Ақмола облысында әкесі мен кішкентай қызы сарқырамаға құлап кетті

0
804

Әлеуметтік желілерде оқыс оқиғаның видеосы жарияланды.


Ақмола облысында әкесі мен кішкентай қызы сарқырамаға құлап кетті

ERNUR.KZ. Ақмола облысына қарасты Үлгілі сарқырамасы маңында демалып жүрген ер адам кішкентай қызымен бірге ағысы қатты суға құлап кеткен. Куәгерлер түсіріп алған оқыс оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерге тарап кетті, деп жазады Azattyq Rýhy.

Instagram желісіндегі kokshetauasia парақшасында жарияланған бейнекадрлардан ер адам мен қыз баланың су бойымен ағып бара жатқанын көруге болады. Келесі бір сәтте ер адам баласын құшақтап алған қалпы жанталаса су ортасында жатқан тастан ұстай алады. Видеодан оқиға куәгерлерінің жанұшыра айқайлаған дауыстары естіледі.

«Үлгілі сарқырамасы. Сарқырама жанында абайлап жүріңіздер. Олардың жағдайы жақсы деп үміттенеміз», - делінген жазбада.

Зеренді аудандық әкімдігі осы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«17 сәуір күні сағат 16.35-те Зеренді аудандық ауруханасына Көкшетау қаласында 2015 жылы туған бала түсті. Ол жеңіл жарақаттар алған, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді, ауруханаға жатудың қажеті болмағандықтан, үйіне жіберілді. Басқа ешкім зардап шеккен жоқ», - деді аудандық әкімдік өкілдері.

Куәгерлердің айтуынша, әкесі кішкентай қызымен бірге сарқырама алдында суретке түспек болған. Қыздың анасы мен өзге демалушылар ер адамды райынан қайтармақ болған, алайда оны көндіре алмаған. Артынша қыз тастан құлап кетіпті, сол сәтте оны құтқармақ болып әкесі суға секірген. Қуантарлығы, екеуі де судан аман-есен шығарылған.