Ақмола облысында лауазымды шенеунікті мүгедек қылған қаскөйлер әлі бостандықта жүр

0
921

Болған оқиғаға қатысы бар адам бейнебақылау камерасына түсіп қалған


Ақмола облысында лауазымды шенеунікті мүгедек қылған қаскөйлер әлі бостандықта жүр

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Степногор қаласында әкімнің аппарат жетекшісіне шабуыл жасаған адамды полиция әлі күнге дейін ұстаған жоқ, деп жазады ktk.kz.

1 жарым жыл бұрын болған оқиғаға қатысы бар адам бейнебақылау камерасына да түсіп қалған еді. Қазір 33 жастағы Владимир Бессуднов – екінші топтағы мүгедек. Жиі есінен танып қалатын дардай азаматты ата-анасы балаша бағып отыр. Олар қылмыскердің бостандықта тайраңдап жүргеніне налиды.

Оқиға осыдан бір жарым жыл бұрын болған. Степногорде «қала күні» аталып өтіп, мерекелік шаралардан соң, қала әкімі аппаратының жетекшісі Владимир Бессуднов, үйіне қайтып келе жатқанда соққыға жығылған болатын. Ол өзіне ту сыртынан төнген қауіпті сезбеген де.

Шенеунікке жасалған шабуыл бейнебақылау камерасына түсіп қалған еді. Онда қолына таяқ ұстаған адамның аса бір сақтықпен Владимир Бессудновтың соңынан еріп келе жатқаны анық көрінеді. Сол жолы көпқабатты үйдің ауласынан ес-түзсіз күйде табылған ол, 23 күн комада жатып, ес жиды. Дәрігерлер екі рет ота жасап бас сүйегінің сынған бөлігін пластикпен ауыстырған.

Лариса Бессуднова, В. Бессудновтың анасы:

- Екі бірдей бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Қалайша полиция оны таба алмай отыр? Прокуратураға да шағымдандық. Қылмыскер бостандықта. Ұлым мүгедек болып қалды.

Жалғыз қалдыра алмаймыз. Көшеде де еріп жүру керек. Ауы-ауық есінен танып құлап қалады. Владимирді басынан ұрып жыққан жігіт оны тонап та кеткен. Аяқ киімі мен қолындағы жүзігін, қалтасындағы әмиянын алған. Оқиғаны көрдік деген куәгерлер де болды. Бірақ полиция қылмыскерді әлі іздеп жатырмыз дейді.

Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Қылмыстық Кодекстің 191-бабының 2-тармағы бойынша, яғни «тонау» деген айыппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі кешенді тергеу амалдары жүргізілді. Ешқандай нәтиже бермегендіктен, іс уақытша тоқтады. Бірақ жедел іздестіру шаралары жалғасып жатыр.

Жалғыз ұлдарының мынадай мүсәпір халін көріп отырған әке-шешенің де денсаулығы сыр берген. Енді полиция қылмыскерді таппаса, елордаға дейін жетеміз -дейді қос зейнеткер.