Әкім кірпіші бар, "растворы" жоқ құрылысшылардың үстінен түсті

0
983

Өскеменнің әкімі құрылыс алаңында көзбояушылыққа куә болды


Әкім кірпіші бар,

ERNUR.KZ. Балабақша құрылысымен танысуға барған Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар көзбояушылықтың үстінен түсті, деп жазады ҚазАқпарат.

Сенбі күні қаладағы құрылыс нысандарына бас сұққан қала әкімі құрылысшылардың жасанды әрекетін әшкерелеген. Бұл туралы әкімдіктің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.

Өтепов көшесінің бойынан орын тебетін 250 орындық балабақшаның құрылысы әкімдіктің ерекше назарында. Өйткені, нысан мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатыр. Мердігер - «ВК Техногрупп» ЖШС. Өткен жылдың наурызында басталған құрылыс жұмыстары биыл тамызға дейін бітуі керек. Құрылыс қарқынын көру үшін келген шаһар басшысы нысан басындағы он шақты адамның көз алдау үшін ғана жүргенін байқап қалса керек. «Кірпіш қалап жатқан» жұмысшыларға жақындап келгенде қолдарында кірпіш арасына жағатын балшық та жоқ болып шыққан.

«Жасанды әрекетке жол берген құрылыс компаниясына жұмысты ширату жүктелді. Қала әкімі сенбі-жексенбіге қарамай, ашық күннің бәрін тиімді пайдалану керектігін ескертті. Ал құрылысшылар жұмысқа қарқын қосуға уәде берді. Бұдан былай нысан қалалық құрылыс басқармасының жіті назарында болады» - дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әлібек Түрсімбетов.