Ақмола облысында малшының төбесіне жай түсіп мерт қылды

0
663

Оқиға Обалысай ауылынан 5-6 шақырым қашықтықтағы жайылым жерде болған.


Ақмола облысында малшының төбесіне жай түсіп мерт қылды

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Жарқайың ауданында мал бағып жүрген ер адамның төбесіне найзағай түсіп мерт қылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

47 жастағы ер азамат Обалысай ауылындағы шаруа қожалығында жұмыс істеген. Ол жексенбі күні әдеттегідей қожалыққа тиесілі малды бағуға шығып, ауылдан 5-6 шақырымдай жер ұзап кетіпті.

Төбеден түскен найзағайдан малшының астындағы аты да өліп кетті.

«Өкінішке қарай, адамдар көп жағдайда табиғи құбылыстардың қауіп-қатерін елеп-ескере бермейді. Біріншіден, күн күркіреп, найзағай ойнаған кезде ашық алаңқай жерлерде жүруден аулақ болған жөн. Найзағай көп жағдайда сол маңдағы ең биік нүктеге түседі. Ал, ашық жайылымда ат үстіндегі адам дәл сол жерде ең биік нүкте болғаны анық. Егер қандай да бір себептермен күн күркіреген тұста ен далада қалып қойған жағдайда, сол жердегі ойпатты сайларда, арықтар мен егістіктің ойлы жерлеріне жасырынған жөн. Жүрелеп жатып, басты қолмен көлегейлеп жауып жатқан дұрыс. Екіншіден найзағай ойнап, күн күркіреген кезде жаңбырдың астында суда қалудан сақтану керек. Өйткені, су электрді өткізуші. Найзағай су қоймасының жанындағы 100 метр радиуста әсер етеді. Көбінесе көл жағалауына түседі. Сондықтан мұндай жағдайда көл жағасынан аулақ болып, шомылудан және балық аулаудан бас тарту қажет», - дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінен.

Құтқарушылар сонымен қатар, күн күркіреген кезде мобильді телефонмен сөйлесудің қауіптілігін еске салды. Жауын-шашын болып, найзағай жарқылдаған сәтте металл заттарды, сағат, алқа сияқты әшекей бұйымдарды тағудан да аулақ болуға шақырады.