сияқты әлеуметтік қолдау шараларын ұсынамыз. Мұндай әлеуметтік пакет арнайы рәсімнен өтіп, белгілі бір өлшемдерге сәйкес келетін және белгілі бір мектептерге жұмысқа ауысатын мұғалімдерге беріледі. Нақты іске асыратын кейбір тетіктерін әлі де талқылыйтын боламыз", - деп айтты ол.

Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасы жоғары білім беруді дамытуға қатысты болды.

"Тағы бір бағыт – 5 шетелдік ЖОО филиалдарын ашу. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді. Біз осы бағыттағы жұмысқа кіріскенімізді атап өткім келеді. 2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды. Сонымен қатар Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталуда. Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалдары ашылады. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", - дейді Асхат Аймағамбетов.

Сөзінше, басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

"Сондай-ақ білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бойынша қосымша гранттар бөлу жоспарлануда. Аталған мақсатты гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінеді. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бойынша бітірушілердің жұмыспен қамтуды шарттардың бірі ретінде бекіту ұсынылады. Осы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өседі", - деп жазды министр Асхат Аймағамбетов.