Әкімдіктерге мектеп пен аурухана құрылысы үшін жер учаскелерін алу құқығы беріледі

0
2 487

Құрылысқа арналған жер учаскелері оны сату немесе жалға алу құқығы жөніндегі сауда-саттық қағидаларына сәйкес беріледі.


Әкімдіктерге мектеп пен аурухана құрылысы үшін жер учаскелерін алу құқығы беріледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда жергілікті атқарушы органдарға тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар үшін жер учаскесін алу құқығы берілуі мүмкін. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Биыл 26 қаңтарда үкіметтің кеңейтілген отырысында президент тұрғын үй саясатын жетілдіруді тапсырған болатын.

"Тапсырманы орындау аясында жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік нысандар (мектептер, ауруханалар) мен тұрғын үйлер салу үшін құрылыс салушының өз қаражаты есебінен жер учаскелерін алу құқығын беру ұсынылады. Бұл ретте салынып жатқан тұрғын үй көлемінің 50%-і "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасында белгіленген баға параметрлері бойынша берілуі шарт", - деді Атамқұлов үкімет отырысында.

Сондай-ақ, егер бұл нысандар құрылыс салушының өз учаскесінде салынған жағдайда, балама жер учаскелерін беру немесе құрылыс салушының шығындарын өтеу ұсынылып отыр.

Министр құрылысқа арналған жер учаскелері оны сату немесе жалға алу құқығы жөніндегі сауда-саттық қағидаларына сәйкес берілетінін атап өтті.

Биыл республикада 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік инвестиция есебінен кезекте тұрған 31,3 мың адамға қолдау көрсетіледі. 22,5 мың әлеуметтік баспана салынып, сатып алынады және кезекте тұрғандарға 8,8 мың жеңілдетілген қарыз беріледі.

Бұған дейін Бейбіт Атамқұлов азаматтар мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына тек бір рет қатыса алатынын мәлімдеген еді.